Тоқаев: Бақытты шаңырақ – мемлекеттің мызғымас тірегі

15 Мамыр 2023, 15:56 1326

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Отбасы күніне орай ата-аналар қауымдастығына құттықтау сөз арнады, деп хабарлайды EL.KZ ақпараттық агенттігі.

Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады. Халқымыз қашанда шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Бүгінде бұл қасиеттер ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады, – делінген президенттің құттықтауында.

Сондайақ мемлекет басшысы отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның міндеті екенін айтты.

Ана мен баланы қорғау – біздің саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Отбасы құндылықтарын сақтауға және дәріптеуге ата-аналар қауымы да зор үлес қосып келеді. Сіздер әрбір перзенттің тағдырына алаңдап, Отанымыздың болашағын ойлап, шынайы жанашырлық танытып жүрсіздер.  Сіздерге және барша отандасымызға амандық, бақ-береке тілеймін! Жасампаздыққа толы игі істеріңіз табысты болсын, – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 15 мамыр - халықаралық   отбасы   күні.  Атаулы күн  1993  жылы  БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу түрлі мемлекеттерде қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған. Отбасы күні алғаш рет 1994 жылы аталып өтті.

EL.KZ
Бөлісу: