Ақтөбеде «Конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды, EL.KZ әкімдікке сілтеме жасап.
Оған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚМДБ төрағасының орынбасары, найб мүфти Ершат Оңғаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов және Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары бойынша діни бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Шара Астанада өткен «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде» көтерілген мәселелерді талқылау мақсатында және «Рухани келісім күніне» орай ұйымдастырылды.
Ералы Тоғжанов дөңгелек үстелге қатысушыларды құттықтап, олардың бұл шараға атсалысуы бейбітшілікті сақтауға және конфессияаралық диалогты нығайтуға деген ортақ мүддені айғақтайтынын алға тартты.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде діни төзімділік пен диалогтың маңыздылығы кезекті рет аталып өтілді. Съезд өткізу туралы бастамаға біздің ел ұйытқы болып, Қазақстан өзін бейбітшілік пен келісім мекені ретінде көрсете білді. Бұл бағытта дін өкілдерінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Өйткені, біз тек бірлескен күш-жігермен ғана заманның сын-қатерлерін еңсере аламыз. Конфессияаралық келісімді сақтау және нығайту біздің басты мақсатымыз болып қала береді. Бүгінгі күні өңірдегі діни саладағы түйткілді мәселелерді бірлесіп талқылау және үлкен нәтижелерге қол жеткізу арқылы шешетінімізге сенімдімін, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Ақтөбе облысы шекаралас аймақтардың қатарында, өңірде 10 конфессияның басын біріктірген 94 бірлестік бар. Сондықтан облыс басшылығының басты міндеті дінаралық және ұлтаралық қатынастардың тұрақтылығын сақтау болып табылады. Осы орайда діни бірлестіктерге үлкен үміт артылып отыр.
Облыс аумағында дінаралық және ұлтаралық қақтығыстар жоқ. Дегенмен, қоғамда өзара сыйластық пен конфессияаралық диалогты дамытуға бағытталған түрлі шараларды ұйымдастыруды жалғастыру қажет деп есептеймін. Мен өз тарапымнан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынмын. Тұрақтылық пен қоғамдық келісім болғанда ғана халқымыздың өмірінің барлық әлеуметтік құрамдас бөліктері шешіледі, - деп облыс әкімі сөзін түйіндеді.
«Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимылы» тақырыбында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов баяндама жасаса, ҚМДБ төрағасының орынбасары, найб мүфти Ершат Оңғаров конфессияаралық келісімді нығайтудағы исламның рөлін айғақтады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақтөбе облысының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишняк Қазақстан аумағының түрлі ұлт және конфессия өкілдері үшін тату әрі қонақжай мекен екенін, соңғы әлемдік және аймақтық оқиғалар мұны айғақтайтынын атап өтті.
Ұзақ жылдар бойы еліміздің аумағында 130-ға жуық ұлт пен ұлыс, этникалық топ өкілдері өмір сүріп келеді. Бірақ бұл бөлінушілік пен қарсылыққа себеп емес. Біз мұнымен мақтана аламыз, - деді.
Шара соңында Ералы Тоғжанов діни бірлестік өкілдерін келе жатқан «Рухани келісім күнімен» құттықтап, өңірдегі діни ахуалды жақсартуға және конфессияаралық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.