Тоқаев паралимпиада жүлдегерлерін марапаттады

14 Қыркүйек, 12:01 467

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиада жүлдегерлерін және бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Париж қаласында өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар мен атлеттердің жаттықтырушылары мемлекеттік марапаттарға ие болды.

Атап айтқанда:

Алтын медаль иегерлері Дегтярев Давид Мамиевич І дәрежелі «Барыс» орденімен, Науатбек Ақмарал Маратқызы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Күміс медальға қол жеткізген Ғаббасов Еркін Тілеуғабылұлы, Жұмағали Нұрдәулет Мақсұтұлы және Шәмей Ерғали «Парасат» орденінің кавалерлері атанды.

«Құрмет» орденімен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Мұқашбеков Дастан Мұратұлы, Райфова Зарина Райфқызы, Федосова Даяна Владимировна және Шүкірбеков Жұрқамырза Бақытұлы марапатталды.

Ұлттық құрама бас бапкерлері мен спортшылардың жеке жаттықтырушыларының арасынан 5 азаматқа «Парасат» ордені, 7 адамға «Құрмет» ордені берілді. Сонымен қатар, екі жаттықтырушы Президенттің Құрмет грамотасын иеленді.

Парадзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Жандос Қиянов осыған қатысты пікір білдірді.

Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығы шықты. Паралимпиадашылар мемлекеттік наградаға ие болды. Өте қуаныштымыз! Оларға қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Парижге 10 дзюдошы апардық. Соның бесеуі медаль алды. Чемпион да шықты, күміс және қола жүлдегер де бар. Меніңше, бұл жақсы жетістік. Олардың осы жарысқа қалай дайындалғанын мен жақсы білемін. Көп тер төкті. Үздіксіз жаттықты. Тынбай дайындалды. Еңбек ақталды. Халық та риза деп ойлаймын. Паралимпиадашылардың Париждегі жеңістері біздің қоғамда үлкен дүмпу тудырды. Өйткені олар қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарасты өзгертті. Қазір он екі мүшесі сау адамдардың өзі өмірден түңіліп жатады. Ал бұл кісілер бәрі адамның өзіне, еңбегіне байланысты екенін көрсетті. Адал еңбек қана жетістік әкелетінін дәлелдеді. Әркім бәрін өзінен бастауы керек екенін жеткізді. Қазір елімізде түрлі өзгерістер болып жатыр. Пара спортта да оң өзгерістер барын айтқым келеді. Бұрынғыдай емес, қазір мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Оқу-жаттығу жиындары ойдағыдай өтеді. Біз соны сезініп отырмыз. Париждегі нәтиже соның дәлелі. Сондықтан елімізді басқарып отырған Мемлекет басшысына, барша қолдаушыларға, жанкүйерлерге рахмет айтамын. Сіздер қолдасаңыздар, біз әлі талай жеңіске жетеміз. Оған күмәніңіз болмасын! - деді ол.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: