Томография – тіл сақтау құралы

16 Қыркүйек 2014, 04:19

Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі ерекше іс бастады. Иә, бұл туралы естігенде, жүрегім шымыр етті.

Эвенк тілі

Бөбегім, сен ауырып қалдың. Дәрігерлер «анестезия салып, томографияға түсіреміз» деді. Мен келіспедім. Сені мұндай сынақтарға салмаймын.  Ал эвенк  халқы  тағдырындағы ең соңғы әрі  ең басты  сынақтан өтіп жатыр. Томографиядан біз бас тарттық, олардың бас тартуға қақысы жоқ.  

Бөбегім, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі ерекше іс бастады. Иә, бұл туралы естігенде, жүрегім шымыр етті. Жойылып бара жатқан халықтың, яғни тілдің өкілі  бірнеше сағат бойы томографқа түсіріледі. Ол туған тілінде ұғынықты әрі дұрыс сөйлеуі керек. Сөйлеушінің бүкіл іс-қимылы, сөйлеуге қатысатын дене мүшелері түгелдей   магнитті-резонанстық таспаға жазылады. Әдетте мұндай томографиялық құрылғылар медициналық мақсатта адам саулығы үшін қолданылады. Ал мына зертхана оны тілді сақтау үшін пайдаланып отыр. Бүгінгі күнге дейін 60 адам өз тілін таспаға түсіруге ниетті болған. Нәтижесінде, ол тілдердің дыбысталуы,  айтылуы, сол  сәттегі мидың әсері, басқа да ерекшеліктер ғылыми тұрғыда тұңғыш рет зерделенді. Зерделенген тілдердің қатарында  эвенк тілі де бар.  

Кеңес Одағы ыдырағанымен,  Ресей Федерациясының құрамына еніп, егемендігіне қол жеткізбеген қаншама халықтар бар?! Еркіндігінен айырылған сол халықтардың барлығының тілі қайғылы жағдайда. Бірі – жойылса, енді біріне қатер төніп тұр. Ресей Федерациясындағы 136 тілдің 20-сы ізім-ғайым жойылып кетсе, 22-сі бүгін-ертең жойылуы мүмкін. Қалған тілдердің тағдыры қыл үстінде.  Қауіпті алдын алып, тілдерді сақтап қалу мүмкін болмай тұр. Өйткені, ол халықтардың тәуелсіздігі жоқ. Тілдің дамуына ықпал ететін заңдық құжаттары да жоқ. Ең қайғылысы, ол тілдердің жас буын  үшін еш қажеттілігі болмай тұр.

Ал эвенк тілі – жойылу алдындағы тіл. 2002 жылғы санақ бойынша  35 357 эвенк бар екені расталды. Олардың тек 7 584-і ғана туған тілінде сөйлейтін болып шықты.

Эвенктер өз заманында  ұлан-асыр жерді иеленді. Тарихтың өне бойында тек  бұғы бағумен айналысты. Кеңес Үкіметі орнап,  1932 жылы халықтың қолындағы бұғылар тізімделіп, қолдағы бар малмен колхоздар құрылды. Айналасы екі жылдың ішінде эвенктердің сан мыңжылдық шаруашылығы түбірімен өзгеріп, бұл  халық бұғы емес, көкөніс пен картоп өсіретін болды. Ал араға жиырма жыл салып, бұғы шаруашылығы мүлдем жойылды. Эвенктер  ақыр аяғы дәрілік өсімдіктер жинап,  жерге жабысты да қалды... Бұғыларды жою арқылы кеңестік билік эвенк халқының тұтас болмысына, дәстүр-салтына, мәдениеті мен өнеріне, ең бастысы,  тіліне балта шапты. Айтқандай-ақ, эвенктер осыдан бастап, жеке дара халық болудан қалды. Оларды тарихымен жалғап тұрған соңғы үміттер бұғылармен бірге үзілді.

Эвенктердің жеріне орыстар және басқа да халықтар жүйелі түрде қоныстандырылды. Ал эвенктердің өзі  Ресейдің 11 аумағына күштеп  қоныстандырылды. Бір шоғыры Саха жерін мекен етсе, енді бірі Бурятияда тұрады.  Тарыдай шашылған халықтың  тілін, жалпы болмыс-бітімін сақтауына, дамытуына еш мүмкіндігі жоқ. Бүгінде Бурят Мемлекеттік университетінде эвенк тілінің мамандары даярланады. Бүтін халық осы жерден түлеп шығатын эвенк тілі мұғалімдеріне  үмітпен қарайды.

Бөбегім, тілдерді магнитті-резонанстық томография арқылы зерттеу жобасын іске асырушылардың қатарында жойылып бара жатқан тілдердің өкілдері де бар. Олар үшін бұл медициналық құрал халықтың  жанын, рухын, бүтін болмысын сақтаушы тетікке айналып отыр. Олар бұл зерттеу туған тілдерін сақтауға негіз болады деп сенеді... 

Бөлісу: