Токионы тамсандырған қазақ қызы

15 Мамыр 2023, 18:09 1868

Ол Күншығыс елінің әдебиеті мен мәдениетін, фольклорын зерттейді. Жапон тілін ана тілінен кем білмейді. Терең білімімен, ерек қабілетімен шетелдік әріптестерінің аузын аштырып, көзін жұмдырған зияткер, қаршадай қазақ қызы. Біз бүгін Жапонияда тұратын, ең беделді университетінде жұмыс істеп жүрген жерлесіміз Марал Аңдасова туралы баян етпекпіз.

Марал Мырзағалиқызы 1981 жылы Арқалықта дүниеге келген. Қаладағы №7 орта мектептің табалдырығын аттап, кейін гимназияда орта білім алып шықты. Жасынан зерек, алғыр, зерделі қыз үнемі қатарластарының алды болып жүретін. Бұл кездейсоқтық емес еді. Маралдың ата-анасы да саналы ғұмырын білім саласына арнаған жандар. Әкесі Мырзағали Андасов – техника ғылымдарының кандидаты. Өмірінің соңына дейін Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында дәріс оқыды. 1991 жылы, 50 жасында өмірден озған. Ал анасы Бақыткүл Қасқатаева – педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, доцент. Бұл кісі – ғылым саласындағы беделі биік жан. Жүзден астам ғылыми еңбек жазып, Жапонияның Киото педагогикалық университетінде магистранттарға «Геометрияны оқыту әдістемесі» тақырыбында лекция оқып, Жапония ғалымдарымен тәжірибе алмасқан. Жапонияның «Mathematics Education Sosiety in Japan» («Жапонияның математикалық білімі») халықаралық журналы ассоциациясының мүшесі. Сансыз марапаттың, орден-медальдің иегері.

Мінекей, осындай білім қонған әулеттен, өнегелі отбасыдан шыққан балалардың қай-қайсы да әке мен ананың абыройлы жолын қуды. Бірі мықты математик, бірі медицина саласының профессоры, Маралдың жөні тіптен бөлек... «Текте бар теппей тұрмайды» деген тәмсіл осындайда айтылса керек.

Бала шақтан – болашаққа

Маралдың бала кезден шетел тілдерін үйренуге әуесі қатты ауды. Әлем мәдениетімен етене таныссам, жаһан халықтарының дүниетанымына үңілсем деген арманы ақыры болашақ мамандығын айқындап беруге арқау болды. 1999 жыл Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне түсті. Бұл оқу орнынан филолог-зерттеуші, жапон және ағылшын тілдері мен әдебиеті пәнінің оқытушысы мамандықтарын алып шықты.

Бұдан соң алдымнан даңғыл жол ашылғандай болды. 2002-2003 жылдары жапон үкіметі ұсынған стипендия арқасында Нагоя университетінде жапон тілі мен мәдениетін зерттеу курстарында оқыдым. Аталған стипендияны екінші мәрте ұтып алып, 2006-2008 жылдары Киото қаласындағы Буккио университетінде әдебиет мамандығы бойынша «Гуманитарлық ғылымдар магистрі» дәрежесін иелендім. Таланыма бұйырған үшінші шәкіртақымен 2011 жылы докторантура қорғап шықтым, - дейді Марал.

Бейтаныс орта, бөгде қауым ішінде жүріп, талпыныс пен табандылық танытқан тұтамдай қыз қабілет-қарымымен айналасына сыйын қалыптастырып, зиялы топтың көзіне іліге бастады. Докторантураны бітіре салысымен-ақ Күншығыс елінде қызмет жолын бастап кетті. Сөйтіп, ол беделі биік Буккио университетінің ғылыми қызметкері болып жұмысқа алынған алғашқы қазақ қызы саналды. Маралды мансап сатылары, шығармашылық жетістіктер әлі алда күтіп тұрған еді...

Зерттегені – жапандағы жапонның фольклоры

Жапондар – фольклоры қазыналы, сан қатпарлы ұлттардың бірі. Аңыз-мифтері ашқан сайын алдыңа құпиясын жая түсетін қара ормандай қалың жынысты бүтін бір әлем сияқты. Ал оны қазақ қызының зерттеу нысаны ретінде таңдап алуы – таңданыс тудырар дүние. Ол ізденіс нысанасына алған шым-шытырық тақырыптарды табысты қорғап шықты.

Алғаш рет, 2013 жылдың ақпан айында «Кодзикидегі әлемдердің метаморфозалары – Изумо және шаманизм мәселелерінің көзқарастары тұрғысынан» аталатын тақырыпта диссертация қорғап, әдебиет мамандығы бойынша философия докторы (PhD) атағын иеленді. Бұдан соң да сенім артқан жетекшілері небір күрделі бағыттарға түрен салуға бағдар сілтеді. Әр кезде үміттің үдесінен шыға білді.

Осака қаласындағы Жапония хабар тарату корпорациясының (NHK) жанындағы мәдени орталықта "Кожики – мифтердің қызықты әлемі", "Кожики және Еуразия мифтері" тақырыптарында дәріс оқыдым. Сонымен қатар, Буккио университетінің тарих факультетінде "Жапония мифологиясы", "Жапония және Орталық Азия мәдениеттері арасындағы байланыс" пәндерінен сабақ бердім. Джечидегі София университетінде және Токиодағы Гакусуин университетінде «Жапониядағы буддизм тарихы», «Жапон әдебиеті – Кожики» сынды пәндерден дәріс оқығанымды да айта кетейін, - дейді ғалым.

Тәріжибесі толысқан маман кейінірек Жапония мәдениетін зерттеу жөніндегі халықаралық зерттеу орталығына зерттеуші болып қызметке қабылданған. Кейін Жапонияның ғылымды жетілдіру қауымдастығынан (JSPS) ғылыми грант иеленіп, нәтижесінде Токио қаласындағы Вако университетінде "Шаманизм – ежелгі жапон әдебиетінің мәтіндерін зерттеу әдісі" тақырыбында зерттеулер жүргізіпті.

Марал Мырағалиқызы осындай үзірлі ізденістер нәтижесінде жапон тілінде екі кітап шығарды. Бірі – «Кожики – әлем метаморфозы», екіншісі «Ямато метаморфозы – жапон мифологиясына жаңа көзқарас» деп аталады. Мұның сыртында, әртүрлі тақырыптағы 20 шақты ғылыми-зерттеу мақаласы жапон тілінде және бір рецензиясы ағылшын тілінде жарық көрген. Салмақты еңбектерінің қай-қайсы да ынталы оқырмандары мен мүдделес әріптестерінің өте жоғары бағасына ие болды. Міне, қазақ қызының «бәрекелді» дегізер жетістіктері!

Жапондарды мойындатқан жас ғалым бүгінде Токиодағы Васеда университетінде оқытушы болып қызмет етіп жатыр. Ғылым жолындағы ізденістерін де тоқтатпаған.

Васеда университеті Жапониядағы ең беделді жеке университеттердің бірі болып саналады. 2022 жылы Жапон үкіметінен жапон ежелгі әдебиетін зерттеуге грант ұтып алдым. Қазіргі уақытта осы бағытта зерттеу жұмыстарымен айналысып жатқан жайым бар, - дейді даңқты жерлесіміз.

Бейбарыс Сұлтанұлы
Бөлісу: