Тоқаев Киевте қазақстандық журналиске жасалған қастандық туралы пікір білдірді

19 Маусым, 12:47 548

Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді Президент.

Айта кетейік, 2024 жылдың 18 маусымында Киевте журналист Айдос Садықовты атып кетті. Киев прокуратурасы қасақана кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеуді бастады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: