Тоқаев «Яндекс Global» компаниясының бас директорын қабылдады

16 Сәуір, 15:37 379

Мемлекет басшысы «Яндекс Global» компаниясының бас директоры Даниил Шулейконы қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Yandex Qazaqstan компаниясының еліміздегі қызметінің негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлары талқыланды. Әсіресе, интернет-платформа арқылы халықты жұмыспен қамту, жасанды интеллект (AI) технологияларын дамыту және ұлттық мәдени мұраны цифрлық кеңістікке енгізу мәселелері ерекше назарда болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Yandex Qazaqstan-ның Қазақстандағы цифрлық трансформацияға қосқан үлесін жоғары бағалады. Ол компанияның шағын және орта бизнесті қолдау, азаматтардың өмір сапасын арттыру бағытындағы бастамаларына оң көзқарас білдірді. Сонымен қатар, мемлекет басшысы жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде ұлттық бірегейлікті сақтау мен қазақ тілі мен мәдениетін заманауи технологиялар арқылы ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Даниил Шулейко компания платформасы арқылы жұмыспен қамту жобасының нақты нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, бүгінде 65 мыңнан астам автокөлік жүргізушісі «Яндекс. Такси» серіктесі ретінде әлеуметтік қорғауға ие болып отыр. Сонымен қатар, Астанада жаңа инновациялық жобаларды іске қосу жоспарлары жөнінде баяндап, AI-Sana бағдарламасына қатысуға дайын екенін растады.

Компанияның еліміз экономикасына қосқан үлесі де айтарлықтай. 2024 жылы Yandex Qazaqstan Қазақстанға 29,5 млрд теңге көлемінде салық төлесе, 2016 жылдан бері жалпы инвестиция көлемі 225 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіштер Yandex-тің Қазақстандағы ұзақ мерзімді әрі тұрақты серіктестікке бейілді екенін айғақтайды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: