Того жастары Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын болады

28 Қараша 2023, 15:00 917

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фор Эссозимна Гнассингбе БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Того президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, елімізге ресми сапармен келгені үшін президент Гнассингбеге ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының пікірінше, Того президентінің сапары екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға жол ашады. Құрлықаралық байланыстың жоғары деңгейде екенін білдіреді.

Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі. Біздің мемлекеттеріміз бір-бірінен алыста жатыр. Соған қарамастан, біз Тогомен тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз. Бұл елдің өзара тиімді ықпалдастық орнатуға ұмтылысын толық қолдаймыз. Келесі жылы Қазақстан мен Того арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 10 жыл толады. Осы кезеңде достық пен өзара қолдауға негізделген ынтымақтастық нығая түсті. Қазір оны тың қарқынмен дамыта түсуге мол мүмкіндік бар. Жаңа ғана осы мәселені талқылап, маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Мұның бәрі саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да саладағы байланысты жандандыруға ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Того президентімен ауыл шаруашылығы, жаңа технология, қазба байлықтарды бірлесе игеру, өндіріс және инвестиция салалары бойынша да келіссөз жүргізгенін айтты.

Екі ел үкіметтеріне тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Әсіресе, Қазақстанның Тогоға дәнді дақылды экспорттау мүмкіндігі зор екеніне назар аудардық. Еліміздің бастамасымен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы құрылғанын білесіздер. Мен Тогоны осы ұйымға мүше болуға, оның әлеуетін пайдалануға шақырдым, – деді президент.

Мемлекет басшысы табиғи ресурстарға бай Қазақстан мен Того елдері темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау, өндіру және игеру үшін бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігіне ие екеніне назар аударды.

Мен Қазақстан кәсіпкерлері Тогоның тау-кен өндірісін зерттеуге дайын екенін атап өттім. Сонымен қатар екі елдің көлік-логистика саласындағы әріптестігі жан-жақты талқыланды. Қазақстанға Ломе портының әлеуетін қарастыру бойынша ұсыныс айтылды. Бұл теңіз айлағы қызмет ауқымы бойынша Батыс Африкада екінші орын алады. Біз өзара тиімді әріптестікті дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан Того кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырдым. Олар форумда Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Астана мен Ломе арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық орнату маңызды екеніне тоқталды.

Бұл екі халықтың бір-бірін жақын тануына мүмкіндік береді. Осы ретте Того жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсындым. Бүгінгі қатынастарымызға тың серпін беру үшін елдеріміздің Құрметті консулдарын бекітуге келістік. Бұл келісімдер ынтымақтастықты нығайта түсері сөзсіз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз қатынас орнатқанын және көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ұқсайтынын атап өтті.

Әсіресе, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясында ықпалдастығымыз ойдағыдай дамып келеді. Қазіргі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Африка Одағы сияқты құрылымдар арқылы өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президенттер жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері туралы пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Фор Гнассингбенің елімізге сапары, шын мәнінде тарихи маңызға ие екенін және екі елдің қарым-қатынасын кеңейтуге тың серпін беретінін жеткізді. Сондай-ақ Орталық Азия мен Африка арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін айтты.

Фор Гнассингбе Тогоның Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ерекше көңіл бөліп отырғанын және стратегиялық серіктестікті өңіраралық қана емес, құрлық деңгейінде де дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

300 миллионнан астам халқы бар Батыс Африка елдерімен тауар айналымын жолға қойған Того қазақстандық инвесторлардың қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығымыз дамып келе жатқаны қуантады. Бүгінде сіздің елдің Тогоға астық жеткізу мүмкіндігі мол. Қазақстан цифрландыру саласында айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Біз де өз елімізде цифрландыру жобаларын іске асырып, осы бағыттағы ынтымақтастықты жолға қоюға ниеттіміз. Бұл тұрғыдан сіздерден үйренеріміз көп, – деді Того Президенті.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: