Тоқаев кинорежиссер Тимур Бекмамбетовпен кинематография саласын дамыту мәселесін талқылады

15 Тамыз 2023, 14:30 702

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында еліміздегі кинематография саласын дамыту перспективалары, креативті индустрия мамандарын оқыту, отандық киноконтенттің көлемін ұлғайтуға жағдай жасау және кинематографистерді қолдау мәселелері талқыланды.

Тимур Бекмамбетов дәстүрлі мамандық иелерін (ұстаздар, әртістер, суретшілер және тағы басқалары) цифрлық креативті индустрияға қажетті мамандықтарға қайта даярлау жөніндегі жобаны өзге елдерде жүзеге асыру тәжірибесін бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың дамуына жағдай жасап, шетелдік мамандарды тартуға мүмкіндік беретін «Кинематография туралы» заңның маңызды рөлін атап өтті.

Мемлекет басшысы әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, отандық кино индустриясын жаңғырту қажет екеніне баса назар аударды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: