ТМД елдері жануарлардың жұқпалы ауруларының таралуымен күресуге келісті

11 Қыркүйек, 11:38 514

Мәжіліс биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құжатқа 2022 жылғы 20 мамырда Минскіде ТМД-ның бес елі  - Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қол қойған. Келісімді ратификациялау тараптарға жануарлардың аса қауіпті ауруларының зертханалық диагностикасын жетілдіру және микроорганизмдердің (штаммдарының) ұлттық коллекцияларын толықтыру бойынша күш-жігерді біріктіруге мүмкіндік береді.

Келісімді ратификациялау ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жануарлардың инфекциялық ауруларының таралуын алдын алу, жануарлардың аса қауіпті ауруларының зертханалық диагностикасын жетілдіру, микроорганизмдердің (штаммдардың) ұлттық коллекцияларын толықтыру және Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиялардан қорғау жөніндегі күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді, - деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев.

Зерттеу деректері негізінде дәрі-дәрмек жасау, мал ауруларының диагностикасы мен емдеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ олар мамандардың білімі мен біліктілігін арттыруға септігін тигізбек.
Сонымен қатар келісім аясында жануарлардың жұқпалы, аса қауіпті ауруларының таралуын болдырмауға және қатысушы мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиядан қорғауға бағытталған профилактикалық әдіс жүзеге асырылатын болады.
 
Миражан Махан
Бөлісу: