Тоқаев: Франция – Қазақстанның аса ірі сауда серіктестерінің бірі

5 Қараша, 17:59 482

Мемлекет басшысы Франция президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция тарапының қазақ делегациясын ыстық ықыласпен қарсы алғанын атап өтіп, Эмманюэль Макронға алғыс айтты.

Осы сапарыма айрықша мән беремін. Бұл Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі болмақ. Бүгінгі келіссөздер және қабылданатын Бірлескен декларация әріптестігімізді күшейтілген стратегиялық деңгейге көтеруге ықпал етеді. Осы орайлы сәтте Сізді Парижде өткен отыз үшінші Олимпиада және Паралимпиада ойындарының табысты өтуімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл жаһандық спорттағы аса ауқымды әрі айтулы оқиға екені анық. Әлем жұртшылығы жоғары деңгейде өткен додаға куә болды. Сіздің еліңіз 2030 жылы француз Альпілерінде жиырма алтыншы Қысқы Олимпиада ойындарын да тамаша деңгейде ұйымдастыратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентінің былтыр Астанаға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдер қазақ-француз байланысын жан-жақты тереңдетуге зор серпін бергенін айтты.

Қазіргі таңда мемлекеттеріміз арасында белсенді және сенімді саяси диалог бар. Қазақстан мен Франция халықаралық сахнада тығыз байланыс орнатып, көпжақты құрылымдар аясында бейбітшілік пен орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуде. Франция – біздің аса ірі сауда серіктестеріміздің бірі. Сіздің еліңіз Қазақстан экономикасына мол инвестиция салып отырған жетекші елдердің қатарында. Бүгінде Қазақстанда француз капиталы бар 200-ден астам компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда белсенді жұмыс істеуге ынталы француз бизнес өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті мәдени-гуманитарлық байланыстар, соның ішінде білім беру, ғылым, медицина және тарих салаларындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Сондай-ақ әлемге әйгілі Гиме мұражайында ашылған Қазақстаның ұлттық өнеріне арналған көрмені айрықша ризашылықпен атап өтті.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі сапардың қорытындылары қос халықтың өркендеуіне игі ықпал ететініне сенім білдірді.

Франция президенті қазақ-француз ынтымақтастығының дамуына тың серпін беретін келіссөздердің маңызына тоқталды.

Сіздің арқаңызда соңғы жылдары екі ел арасындағы серіктестік айтарлықтай нығайды, – деді Эмманюэль Макрон.

Келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары машина жасау, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіптік кооперация, климат, цифрлық даму және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективасын егжей-тегжейлі талқылады. Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға мән берілді.

Президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселе жөнінде пікір алмасты.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: