Тоқаев жас ғалымдардың елге пайдасы тиетін жұмыспен айналысқаны жөн екенін айтты

31 Мамыр, 17:21 766

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақтың білімді, отаншыл, мемлекетшіл болуы маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің сөзінше, Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Қаныш сияқты арыстардың зиялылығы талайды таңғалдырған.

Өзге жұрттың қазақ туралы пікірі осындай тұлғаларымыз арқылы қалыптасқан. Қазір де өзінің білімі, өнері арқылы әлемді мойындатып жүрген жастарымыз аз емес. Олар кез келген тілді тез меңгеріп алады. Қандай ортаға да жылдам бейімделеді. Бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде таниды. Білімпаздық, еңбекқорлық, алғырлық пен жасампаздық – қанымызға сіңген қасиет. Осы қасиеттерімізді әрдайым тиімді пайдалана білуіміз керек. Біз қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артамыз. Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл кеңес талапты жастардың басын қосып, ғылым жолына жұмылдырады деп сенемін. Шәкәрім «Жас көңілде жарық бар» деп айтқан, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Тоқаев жастарымыз жасампаз және жаңашыл болуының маңыздылығына тоқталды.

Жастық шақ – уақытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез. Академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы – осының жарқын мысалы. Ғұлама ғалым небәрі 25 жасында «Алгебра» оқулығын жазуға кіріскен. Ал 30 жас шамасында Жезқазғандағы кен орнын ашқан. Жас ғалымдарымыз туған еліне пайдасы тиетін жұмыспен айналысқаны жөн. Ұрпақтың білімді, отаншыл, мемлекетшіл болуы маңызды. Жастарымыз Адал азамат болуы керек. Еліне, өз ісіне адал азаматтар ғана Қазақстанды көркейте алады, - деді Президент.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: