Тоқаев Якутия басшысы Айсен Николаевты қабылдады

8 Қыркүйек, 18:06 384

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаевты қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға арнайы келген Айсен Николаевпен кездесуде өңіраралық ықпалдастықты нығайту және екіжақты байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлер арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастардың ажырамас бөлігі саналатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Саха Республикасымен өнеркәсіп, сауда, IT-сектор, ауыл шаруашылығы және кен игеру индустриясы секілді түрлі салаларда ынтымақтастықты күшейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне назар аударды.

Айсен Николаев көрсетілген сый-құрмет үшін алғыс айтып, Якутия мен Қазақстан арасындағы байланыстарды кеңейтудің маңыздылығына тоқталды

Сондай-ақ ол басым бағыттарда бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізіп, алдағы уақытта екіжақты байланыстардың нығая түсетініне сенім білдірді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: