ТОП-5: Әр салада жетістікке жеткен әйелдер

8 Наурыз, 12:22 381

Әлемді өз талантымен, еңбегімен және табандылығымен бағындырған әйелдер – олар ғылым мен білімде және өнерде өшпес із қалдырды. Бұл мақалада әр салада өзіндік биікке жеткен бес ерекше тұлғаның тізімін ұсынамыз.

Күнсұлу Закария – қазақстандық танымал ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор және QazVac вакцинасын әзірлеушілердің бірі. Ол Қазақстанның ғылыми саладағы ең ықпалды әйелдерінің бірі ретінде танылған.

Фото: Ақорда

Күнсұлу Закария 1960 жылы 27 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазҰУ) биология мамандығы бойынша білім алып, кейін сол университетте ғылыми мансабын бастаған. 1988 жылы кандидаттық диссертациясын, ал 2002 жылы докторлық диссертациясын қорғап, биология ғылымдарының докторы дәрежесін алды. Күнсұлу Закарияның ең танымал жетістігі – COVID-19 пандемиясы кезінде QazVac вакцинасын әзірлеу. Бұл – Қазақстанда жасалған алғашқы отандық вакцина, ол инактивтендірілген вирус негізінде құрылған. Вакцина 2020 жылы әзірленіп, 2021 жылы сәуірде қолданысқа енгізілді. QazVac-тың клиникалық сынақтары сәтті өтіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) оны мақұлдаған вакциналар тізіміне қосты. Бұл жетістік Қазақстан ғылымының әлемдік деңгейдегі әлеуетін көрсетті.

Алтынай Нөгербек – қазақстандық театр және кино әлеміндегі талантты актриса. Алтынай 2016 жылы "Анаға апарар жол" фильміндегі рөлі үшін Францияда өткен "Vesoul International Film Festival"-де және Ресейдегі "Киношок" фестивалінде "Үздік әйел рөлі" жүлдесін жеңіп алды.

Фото: instagram.com/kaztheatre

Бұл оны халықаралық деңгейде танытқан алғашқы қадам болды. 2025 жылы Netflix платформасында көрсетілетін "Қарлаг" фильмінде ол "Анар" есімді кейіпкерді сомдайды. Бұл рөлді алу үшін ол Алматыда өткен кастингтен өтіп, өзін-өзі түсірген видеосын Испанияға жіберген. Режиссер Мигель Анхель Вивас "Анар ол –  Отан" деп оның рөлін жоғары бағалаған. 2016 жылы "Анаға апарар жол" фильмі Испанияда көрсетілгенде, Алтынай сол елге барып, испан көрермендерімен кездескен. Сол сапарда Қазақстан елшісі Бақыт Дүйсенбаевпен әңгімелесуі кейін "Қарлаг" жобасының идеясына түрткі болған. "Қарлаг" фильмі оның Netflix-тегі алғашқы жұмысы болмақ. Бұл жобада ол әлемдік деңгейдегі актерлар Мигель Эрран және Аарон Пиппермен бірге ойнайды, бұл оның мансабындағы жаңа белес.

Роза Рымбаева – Қазақстанның халық әртісі, қазақ эстрадасының аңызға айналған әншісі. Ол 1957 жылы 28 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Жаңғызтөбе станциясында теміржолшы отбасында дүниеге келген. 

Фото: әлеуметтік желі

Музыкалық мансабын ол 1970-жылдардың басында бастады. 1974 жылы Семей музыкалық училищесіне түсіп, кейін Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы театр және өнер институтының музыкалық-драмалық комедия факультетін 1984 жылы бітірді. 1975 жылы Ұлы Отан соғысының 30 жылдығына арналған республикалық байқауда Сейдолла Бәйтерековтың "Әлия" әнін орындап, бірінші орынды жеңіп алды. Осы жеңістен кейін ол "Гүлдер" ансамбліне шақырылды, онда болашақ жолдасы, дирижер Тасқын Оқаповпен танысты.

Роза Рымбаева 1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық конкурсында Гран-приді жеңіп, халықаралық деңгейде танылды. 1979 жылы ол "Қазақконцерт" бірлестігінің "Арай" ансамблінің солисі болды және сол жылы Ыстамбұлдағы байқауда лауреат атанды. 1983 жылы Кубадағы "Гала-83" конкурсында бас жүлдені жеңіп, 1986 жылы, 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атағын алды. Ол сондай-ақ Қырғызстан (2000) және Өзбекстанның (1984) еңбек сіңірген әртісі, 2019 жылы "Қазақстанның Еңбек Ері" атанды.

Назым Қызайбай – қазақ боксының мақтанышы, әйелдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы және Олимпиада жүлдегері. Ол 1993 жылы 14 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген, бірақ балалық шағы Алматы облысының Жетіген ауылында өткен.

Фото: ҰОК

Назым спортқа бала кезінен әуес болды. Алғашында баскетболшы болуды армандаған, бірақ кездейсоқ боксқа келіп, 2009 жылы 16 жасында Қазақстан чемпионы атанды. Оның мансабы 2012 жылы Қытайда өткен әлем чемпионатында қола медаль алумен басталып, 2014 жылы Оңтүстік Кореяда және 2016 жылы Астанада әлем чемпионы атағын жеңіп, екі дүркін әлемдік деңгейде үздік атанды. 2021 жылы Азия чемпионатында да алтын медаль алды.

2024 жылы Францияда өткен Париж Олимпиадасында Назым 50 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды. Бұл – оның алғашқы Олимпиадасы және Қазақстан әйелдер боксы тарихындағы маңызды жетістіктердің бірі. Олимпиададан кейін ол Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны болып сайланды.

Дидар Құл-Мұхаммед Гарвард, Оксфорд және Кембридж университеттерін тәмамдаған әлемдегі алғашқы және жалғыз қазақ қызы атанды. Бұл туралы Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмас Шарман жазды.

Фото: әлеуметтік желі

«Жуырда біз Кембридж университетінде оған философия магистрі дипломын табыстау рәсіміне қатысу құрметіне ие болдық. Осыдан шамамен 12 жыл бұрын Дидок (біз оны бала кезден осылай атаймыз) Джорджтаун, Гарвард, Колумбия және басқа да америкалық университеттерге өзінің тамаша жазылған эссесін жіберген болатын. Оның талантына тәнті болған үздік жоғары оқу орындары оны өздеріне шақыру үшін кезекке тұрған еді. Сол кезде Дидардың әкесі – менің досым Мұхтар Құл-Мұхаммед маған кеңес сұрап қоңырау шалды. Мен еш ойланбастан Гарвардты таңдауға кеңес бердім. Одан кейін Оксфорд, енді міне Кембридж – әр кезеңінде 125 Нобель лауреаты қызмет еткен әйгілі оқу орны», - деп жазды Алмас Шарман.

Сондай-ақ Дидардың болашақта Қазақстанның тарихи санасының қалыптасуына, мәдени дамуына үлес қосуына тілек білдірді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: