Тоқаев БАӘ Вице-президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

18 Қаңтар 2023, 16:29 1181

Бұл туралы Ақордадан мәлім етті

Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені үшін шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумға алғыс айтып, Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары аясында нәтижелі келіссөздер жүргізілгенін және екі ел арасында маңызды екіжақты келісімдерге қол жеткізілгенін атап өтті.

Әңгімелесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әмірліктердің басты қаржы институттарымен қарым-қатынас орнатқанына тоқталып, екі елдің іскер топтары арасындағы байланысты жандандыру мәселесіне назар аударды.

Өз кезегінде шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум Президенттің шақыруын қабыл алып, Қазақстанға сапар шегу зор мәртебе екенін айтты. 

EL.KZ
Бөлісу: