Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд Премьер-министрінің міндетін атқарушы Марк Рюттемен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Нидерланд тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд Премьер-министрінің міндетін атқарушы Марк Рюттемен телефон арқылы сөйлесті.
Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Нидерланд арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларына баса мән бере отырып, екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін қарастырды.
Нидерланд еліміздің экономикасына тікелей инвестиция құю жөнінен бірінші орында тұр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық 26 пайызға артып, 6 миллиард долларға жақындады.
Марк Рютте екі елдің арасындағы қарым-қатынастарға жоғары баға берді. Оның айтуынша, Нидерланд Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктес ретінде қарастырады.
Халықаралық күн тәртібін талқылау аясында Мемлекет басшысы бейбітшілік пен келісім үшін барлық елдің жан-жақты ынтымақтастығын БҰҰ Жарғысының қағидаттарына сай жолға қою маңызды екенін атап өтті.