Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

Бүгiн, 09:08 161

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрметті отандастар! Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құтты болсын! Бұл – мемлекетіміз үшін айрықша мәні бар мейрам. Жұртымыз ортақ құндылықтарға негізделген жасампаз мақсаттарға жету жолында бар күш-жігерін жұмылдырып, болашаққа сеніммен қадам басып келеді. Кең байтақ жерімізде түрлі этнос өкілдері өзара келісімде, тату-тәтті өмір сүріп жатыр, - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толғанын атап өтті.

Осы бірегей ұйым әуел бастан еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың жаршысына айналды. Ассамблея азаматтарымыздың өзара құрметі мен ырысты ынтымағына сүйеніп, ұлтты ұйыстыруға елеулі үлес қосып келеді, - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, халқымыздың ауызбіршілігі мен тілеулeстігінің арқасында мемлекетіміз дамып, қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асырыла береді.

Еліміз теңдікке, өзара сенімге және мәдени әралуандылықтың жасампаз әлеуетіне арқа сүйеп, ел бірлігін одан әрі нығайта түседі. Біз жұрт болып жұмыла білсек, кез-келген сынақты еңсеріп, биік белестерді бағындырамыз. Ұлтымыздың арман-мұраты – Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз. Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Бірлігіміз бекем, аспанымыз ашық болсын! , - делінген құттықтауда.

Перизат Саденова
Бөлісу: