Токиода ертең басталатын Гранд Слэм бәсекесінде қазақстандық дзюдошылардың қарсыластары анықталды. Бұл сында Қазақстанның 20 дзюдошысы бірнеше салмақта күресетін болады. Жыл соңындағы қорытынды турнирде жүлдеге қол жеткізген балуандар Олимпиада қарсаңындағы рейтингте маңызды ұпайға ие болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
60 келіде Елдос Сметов бірінші айналымда бразилиялық Аугусто Мишеьмен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, екінші айналымда түркіменстандық Айбек Өміровпен белдеседі. Осы салмақтағы Нұрқанат Серікбаев бірінші айналымда бос. Ол Ресей пен жапон балуандары жұбының жеңімпазымен күреседі.
66 келіде Ғұсман Қырғызбаев бірінші айналымда неміс балуаны Иккес Давидпен күш сынаспақ. Одан өтсе, испаниядық Гарсия Торнемен татамиге шықпақ. Аталған салмақтағы Нұрзат Сәлімбаев бірінші белдесуін Сауд Арабиясының өкілі Хавсави Моуноупен өткізеді. Оны жеңген жағдайда молдовалық спортшымен шеберлігі тексереді.
73 келіде Данияр Шамшаев польшалық Адам Стодольскимен күреседі. Ал Асқар Нарқұлов бірінші айналымда бос. Ол неміс пен грузин балуандары жұбының жеңімпазымен кездеседі. 81 келіде Абылайхан Жұбаназар бірінші айланымда демалады. Оның қарсыласы қырғыз бен Аргентина балуандарының жұбында басымдық танытқан балуан болмақ. Сондай-ақ, Руслан Мұсаев та бірінші айналымда бос. Ол Уругвай мен Катар балуандарының жұбының жеңімпазымен күреседі.
90 келіде Айдар Арапов бірінші айналымда бос болғандықтан Швеция-Канада балуандарының белдесуін күтеді. Аталған кездесуде жеңіске жеткен спортшы отандасымызға қарсылас болады. Бұл салмақтағы Ермахан Әнуарбеков марокколық Моути Ашрафпен айқасқа шығады.
-100 келіде Шархан Нұрлыхан хорват спортшысы Златко Кумричпен күреседі. Бекарыс Сәдуақас АҚШ балуаны Такузо Такахачимен өзара мықтыны анықтамақ. Аса ауыр салмақтағы балуандар Ерасыл Қажыбаев АҚШ, Ғалымжан Қырықбай Әзірбайжан балуанымен күш сынасады.
Әйелдер құрамасы бұл сынға толық құрамда қатыспайды. 48 келіде Ғалия Тынбаева мексикалық Една Гарриламен күрессе, Абиба Әбужақынова алғашқы айналымда бос. Ол Тайпей-Израиль балуандары жұбының жеңімпазымен үздікті анықтайды. 63 келіде Есмигүл Құйылова алғашқы айналымда бос болғандықтан жарысты екінші кезеңнен бастайды. Оның қарсыласы ресейлік Камила Бадурова болып отыр. 70 келіде Екатерина Токареваның да қарсыласы Ресей дзюдошысы Мадина Таймазова.
+78 келіде Назгүл Маратова Францияның тәжірибелі балуаны Хайме Коралиемен шығады. Ал Кәмила Берліқаш Гранд Слэмді екінші кезеңнен бастап, Венесуэла-Тайпей балуандарының жұбымен белдесу өткізеді.