Тоғызқұмалақты жаңа деңгейге шығарған ұстаз

19 Қазан 2022, 10:51 2855

Мерейлі отбасы - 2022 байқауының Батыс Қазақстандағы жеңімпазымен сұхбат

Елімізде өзінің құндылығын, мәдениеті мен ата дәстүрін алтындай сақтап, көпке үлгі болып жүрген өнегелі үлкен әулеттер бар. Солардың бірі – Халықұлы әулеті. Биыл Халықұлы әулеті «Мерейлі отбасы-2022» байқауына қатысып, отбасы институтын, руханиятты нығайту, қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттаған әулет ретінде жеңімпаз атанды.

Олар Батыс Қазақстандағы ең өнегелі әулет номинациясымен марапатталды. Ендігі Қазақстандағы ең үздік әулет атану үшін Астана қаласында өтетін республикалық отбасылық байқауға қатысуды жоспарлап отыр. Әулеттің кеңже қызы Гүлдария Халық әулеттің құндылықтары мен басты нышандары туралы айтып берді.

Халықұлы әулеті аты айтып тұрғандай, «Халықтың ұлы» деген атқа лайықты деп айтуға болады. Ұлт мұрасын ұрпаққа насихаттаушы әулеттің үлкендері 72 жастағы Меңдіхан Халықұлы мен Тойған Ахмет. Олардың 4 қыз, 1 ұлы мен 12 немересі бар. Меңдіхан  Халықұлы киномеханик, электромеханик, автопарк меңгерушісі, инженер, бау-бақша жетекшісі, тоғызқұмалақтан жаттықтырушы және Ғ.Бегалиев атындағы орта мектепте технология, экология пәндерінен сабақ берген жоғарғы санатты ұстаз болған. Бір сөзбен айтқанда, бір саламен ғана шектеліп қалмаған, жан-жақты «сегіз қырлы, бір сырлы» адам.

«Сәйгүлік» мұражайы

Меңдіхан Халықұлы жалқыға ерекше қызығушылық танытқан. Сондықтан жылқы туралы жазылған көптеген еңбектер мен туындыларды және жылқының ат әбзелдерін жинап, сақтаған. Нәтижесінде өзінің туған өңірінде 2016 жылы «Сәйгүлік» мұражайын ашты. 

«Әкем Қазталов ауданындағы Қошанкөл ауылының әкімі қызметін атқарды. Әкемнен үлгі алатын шәкірттері өте көп. Оның ең үлкен еңбегі республика көлеміндегі тұңғыш «Сәйгүлік» мұражайын ашып, құнды жәдігерлерінің шырақшысы болды. Көпке беймәлім жылқы туралы ақпараттарды іздеп, жәдігерлерді зерттеп, жинаумен айналысты», - дейді қызы Гүлдария.

Мұражай қазіргі таңда ауылдың ең құнды орындарының біріне айналып отыр. Себебі, оны ашуға қанша еңбек пен ұмтылыс кеткенін ауыл халқы жақсы біледі. Сондықтан мұражайдағы әр жәдігердің тарихы мен орнын құрметтейді. 

Тоғызқұмалақ

Меңдіхан Халықұлы қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты жастарға үйретіп, дамытқан ұстаз. Зейнет жасында балаларға ұлттық нақышты көрсетіп, тоғызқұмалақты жаңа деңгейге шығаруды көздейді.  Қазіргі таңда оның жолын келіні Мейрамгүл Жақсыгүлова ұстанып, тоғызқұмалақ үйірмесіне жетекшілік етіп отыр. Қазіргі таңда 60-қа жуық шәкірті бар.

Сонымен қатар, тоғызқұмалақ үйірмесіне немерелері де қатысып, түрлі жарыстар мен додаларда жеңімпаз атанып та үлгерген. «Алма ағаштан алыс түспейді» демекші, атасының жолымен жүріп, үздік нәтижелерге жетіп жатыр.  

Қолөнер

Халықұлы отбасы халық мұрасының қамқоршысы десек, артық болмас.   Тойған апа ұстаз ғана емес, «Ақ кимешек» әжелер ансамбльінің мүшесі. Ұлттық болмысты ұрпаққа көрсетіп, тәлім беріп жүрген ұстаз. Мақсаты түрлі әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді жастарға үйретіп, оның мән маңыздылығын түсіндіруді көздейді.

Халықұлы әулеті қазақтың ұлттық ойындары және ұлттық сусындарымен қатар, ұлттық қолөнерін дәріптейді. Тойған апа өзінің замандастарымен бірге түрлі қолөнер бұйымдарын тігіп, заман ағымына сай түрлі әшекей бұйымдарды жасайды. Оны жасап қана қоймай, жастарға үйретеді және сыйға береді. Қазіргі таңда, оның қолөнер жұмысын  қыздары мен немерелері де жалғастырып жатыр. 

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»

Меңдіхан Халықұлы мен Тойған Ахмет балаларын еңбекке ерте араластырды. Отбасындағы жалғыз ер баласы Дарханды шаруашылыққа жастайынан бейімдеді. Нәтижесінде, Дархан 2015 жылы жеке қожалығын ашып, ауыл шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкерлердің бірі. 

«Халықұлы шаңырағы  қазақы  нақыштағы заманауи дәстүрлерін сақтап келеді. Салауатты өмір салтын ұстанамыз. Спортпен айналысып, ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақ пен асық ату дәріптеп, емдік қасиеті бар сусынымыз қымызды үнемі пайдаланамыз. Әкеміздің қанымен, анамыздың ақ сүтімен дарыған дарынымыз бен талантымыз да бар», - дейді Гүлдария.

Меңдіхан Халықұлы зейнеткер болса да, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүреді. Қазіргі уакытта Қошанкөл ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы. Республикалық деңгейдегі маңызды жұмыстарға ардагерлер ұйымынан атынан шығып, төраға ретінде көптеген мәселерді ортаға салған.  Сондай-ақ, белсенді қызметі үшін көптеген марапаттар алған.

Педагог әке мен ана жолын қуған балалары да осы салаға жақын. Бірі, балабақшада тәрбиеші, бірі мектеп мұғалімі болса, енді бірі мемлекеттік қызметкер. Әрқайсысы әкесі мен анасының жолын ардақтап, балаларына үйретуді парызы санайды. 

Есімдер ерекшелігі

Қазақ халқы балаға есім берген кезде оның болашағы үшін қатты алаңдаған. Сондықтан баланың өмірі мен денсаулығына қатыстырып ерекше есімдерді үйлестіріп қоятын болған. Бұл отбасыда да осындай жағдай кездеседі.

«Әжеміз қыз балалардың есімін «Гүл»-ден бастауды жөн деп санаған. Ал ер балаға «Хан» деген есімді жалғаған. Сондағысы, өмірде гүлдей жайнасын, ортамызда хандай болып аман жүрсін деген қазақы ырымын басшылыққа алған. Қазақ халқы адамға есімін берген кезде зор мән берген. Сондықтан, біздің есімімізді Миргүл, Бағдагүл, Гүлдария, Гүлжайна және Дархан деп атаған», - дейді ол.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Миражан Махан
Бөлісу: