Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасын қабылдады

24 Шілде 2023, 12:04 683

Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Асхат Жұмағалидың баяндамасынан:

▪️сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сырттан талдау жүргізу кезінде жерді бөлу және Алматының қала құрылысын дамыту ісін жоспарлау барысында жиі қайталанатын заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталған;

▪️білім беру саласындағы бюджеттік өтінімдерді әзірлеу тетіктерінің жетілдірілмегеніне, қызметкерлерді бір орталықтан есепке алудың болмауына және қаржы жымқыруға әкеп соқтырған бухгалтерлік жүйелердің қазынашылықтағы деректер базасымен біріктірілуіне байланысты тәуекелдер анықталғаны жөнінде ақпарат берді;

▪️кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою үшін «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыру ісі жалғасатынын, сонымен қатар бұл бастама қолға алынған сәттен бері 21 мың бизнес субъектісіне көмек көрсетіліп, 400-ден астам түйткілді кейс шешімін тапқан;

▪️биылғы 6 айда 130 нысанға талдау және мониторинг жүргізілгені, жемқорлықты жоюға қатысты 1000-нан астам ұсыныс енгізілген;

▪️жыл басынан бері елімізде 1000-ға жуық сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, 700-ден астам адам әшкереленген. Оның 98-і түрлі деңгейдегі басшылар;

▪️сотқа дейінгі аяқталған тергеу амалдарының нәтижесі бойынша 232,6 миллиард теңге өтелген;

▪️1,5 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 860 миллиард теңге көлемінде мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстарды жалғастыруды, әсіресе әлеуметтік маңызы бар салаларға баса мән беруді тапсырды. Сондай-ақ алдын алу шараларының аса маңызды екенін айтты.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: