Топырақсыз өскен өсімдік

21 Сәуір 2019, 13:52 9780

Гидропоникалық технология деген не? Топырақсыз өскен көкөніс қалай жетіледі?  

Халық санының өсуі елімізде азық-түлік саласының дамуына айтарлықтай оң әсер етті. Төрт түлікке қатысты дәстүрлі мал шаруашылығынан басқа, балық шаруашылығы, бал шаруашылығы қатарлы жаңа салалар дамып жетілді. Бұрын құс шаруашылығында атын көп ести бермейтін кекілік, күркетауық, бөдене сияқты құстарды қолда бағып, елеулі табыс тапқандардың қатары молайды. Міне, осы жаңа арналардың ішінде тағы бір тың бағыт – жылыжай шаруашылығы. Бұл да соңғы уақытта көптің қызығушылығын тудырып жүрген агро өнеркәсібі. 
Жылыжай кешенінің жалпы барысымен танысу, көкөністердің өскен ортасын көріп, жаңа технологияның жай-жапсарынан хабардар болу үшін біз Алматы облысының Шонжы ауданында орналасқан шаруа қожалығының біріне жол тарттық. 
    

Шонжыға сапар
Шонжы – Алматы облысының Қытаймен шектесетін аудандарының бірі. Шығыстағы көршімізбен қатынастыратын екі өткел осы Алматы облысында. Оның бірі – халықаралық Қорғас өткелі де, екіншісі – Қалжат шекарасы. Біз бет алған шаруа қожалығы Қалжат шекарасына жақын болып шықты (Шонжы ауданынан оңтүстік шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан).
Қаладан арқан бойы көтерілгенде жолға шыққан біз 5 сағат дегенде межелі жерге жеттік. Бізді шаруа қожалығының егесі Стақан ағамыз қарсы алды. Үлкен аумақты алып жатқан алапта жылыжай кешенінен басқа да біраз нысан бар. Ал төрт тарабы әйнекпен қоршалған жылыжай құрылысы күнге шағылысып, анадайдан жарқырай көрінеді. 

Ыстық ықылас
Стақан аға бізді бірден жылыжай кешеніне бастаған жоқ. Әуелі  кабинетінде қабылдады. Осылайша саяхатымыздың әлқисасын өзара танысудан, жылыжай туралы сұхбат құрудан бастадық. Емен-жарқын өрбіген әңгіме барысында телефондағы өтінішімізді тойтармай, бірден келісімін берген ағамызға рақметімізді білдіріп, келу мақсатымызды жүзбе жүз тағы да тәптіштеп түсіндірдік. Алғашқыда аңғармағанымызбен кейін әңгіме ауанынан ағамыздың жасы 80-ге тақағанын білдік. Десе де қарияның тұла бойы тұнған энергия. Алдағы жоспары да тәнті етерлік. Әсіресе, таяу жылдарда  күн энергиясы стансасын құру туралы жобасы көңіл қуантты.  Шаруашылықты шырқ үйіріп отырған ағамыздың, тәңірі қуат берсе, ол жоспарын да ойдағыдай атқаратынына сендік. 

Бізді қызықтырған сұрақтың бірі жылыжай кешенін салу идеясының қалай пайда болғаны  еді. Әрине, ол сұрағымызға жауап таптық. Сөйтсек, қымбат уақытын бөліп, тәжірибесімен бөлісіп отырған ағамыз бұған дейін де айтулы жобаларды атқарған іскер тұлға екен. Қазақстан тәуелсіздігін алмаған кеңестік кезеңде көптеген жауапты басшылық қызметтер атқарыпты. Ал бертінгі өз тізгінімізге өзіміз иелік еткен тұста құрылысы тоқтап қалған Кегендегі Мойнақ ГЭС-інің жандануына ықпал еткен, Елбасыға осы жобаның маңыздылығын айтып, шетелден инвестиция енуіне қадари халінше еңбек еткен іскер азамат болып шықты. Осындай ірі жоба, әйдік құрылыстардың бастаушысы болған ағамыз енді міне жылыжай кешенін де дөңгелетіп отыр. 

Қазақстанда күн нұры ең ұзақ түсетін нүкте
Жылыжайдың Алматы қаласына жақын жерден емес, әлдеқайда алыс Шонжының шетінен салынуында да себеп бар екен. Осы кешенді саларда Стақан Белғожаев ағамыз көп зерттепті. Егер жылыжайдың өндірісіне қажетті үш шарт бар десек, олар: күн нұры, су және жылу. Ал БҰҰ-ның Қазақстандағы филиалының дерегінше Қазақстандағы күн нұры ең ұзақ түсетін нүкте – дәл осы Қарадала жазығы. Яғни Қарадалада өскен өсімдіктер өзге өңірге қарағанда күн нұрын ұзақ жұтады. Бұны бір десек, тағы бір артықшылығы, бұл мекенде тәңірінің берген сиындай болып, жер астынан жылы су атқылап шығып жатыр. Ал ол жылы су кешенді жылытуға тегін энергия көзі. Әдетте өзге жылыжай кешендері газ бен отынға табысының едәуір бөлігін шығындап жатса, біздің кейіпкеріміз оны екі есеге дейін қысқартыпты. 

Кешен құрылысы
Өткен 90 жылдардағыдай емес қазір агробизнес саласы жаңа талап, әлемдік стандарттарға ауысқан. Малшаруашылығында мал басын асылдандыру мен сапалы тұқым өсіруге мән берілсе, жылыжай шаруашылығында жоғары технология, өнімділік алғашқы орында. Саннан гөрі сапаның маңызы артқан. Біз экскурсиялаған кешен де голланд технологиясымен салынған, кәсіби талаптың үддесіне толық жауап беретін заманауи нысан екен. 
Биікті 8 метр кешен аумағы 1,6 гектар көлемді алып жатыр. Төбесі мен қабырғалары қос қабаттан тұратын шыны материалымен жабылған. Арнайы шыны жабындыны қолдану себебі, біріншіден, күн нұрының толық өтуі керегінен болса, екіншіден, арасында саңлауы жоқ тұтас қалпын сақтауынан деп түсіндірді. Алайда бұл шыны материалының бір әлсіз тұсы бар болып шықты. Қаншама дүлей желде еш мізбақпайтын әйнек қатты тиген ұсақ қиыршық тастан шытынап кетеді екен. 
Голланд технологиялы жабық топырақты жылыжай кешені біздің Қазақстан климатына анық үйлесетінін айтқымыз келеді. Әсіресе, қысы біршама суық және ұзаққа созылатын солтүстік аймақтарда мұндай кешен өз тиімділігін әйгілей алады. Әдетте мұндай кешендердің орташа биікті 8 метр шамасында келсе, басқа елдерде одан да биік, тіпті 14-16 метрге дейін жететін көрінеді. Бұл технологияның ерекшелігі қаншалық биік болса, солғұрлым өнімділік те жоғары бола түспек. 

Автоматтандырылған жүйе
Кешен ішіндегі температура түгелдей компьютердің бақылауында. Жылыжайда өсіп тұрған қиярға қажетті целси градустан ауытқымайды. Егер күн нұры қатты түсіп, жылыжайдың іші межелі температурадан көтеріле бастаса, төбедегі әйнектер автоматты түрде ашылып, ішке сырттың салқын ауасын енгізеді немесе әр-әр жерде орнатылған желдеткіштер іске қосылады. Қатты қапырық іштегі ылғалды азайтса, төбедегі кішкене түтіктерден  су бүркіледі. Күн еңкейіп, кеш батқанда қабырғадағы шымылдықтар түсіріледі. Мұның себебін сұрағанымызда кешеннің бас меңгерушісі Шәкәрім: «бұл күндізгі алған жылудың сыртқа тарап кетпеуін, жылыжай ішінің бірқалыпты температурасын сақтау мақсатынан»,– деп түсіндірді. Оның өзін жазылып бекітілген бағдарламаға сай компьютер өзі автоматты меңгереді екен. 
Егер жылыжай көкөнісінің ең әлсіз тұсы болса, ол салқын тиіп, ауырып қалуы ма деп ойладық. Бұл ой бізге қат-қабат жылу трубаларын көргеннен кейін туындады. Ең төменгі табалдырықтағы бір қабат, одан 1 метр биіктікте екінші қабат (бұл көкөністік сабағының өскеніне қарай биіктеп отыратын қозғалмалы жылу трубасы), өсімдіктің жоғары тұсына  үшінші қабат, оданда жоғары төбедегі әйнекке жақын тағы бір қабат, барлығы 4 қабат жылу трубалары кешен ішіне жылу таратып тұр.     

Мақта VS Топырақ 
Жылыжайға келгендегі бізді ең таң-тамаша еткені ол – өсімдік өсетін топырақтың жоқтығы еді. Кіргеннен-ақ теп-тегіс цементтелген, қылаудай шаң ұшпайтын жылыжайды әуелде өсімдік өсетін орыннан гөрі зауытқа көбірек ұқсаттық. Ешқандай топырақсыз мақта үстіне отырғызылған көкөністі көріп, біразға дейін қабылдай алмағанымыз рас. Онда да өзімізді күштеп қана нандырғандай болдық. Көпке дейін көңіл сенбегені бұрынғы дәстүрлі көзқарас әбден миға қатып-семгендіктен еді. «Топыраққа тамыр тартпаған өсімдік адам ағзасына зиян емес пе, топырақтан алатын құнарды қалай сіміреді?» деген сықылды бірқыдыру сұрақты бірінен кейін бірін төпей беріппіз. Барлық сұрақтың жауабын Шәкәрім бізге мұқият айтып берді. 
Біз көрген мақта топырақ орнына пайдаланылатын минералдық мақта екен. Ол Бразилия сияқты ыстық белдеуде өсетін какостың үгітіндісі болып шықты. Жасанды топырақ ретінде қолданатын бұл материалдың негізгі функциясы тамырды жібермей ұстау ғана. Тоқтаусыз істеткенде бір жарым жыл шамасындай мерзімге жарайды. Одан кейін ауыстыруға тура келеді. 
Жалпы минералды мақтаның өзі екі блоктан тұрады. Бірі кішкентай квадрат тектесі де (суретте көрсетілгендей), енді бірі кішкене квадрат минмақтаны орналастыратын 4 тұғыры бар ұзын төртбұрыштысы (бұл да суретте бар). Кішкентай квадратына дән себіліп, ол бүршік жарып шыққанға дейін сонда қонақтайды. Одан кейін қылтиып өсіп шыққаннан соң (тамыры ұзарып, түбінен асып кетпеген мезгілге дейін), ұзын төртбұрышты тұғырдың үстіне қойылады. Әдетте себілген дән 3 күнде кішкене квадрат минмақтадан бүршік жарып шығады да 15 сантиметрге жетерлік өскенген дейін осы кішкене минмақтада өнеді. Одан кейін кішкене квадраттың түбінен асып шыққан тамыр оның астындағы мақта қабатына қарай тамыр жаяды. Өсімдік мақтаның өзінен ешқандай қорек ала алмайды. 

«Системамен» қоректену
Голланд технологиясының өзегі не деген сұраққа ден қояр болсақ, онда оған өсімдіктерді топырақсыз, жасанды орта жағдайында өсіру деп жауап беуге болады. Бұл арадағы жасанды орта рөлін атқарып отырған минералды мақта. Минералды мақтаның өзі өсімдікке ешқандай дәрумен бөліп бермейді және өзі де ештеңе алмайды. Өсімдікке қажетті құнардың бәрі орталықтағы үлкен бөшкеде дайындалып, тиісті элементтер ерітіліп, сұйықтық күйінде түтікшемен келеді. 
Суару әдісінде тамшылатып суару тәсілін қолданады. Бұл әдістің ерекшелігі өсімдіктің өсіп-жетілуіне қажетті болған тыңайтқыштар мен химиялық макро және микро элементтер үйлесімді пропорцияда алдын-ала сұйықтық күйіне келтіріледі (су қосу арқылы араластырылып). Одан кейін ерітінді орталық тораптан автоматтандырылған жүйе арқылы әр блоктағы минералды мақтаға құйылып, тамырға қорек жеткізеді. 
Мұнан байқауға болатын бір артықшылық, дәстүрлі топыраққа отырғызылған өсімдіктерде тыңайтқыш тамырға біркелкі жетпей, топырақтың өзіне сіңіп кететін. Жер қыртысы ылғалды болмай, құрғап кепкен кезде тамырдың қысылып қалуы да бар жайт болатын. Ал голландиялық жүйе осы кемшіліктерді түгелімен жойып отыр. Яғни қоректің өсімдікке 100 пайыз толық жетуін қамтамасыз ете алуымен тиімді. Сонымен қоса бұл суару әдісінде бұрынғыдай тыңайтқыш та, су да рәсуа болып артық жұмсалмайды. Себебі суаруда сұйықтық бір-ақ рет қолданылмайды. Суарудан артылған суларды канализацияға немесе жерге ағыза салмай, қайтып жинап алып, екінші мәрте пайдалануға болады. Тек кезекті рет істеткенде зарасыздандырып барып, компьютер арқылы тыңайтқыш мөлшері мен дәрумен көлемін қайталай есептетуге турал келеді. 

"Босаңсуға орын жоқ!"
Сапа дегеннен шығады, голланд технологиясына дейін 90 жылдардан 2000 жылдар аралығында жабық топырақты жылыжай кешендері де біршама болды. Бірақ олардың ерекшелігі олар әйнектен емес, үлбірмен қапталған  еді. Үлбір жылуды ойдағыдай сақтай алмайтын болғандықтан қыста мүлдем өнім беруге дәрменсіз болатын. Ерте көктем, күз айларында өнім шығарғанымен де жылыжайды жылыту үшін қосымша газ, көмір, тоқ сияқты энергиялар жағылатын. Ал кәсіби деңгейдегі технологияның тиімділігі әлдеқайда жоғары. Себебі бұл жылыжай кешені гидропоникалық әдіспен жұмыс жасайды. Бұл тәсілді голландықтар өткен ғасырдың 40 жылдарынының ортасында ойлап тауып, содан бері үздіксіз жетілдіріп дамытқан екен. 
Нақты жиналатын өнімге келсек, голланд технологиясының арқасында Стақан аға жылыжайдан жаңа басталғанда күніне 3 тонна, кейіннен 8 тоннаға дейін өнім алады екен.  

Жылыжай жұмыс жүйесі тек өнім өндіруге ғана емес, сұрыптауға да барынша мән береді екен. Тым ұсақ, шөжігендерін немесе жарамайтындарын  теріп алып тастап, бірыңғайларын ғана қораптайды. Біз тұтынушылармен кері байланыс орнатқанбыз, – дейді Шәкәрім,– әр жіберген  партиямызға байланысты клиенттерге хабарласып, бағаларын сұрап біліп отырамыз. Өнім сапасына қатысты қандай да бір шағым түсетін болса, келтірген шығындарын өтеп беруге дайынбыз. Бірақ осындай жауапкершілікпен қарағандықтан болар клиенттер бізге сенеді. Ал біз өзімізге босаңсуға еш мүмкіндік қалдырмаймыз. Қазірге дейін еш шағым болған емес».    
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, жаңа технологиядағы кәсіби жылыжайдан орташа есепен бір түсімде гектарынан кем дегенде 200 тоннадай өнім алуға болады. Ал бұл топыраққа отырғызатын ескі жүйеден 5 есе артық болып отыр. Яғни бейнелі түрде ірі қара малымен мысалға етсек, асыл тұқымды бір сиырдан сауылатын сүтті, қарапайым нәсілді емес 5 сиырдан жинағанмен бірдей. 5 сиырға кететін жем-шөптің шығынын  тағы есептей беріңіз. 

Үлдір VS әйнек
Әр салаға дендеп енген жаңа технология біртіндеп ескіні ығыстырып, керектен шығарып келеді. Өмірдің өзінен мысал алсақ, екі ғасыр бұрынғы қауырсын қаламды авто қалам, ал авто қаламды бүгінгі таңда клав ауыстырған. Жылыжай шаруашылығында да осындай өзгеріс, бетбұрыстың беті қатты. Осыдан жиырма жыл бұрын жаппай қолданыста болған дәстүрлі өндіріс тәсілінің орнын голландық технология жаппай иемденуде. 
Жалпы бұл үрдістің жедел жүруіне еліміздің агробизнес саласындағы субсидия саясаты да әсер етіп отыр. Соңғы кезде Ауылшаруашылық министрлігі жылыжайларды қаржыландыру, субсидиялау саясатына біршама өзгерістер енгізді. Бұрын субсидияны жылыжаймен еңбектенетіндердің барлығы дерлік алып келген болса, енді тек жаңа талапқа үйлесетін ішінаралары ғана қол жеткізбек. Нақты  айтсақ, өндірісте голландтық технология пайдаланатын, ұйымдастырылуы біршама жоғары кәсіби кешендерге ғана берілетін болды. Өйткені үлдірден жабылған кешендер ерте көктем мен күз айларында өнім бере алғанымен, қыстың қақаған суығында олар да өнім өндіруге қауқарсыз. Ал бұл бәрібір нарықта бағаның көтерілуіне әкеліп соғатындықтан үкімет ендігі бағытта әйнек не шыны тектес материалдардан салынған, төрт маусымда бірдей күй талғамай өнім беретін голландтық технологияға ие кешендерге көмек қолын созып отыр. Тағы бір атап өтерлігі, субсидия бұрынғыдай тұқым, тыңайтқыш қатарлы барлық шығындарға емес, тек жылу мен жарыққа ғана төленбек. Ал кәсіби  жылыжайлар кешеннің аумағына байланысты әр гектары үшін де көмек ала алады. Бұл қадамдары арқылы тиісті министрліктің кәсіби жылыжай кешені мен өндіріс көлемін ұлғайтуды көздегені байқалады. 

Қияр әлде қызанақ?
Жіптің ұшын ұмсына бойлап өскен қияр сабағы бізге әдеттегі көз үйренген деңгейден тым биік көрінді. Мұның қандай да бір себебі бар-жоғын сұрадық. Жалпы жылыжай көкөнісінде сабақ биіктеген сайын беретін өнімі де молаяды екен. Тіпті, кейбір Израил, голландық сұрыптардың сабағы 13-14 метрге жететін көрінеді. Біз көз айым болып отырған жылыжай қиярлардың сабағын ондай биіктерге «жібере» бермейді екен. Мәнісін сұрап едік, жоғарылаған сайын түйіні биікке ұмтылып, арасы сирекситін болып шықты. Оның үстіне көкке өрлеген сайын ыстық ұрып, күйдіріп жіберуден сақтанады екен. Тағы бір тәжірибелік себебі жинақы өскені терімге пайдалылығынан болып шықты. 
Жылыжайда самсап тұрған қиярға қарап көңіліміз толды. Осынау өсімдіктің «тілін» тауып, күйін келтіріп, бабына жеткізіп отырған, әрине,  технология мен соған төгілген тердің жемісі. Шәкәрімнің жан-жақты таныстыруын мұқият тыңдап, көптеген танымға ие болған біздің көкейімізде іркіліп тұрған тағы бір сұрақ бар еді. Оны да қойдық. Ал Шәкәрім жылыжайда неліктен тек қияр ғана өсірілетініне байланысты өз ойын былай сабақтады: 
«Оның қандай да бір жұмбағы жоқ. Анау айтқандай коммерциялық та құпия емес. Бұл жылыжайда қызанақ қатарлы басқа да көкөністерді өсірдік. Ол да жақсы түсім беріп, көрнекті табыс әкелді. Бірақ өзі 1,6 гектар аумақ болғандықтан бөліп-жарып, ұсақтатпай, бәріне бірдей бір көкөніс түрін егу туралы шешім қабылданды. Ал басшылық құрам және бас агрономымыз жан-жақтылы сараптай келе осы қиярға тоқтадық».    
Иә, әр көкөністің өзінің күйі, бабы бар екені белгілі. Кейбірі кірпияз, тым сезімтал келсе, енді бірінің «мінезі» жұмсақ. Сондай-ақ пісіп жетілетін, дайын болатын мерзімдері де әр басқа. Айталық, қияр дән себілген күннен бастап 40 күнде толық жетіліп шығатын болса, ал қызанақтың нарыққа өтуі үшін 120 күн қажет. Есесіне қызанақтың нарықтағы бағасы қиярдан қымбаттау. Мысалы, біз экскурссиялаған сол уақытта әр килограмм қызанақтың құны 1200 теңге, қияр 700 теңгегеден бағаланып жатты.  

Жылыжай салуда нені ескеру керек?
Өсімдік ойдағыдай өсуі үшін су мен күн нұрынан басқа қажетті алғышарттардың тағы бірі – жылу. Қазақстан қысы суық, көктем-күз маусымдарында температура соншалықты жылы бола қоймайтындықтан біздің жылыжайларды жылытуға қосымша энергия жұмсалады екен. Ал бұл өнімнің өзіндік құнын қымбаттатады. Сатылымға түскенге дейінгі өзіндік құны қымбатқа шыққан тауардың шет елдердің арзан өнімдерімен бәсекелесуге шыдас бермей жататыны сондықтан екен. 
Тәжірибелі мамандардың кеңесінше, жылыжайлардан пайда табу үшін олардың аумағы тым кіші болмағаны абзал. Жылыжай көлемі кем дегенде 2 гектар болған жағдайда табыс түсімді болатын  көрінеді. Өйткені оның тең жартысы тоқ, су, жылу энергиялары мен тұқым сияқты міндетті шығындарды жапса, қалған аз бөлігінен ғана табыс түседі. Жылыжай кешені үлкен болған сайын, табыс көлемі де артады. Тағы бір ескерер жайт кешен электр, жылу стансаларына, газ құбырларына жақын болғаны тиімді. Өйткені жылыжайға беретін қосымша жылу солардан алынады.

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: