Қазақтан өткен тойшыл халық бар десе сенбейтіндей дәрежеге жеттік. Біздің елге сырттан көз салып, мемлекеттік деңгейден төмен қарай сырғысаңыз да, болмаса төменнен жоғарылай сатыласаңыз да той тойлатып жатқан жұрт әйтеуір.
Бірақ, бүгінгі әңгімеміз кәдімгі қарапайым өмірде кездесетін тойлар жайлы болмақ. Нақтыласақ, асабалар жайлы сөз қозғаймыз.
Біздің қазақ көбіне мейрамхана, азық-түлік жағын қамтамасыз етіп алған соң, тойға 1 жарым аптадай уақыт қалғанда ғана асаба іздейді. Тойдың жақсы болмағының 50 пайызы осы той атқарушы топтарға байланысты екенін көбі ескермейді. Дастарханыңыз қанша жерден жайнағанымен, кең әрі жап-жарық мейрамханада той атқарғаныңызбен таңдауыңыз тойға келуші ортаға лайық болмаса "Асабасы нашар екен. Әншісі ән айта алмайды. Мына бишілерден мен жақсы билеймін" деген секілді сөздерге қаларыңыз анық. Бұл жерде таңдау асабаның арзан-қымбатына емес, той басқару бағытына түскені дұрыс. Себебі, асабалардың өзі қазір шоумен асаба, қазақы асаба дегендей топтарға бөлініп алған. Бұларға екі тілде басқара беретін жүргізушілерді және қосыңыз. Газет беттерінен, әлеуметтік желілерден асабаларға көңілі толмайтын жұртшылықтың пікірін жиі кездестіреміз. Ол көбіне асабаны өзіңіздің тойыңызға келуші ортаны есептемей жалдағаннан пайда болатын дүние. Себебі, қазір асабалар да түр-түрге бөлінеді. Шоумен асаба, екі тілді асаба, қазақы асаба дегедей сұраныстар заман талабына сай туып отыр.
Асаба таңдағанда ескеретін ең бірінші мәселе мынандай. "Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа" деген мақал дәп осы жерге келеді. Мәселен, бір ұлт өкілі, бір мемлекеттің азаматтары болсақ та еліміздің әр өңірінің той атқаруы, ұстанатын салт-дәстүрлері әр түрлі. Сондықтан да Түркістан өңірінің тойын Батыстың асабасы, немесе Орталық Қазақстанның тойын Түркістан жақтың асабасының басқаруы көбіне сәтті бола бермейді. Асабаның білместікке ұрынатын тұсы осы сәт. Сондықтан да "Ауылдағының ауызы сасық" ұстанымынан ауытқыған жөн секілді. Негізі ең дұрыс шешімдердің бірі асабамен көзбе-көз кездесу. Сіздің не қалайтыныңызды ол білуі тиіс. Оның сізге не ұсына алатынын сіздің білгеніңіз өзіңізге пайдалы. Қалаңыздағы шуы аз бір дәмханада бір шәшке кофе ішіп отырып мәселенің басын ашып алсаңыз тойыңызда орын алуы мүмкін келеңсіздіктердің біразының алдын аларыңыз анық.
Сонымен асабаның бағасы қанша? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Тойдрайвер сайтына сүйенсек (мобильді қосымшалары да бар) асабалар бір күндік қызметтеріне 50 000 теңгеден бастап жоғары қарай алты нөлі бар сандарға дейін өрлей береді. Бұл әрине тойыңызға асабалыққа кімді шақырғаныңызға байланысты.
Орта есеппен тойыңызды атқаратын командаға 250-400 мың теңге кетеді. Бұл бағаға асаба, дыбыс аппаратурасы, әнші, видеооператор және бишілер ансамблі кіреді.
"Биыл үйленіп тойымды жасадым. Той барысында асабаға да басқаға да көңілім толды. Той саласында өзгеріс керек болса видеооператордың қызметі ақысына ең бірінші өзгеріс енгізуді қалар едім. Себебі, тойым шілде айының алғашқы он күндігінде өтті. Видеооператорлар той соңында ақшаларын толық алады екен. Тойымның видеосы әлі дайын болған жоқ. Хабарлассам "Ағасы тапсырысымыз көп, алаңдамағыз. Тойыңыздың видеосы жоғалмайды. Алла амандығын берсе қыркүйекте аласыз" дейді. Меніңше жарты ақшасын видео дайын болған соң берген дұрыс секілді. Себебі, ол әлі жұмысының жартысын ғана атқарды ғой" деген ой айтты Ерік Сайлауұлы атты жігіт.
"Жиған-тергенің тойыңда шашылсын" деп тілек айтатын біздің қазекең үшін тойдың маңызы расымен де зор. "Елу жылда ел жаңа" деген сөзді де біздің бабаларымыз айтып кеткен. Қазіргі ысырабы көп тойларымыз алдағы он жылда 50-60 адамдық құдалыққа да айналып кетуі мүмкін. Тек, бұл мәселелерді шиырлай бермей, нақты бір шешім шығаратын кездің келгенін естен шығармасақ екен.