Өткен аптада премьер-лиганың 13-14 турларының ойындары өтті. Көшбасындағы «Астана» мен «Ордабасы» кезекті үш ұпайларына қол жеткізсе, «Ақтөбе» өз алаңында «Мақтааралмен» тең түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Атырау» (Атырау) – «Тобыл» (Қостанай) – 3:0
Голдар: Имери, 45+3-пенальтиден (1:0).Эффионг, 57-пенальтиден (2:0). Новак, 81 (3:0).
Бұл матч дәл осылай аяқталады деп ешкім күткен жоқ. Тартысқа толы кездесу болады деп топшылағандар жетерлік. Бірақ алаңдағы жағдай мүлдем басқаша өрбіді. «Тобыл» қақпасына жауапсыз үш гол соғылды.
Қостанай командасы ұпай жоғалтып, турнир кестесінде жетінші орынға сырғыды.
Айтпақшы, «Тобыл» Конференция лигасына қатысады. Сондықтан команда басшылығына ертерек ойланбаса болмайды.
Келесі турда сары қағаздарының санына байланысты Эффионг Нсунгуси алаңға шыға алмайды. Тағы екі-үш футболшымыздың сары қағаздары көбейіп тұр. Бізде ешқандай эйфория жоқ. Мұндай нәтиже ауыр еңбекпен қол жеткізетінімізді түсінемін. Енді Қазақстан кубогының жартылай финалына дайындаламыз, – дейді «Атырау» бапкері Владимир Жуковский.
«Шахтер» (Қарағанды) – «ЖетІсу» (Талдықорған) – 0:1
Гол: Әділ, 18 (0:1).
Қарағандының «Шахтерінің» осылай жүретіні маусымның басында-ақ белгілі болған. Өйткені команда құрамы әлсіз. Көбісі, жастар. Бас бапкер Игорь Солошенко қолынан келгенін істеп жатқандай көрінеді. Бірақ нәтиже өте нашар. Бұл жолы олар өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» клубынан жеңілді.Матчтағы жалғыз голды Аслан Әділ соқты.
Қарсылас көбірек мінез танытып, өз мүмкіндігін сәтті пайдаланды. Екінші таймда бірнеше рет гол соғуға жақын болдық. Бірақ өкінішке қарай, қолымыздан келмеді. Енді келесі ойындарға дайындаламыз. Одан басқа амалымыз жоқ, – дейді «Шахтердің» бас бапкері Игорь Солошенко.
«Ақсу» (Павлодар) – «Ордабасы» (Шымкент) – 0:1
Гол: Васильев, 66 (0:1).
Шымкент командасының бас бапкерінде таңдау көп. Біреуінің ойыны жүрмесе, екінші гол соғады. Бұл жолы Павлодарда солай болды. Көптен бері қосалқы құрамда отырған Владимир Васильев командасына жеңіс сыйлады.
«Ордабасы» чемпиондықтан басты үміткер команданың бір екенін әрбір тур сайын дәледеп келеді.
Ал «Ақсу» тағы да бапкер іздейтін секілді. Әзірге Масудов сенімді ақтамай тұр...
«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Қайсар» (Қызылорда) – 0:1
Гол: Кеңесбек, 56 (0:1).
«Қайсар» осының алдында Қызылордада қатарынан екі ойында ұтылған. Содан кейін ес жиып отыр. Бұл жолы Астанада Көкшетаудың «Оқжетпес» клубынан үш ұпайды жұлып алды. Аталған ойында 0:1 есебімен аяқталды.
«Астана» (Астана) – «Каспий» (Ақтау) – 3:1
Голдар: Урега,19 (1:0). Айымбетов, 21 (2:0). Панцулая, 55 (2:1). Габышев, 66 (3:1).
Ақтаудың «Каспий» клубы түзде «Астанаға» лайықты қарсылық көрсете алмады. Григорий Бабаян шәкірттері қонақтардан бір бас жоғары екенін алаңда дәлдей алды. Есепті Урега ашқан, үзіліске дейін Абат Айымбетов 2:0-ге жеткізді.
Үзілістен кейін «Астана» футболшылары күштерін экономдап, қарқындарын бәсеңдетті. Мұны қарсылас тиімді пайдаланды. Грузиялық шабуылшы Григорий Панцулая есеп айырмасын қысқартты. Бірақ одан әріге шамалары жеткен жоқ.
Есесіне, Қазақстан ұлттық құрамасының тағы бір ойыншысы Михаил Габышев үшінші голды соғып, матчтың нүктесін қойды.
«Қайрат» (Алматы) – «Қызылжар» (Петропавл) –3:0
Голдар: Жоао Пауло, 41-пенальтиден (1:0). Жоао Пауло, 66 (2:0). Труфанов, 90+4 (3:0).
«Қызылжар» премьер-лиганың алғашқы алты турында 18 ұпай жинап, бір шулатып еді. Одан кейін қарқындарын жоғалтып алды. Бірақ бұл жолы Алматыдан 0:3 есебімен жеңілетіндей болған емес. Дегенмен Кирилл Кеккер шәкірттері өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды.
Матчтың тағдырын тағы да Жоао Пауло шешті. Ол дубльдің авторы атанды. Сөйтіп, премьер-лигадағы голдарының санын 60-қа жеткізді. Оның ішінде «Ордабасы» сапында 35, «Қайраттың» құрамында жүріп 25 рет мергендік танытқан.
Айтпақшы, Пауло биылғы маусымда 13 ойында 13 гол соққан жалғыз футболшы.
Жоао Паулоның шеберлігінің алдында басым иемін. Ол ойынды басқа арнаға бұрып жіберді. Жеке өзім пенальти ойын тағдырын шешті деп санаймын. Мұндай сәттерде төреші абайлап, шешім қабылдап үйрену керек, – дейді «Қызылжар» бапкері Әли Әлиев.
«Актөбе» (Ақтөбе) – «Мақтаарал» (Атакент) – 1:1
Голдар: Сантана, 29 (1:0). Кәрімов, 90+2 (1:1).
Қайрат Нұрдәулетов тізгінді ұстағалы «Мақтааралдың» ойыны түрлене сала берді. Өткен турда Қызылордада «Қайсардан» үш ұпай алып кеткен. Бұл жолы «Ақтөбеге» лайықты қарсылас болды. Соңына дейін ойнап, тең түсті.
«Астанада» бағы жанбаған Рамазан Кәрімовтің «Мақтааралда» ойыны жүре бастаған тәрізді.
Ал Андрей Карповичке ойлану керек тәрізді. «Ақтөбе» осылай ұпай жоғалта берсе, чемпиондықтан айырылары анық.