ТМҰ энергетикалық ынтымақтастық бағдарламасы талқыланды

1 Қазан 2022, 03:47 1304

Отырыс аясында Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Мажарстан министрлерімен екіжақты кездесулер өткізілді.

Алматыда Қазақстан Республикасының төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің энергетика министрлерінің 2-отырысы өтті, деп хабарлайды EL.KZ энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Энергетика министрі – Болат Ақшолақов, Әзербайжан Республикасының Энергетика министрі – Парвиз Шахбазов, Қырғыз Республикасының Энергетика министрінің міндетін атқарушы – Таалайбек Ибраев, Түркия Республикасының Энергетика және табиғи ресурстар министрі – Фатих Донмез, Петер Сиарто – Мажарстанның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі, Әзім Ахмедхаджаев – Өзбекстан Республикасы Энергетика министрінің бірінші орынбасары, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы – Бағдад Әміреев қатысты.

Министрлер ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мен бақылаушылардың энергетикасын тұрақты дамытудың басым бағыттарын талқылады.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Қазақстан ТМҰ-ға қатысушы және бақылаушы барлық елдермен екіжақты ынтымақтастықты белсенді дамытуда. 

Осы кезеңде энергетикалық ынтымақтастықты талқылау бойынша ортақ, барлық елдер үшін қолайлы тәсілдерді табу және байланыс нүктелерін терең зерделеудің кезі келді деп санаймын, – деп атап өтті Болат Ақшолақов.

ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің екінші отырысында ТМҰ энергетикалық ынтымақтастық бағдарламасы (2023-2027) және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары сияқты таяудағы 5 жылға арналған өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін маңызды құжаттарға қол қойылды.

Отырыс аясында Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Мажарстан министрлерімен екіжақты кездесулер өткізілді.

Сондай-ақ, 2022 жылғы 27-28 қыркүйекте ТМҰ энергетикалық ынтымақтастық бағдарламасын (2023-2027) және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын келісу мақсатында энергетика саласындағы ТМҰ жұмыс тобының отырысы өткенін атап өтеміз. Сонымен қатар, Қазақстанда ЖЭК аукциондық сауда-саттығын өткізу бойынша семинар өтті.

EL.KZ
Бөлісу: