Тоқаев шетелде жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды елге шақырды

12 Сәуір, 13:40 695

Ақордада Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік ғылыми орталықтарда табысты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақырды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы жиында шетелдік ғылыми орталықтарда табысты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды Қазақстанға қайтару маңызды деген пікір айтылғаны және оны қолдайтынын жеткзді.

Мемлекет өз тарапынан мұндай ғалымдарға ұйымдастырушылық тұрғыдан және қаржылай нақты көмек көрсетеді.Шетелде жұмыс істейтін ғалымдарды бұған дейін де шақырғанбыз. Осы мәселені мұқият ойластыру керек. Ғылым өзінің ауқымы мен сипаты жағынан жаһандық деңгейде болғандықтан бұл жерде жалаң патриотизмге берілу орынсыз. Әйтсе де Қазақстан ақыл-ойдың жаһандық бәсінен тыс қалмауы керек. Өте білімді адамдар, сұранысқа ие ғалымдар жақсы жалақы, зерттеуге қолайлы жағдай іздеп немесе жай ғана жаңа тәжірибе үшін басқа мемлекеттерге жиі қоныс аударады. Мықты ғалымдардың келуі еліміздің дамуына тың серпін береді әрі адами капиталдың сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді. Мұны әлемдік тәжірибе анық көрсетіп отыр, - деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеп, шетелден білікті мамандар мен ғалымдарды тарту мақсатында барлық мүмкіндікті қарастырған жөн. Ол үшін елімізде табысты еңбек етуге қолайлы жағдай жасау керек.

Жалпы, мемлекет, ғылыми қоғамдастық және бизнес арасындағы жасампаз серіктестік отандық ғылымды өрге сүйрейтін негізгі шарт екеніне сенімдімін, - деді Мемлекет басшысы.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: