Тоқсан бидің баталары

3 Қыркүйек 2014, 10:20

Тоқсанға Киікбай би былайша бата берген екен:

Тоқсанға Киікбай би былайша бата берген екен:

 Уа, Тоқсанжан, Тоқсанжан,

Бұл бір күнім тоқталған.

Үй артына жау келді

Сұр жебесі оқталған.

Жалғыз жігіт би болмас,

Жалғыз ағаш үй болмас,

Шын жүйрікте күй болмас.

Хас жақсының белгісі –

Жауға түссе, күйзелмес.

Ардақты атаң Қара би –

Үш жүзге мәлім дара би,

Жабай әкең тағы би,

Күміс көмей, жезтаңдай,

Қаусырып тұрған жағы би,

Санатында үш жүздің

Аруағы қонып атаңның 

Сен болғайсың сана би!

 Тоқсанның өзі де сұңғыла шешеннен алған батаға сай данышпан болған. Ол былай дейді:

 Бұлбұлдан шешен құс жоқ,

Бармақтай-ақ қарасы.

Оқтан жылдам ажал жоқ,

Тырнақтай-ақ жарасы.

Көңілің қалса жақыннан

Алыстығын айтайын –

Жер мен көктей арасы.

 Көбіне­-көп шешен­-билердің айтар түйінді тағылымы соңғы жолдарда болады. Міне, осы жырда да Тоқсан бастапқы жолдарын кіріспе ретінде қосып, кейінгі түйінді үш жолда ағайын арақатынасын, сыйластықты, жарасым табуды меңзейді.

Би тура сөз айтарында төре, сұлтандарға да дес бермей, айтарын жасырып қалмаған.

Сен секілді төрелер

Суда жүзген балық қой,

Судан суырып тастаса,

Өкпесін соғуы анық қой! – дегені осыған айғақ. Ғұмыры жаугершілікте, қан майданда өткен халқымыз өлім­жітім жолын қатты ұстанғаны анық. Мұндайда халық рәсімінде көңіл айтуға айрықша рухани да, қоғамдық та сипат пен күш­қуат берілген. Сөйтіп, халық ауыз әдебиетінде «көңіл айту» деген бір жанр пайда болған. Көңіл айтудың бірталай үлгілері қазір мәлім. Тоқсан би де өзінің тұсында ел ағасы болып, қазаға душар болған адамдарға көңіл айтқан. Мұның өзі философияға, даналыққа, кемеңгерлік ұлы ойларға толы екені даусыз. Бұл сөздерде би адамды рухтандырар, бойына сенім мен қуат берер өткір де шебер кескінді, кестелі сөздерді таба білген. Мысалы, Жаппас деген қарттың жалғыз баласы қаза болғанда айтқаны:

Ей, Жаппас, көтер беліңді.

Жылатпа еліңді.

Хас нар қабырғасын сөксе де елемес.

Өткен қайтып келмейді,

Өшкен қайтып жанбайды! – дегендей сөздер ел аузында жатталып қалған. Әрине, Тоқсан би сөздері, небір айтыстарда, шешендік дауларда, төрелік берген шақтарда шешімді, кесімді түйін жасаған лебіздері толығымен сақталып отыр дей алмаймыз. Оның жасаған ғұмырының өзі баулып, елдің ардақтысына айналған тұлғасын осы сөздерде айтқан ойтолғамдары одан әрі асқақтатып, тәнті ете түседі. Аздың өзі­-ақ атақты бабамыздың асыл бейнесін асқақтатуға жетіп жатқанын мақтаныш етеміз.

Тоқсан мен  Сексенге  қараған  жерлер  – қазіргі  Жамбыл ауданының Жекекөл, Қараағаш, Амангелді, Талпын, Жамбыл ауыл-­селолары қоныстанған мекендер. Қазір де осы ауылдарда Жабай батыр балаларының ұрпақтары тұрады. Аталарының қорымы да осы жерлерде.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: