«Тіс пастасын қолдану, құлаққа, көзге дәрi тамызу». Ораза қай кезде бұзылады?

11 Наурыз, 09:38 3970

Ораза – жан азығы, тән шипасы. Биылғы Рамазан айы бүгiн, яғни 11 наурыздан басталып, 30 күнге созылады. Осыған орай, EL.kz ақпарат агенттiгi көптiң көкейiнде жүрген сұрақтың жауабын алу мақсатында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлiмiнiң маманы Елбек Тасболатұлымен сұхбаттасты.

El.kz: Оразада аузы берiк адамның жуынуына бола ма?

Елбек Тасболатұлы: Аузын бекiткен адам салқындау мақсатында суға түсiп, жуынуына болады. Әбу Бәкiр ибн Абдурахман кейбiр сахабалардың былай риуаят еткенiн жеткiзедi: «Алла Елшiсiнiң (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын) Аражда (Мекке жолындағы ауыл атауы) ораза бола-тұра шөлдегенде немесе күннiң ыстығынан басына су құйып жатқанын көрдiм».

Ибн Омар (Алла оған разы болсын) ораза тұтқанда киiмiн сулап, үстiне орап алатын болған. Өйткенi бұл iс-әрекет құлшылықты орындауға көмектесiп, әлсiреп қалмауға септiгiн тигiзедi.

Имам Тахтауи: «Ораза ұстаушы салқындау мақсатында дәреттен тыс ауыз бен мұрынды шаюына, жуынуына және денесiне суланған киiмдi орауына болады», – дейдi.

Сондықтан ораза тұтқан адамның салқындау мақсатында душ қабылдауына рұқсат етiледi. Ал өзен мен көлге түсуге келсек, ауыз бен мұрыннан су кетiп қалу қаупi болғандықтан одан сақтанған дұрыс. Егер өзенге түсiп су тамағынан өтiп кетсе, оразасы бұзылып, қазасын өтеп бередi.

El.kz: Бой дәретсiз ауыз бекiтуге бола ма?

Елбек Тасболатұлы: Бой дәретсiз ауыз бекiтуге болады. Ол оразаға кедергi болмайды. Яғни, оразаға ниет етiп жатып, түнде жүнiп болып қалса, таңертең сәресiн жүнiп күйiнде iшуге немесе сәресiне үлгермей қалып ештеңе iшiп-жемей оразасын жалғастыра беруге болады.

Айша анамыздан жеткен риуаятта бiр кiсi Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын) осы мәселенi сұрағанда, Алла Елшiсi (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын) бой дәретсiздiк оразаға кедергi болмайтындығын айтқан.

Әл-муфассал кiтабында: «Егер адам ораза кезiнде ұйықтап, жүнiп болып қалса немесе таңды жүнiп күйiнде атырса, оразасы бұзылмайды. Тiптi жүнiп күйiнде күндi батырса да, оразасы бұзылмайды. Өйткенi жүнiптiктен таза болу оразаның шарттарына жатпайды»  деп келедi.

Дегенмен, сәресiге үлгерсе, ғұсыл алып, сәресiн iшкенi абзал. Алайда намаздарын оқу үшiн ғұсыл құйынуы мiндеттi.

El.kz: Арақ iшкен адам 40 күнге дейiн ораза ұстай алмай ма?

Елбек Тасболатұлы: Шарапты iшу – харам, үлкен күнә. Ол жайында Алла Тағала Құранда:

«Уа, иман келтiргендер! Ақиқатында, арақ, құмар ойындары, пұттар және (бал ашуға тiгiлетiн) жебелер – шайтанның лас iстерiнен. Одан аулақ болыңдар, бәлкiм, мұратқа жетерсiңдер!», – дейдi.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын):

«Кiмде-кiм арақ iшетiн болса, оның қырық күндiк намазы қабыл болмайды», – дедi.

Тағы бiр хадисте: «Кiм арақ iшсе, оның қырық күндiк намазы қабыл болмайды. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесiн қабыл етедi. Одан кейiн тағы да арақ iшсе, Алла оның қырық күн намазын қабыл етпейдi. Егер тәубе етсе, Алла тәубесiн қабыл етедi. Бұдан кейiн тағы арақ iшсе, Алла оның тағы да қырық күндiк намазын қабылдамайды. Бұл iсiне тәубе етсе, тәубесi қабыл етiледi. Ал төртiншi рет тағы да арақ iшсе, Алла оның қырық күндiк намазын қабыл етпейдi. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесiн қабыл етпейдi де оны «хабәл» (тозақтықтардың iрiңiнен жиналған) өзенiнен сусындандырады» делiнген.

Имам Науауи хадистегi «намазы қабыл болмайды» деген сөздi парызы мойнынан түседi, бiрақ сауабы жоғалады деп түсiндiрген.

Демек намаздың сауабы жоғалуы тәубе етпей, арақ iшудi доғармауына байланысты. Егер шынайы тәубе етсе, бұл жаза (намаздың сауабы жоғалуы) да оның мойнынан түсiрiледi. Өйткенi шынайы тәубе алдыңғы iстеген күнә iстi жояды.   Осыған орай ораза ұстаушы рамазан айынан екi күн бұрын арақ iшiп, соңынан шынайы тәубе етсе, Алла оның тәубесiн қабыл етедi. Оның оразасы арақ iшпей ораза тұтқан адамның оразасындай болады. Ал ораза ұстап арақ iшуiн доғармаса, оразасы дұрыс болады, бiрақ сауабы болмайды. Арақ iшкенi үшiн күнә арқалайды.  

El.kz: Оразада тiс пастасын қолдануға бола ма?

Елбек Тасболатұлы: Аузы берiк адамның тiс пастасын қолдануына болады. Бастысы iшке кетiп қалмауын қадағалау тиiс. Себебi оразаны iшке кiрген нәрселер бұзады. Алла Елшiсi (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын) былай дейдi:

«Ораза – iшке кiрген нәрселер (яғни ауыз, мұрын, тiк iшек секiлдi табиғи жолдар) арқылы бұзылады»

Алайда тiс пастаның дәмi ауыз қуысында бiраз уақытқа дейiн сақталғандықтан мәкруһ (жағымсыз, ұнамсыз) саналады.

Ханафи мәзһабы бойынша «Радду әл-мухтар» атты кiтапта: «Себепсiз бiр нәрсенiң дәмiн тату және шайнау – мәкруһ» делiнген. Тiс пастасын қолдану аузы берiк адамға айтарлықтай назарға алынатын себеп болып саналмайды. Сол үшiн оны таң намазының уақыты кiрмей жатып қолданған дұрыс. Дегенмен, ораза ұстаушы тiс пастасының орнына мисуакты пайдаланған абзал. Айша (Алла оған разы болсын) анамыздан жеткен хадисте Пайғамбарымыз:        

«Аузы берiк кiсiнiң тiс тазалағышы ол – мисуак», – деген.

Ендеше тiс пастасы iшке кетiп қалу қаупi басым болғандықтан, әрi ауыз қуысында дәмi ұзаққа сақталғандықтан оны таң намазының уақыты кiргенге дейiн қолданған дұрыс. Алайда оның орнына мисуакты қолданған абзал. 

El.kz: Ораза кезiнде тiл астына салынатын дәрiнi қолдануға бола ма?

Елбек Тасболатұлы: Ешнәрсенi жұтпау шартымен емдiк мақсатта тiл астына дәрi қойып дәрi қабылдау оразаны бұзбайды. «Әл-Фәтауа әт-Татархания» кiтабында: «Егер ауру адам аузына дәрi қойса, дәрi тек ауыз қуысында тұрса, оразасы бұзылмайды. Ал егер тамақтан өтiп, iшке кетсе, ораза бұзылады. Үзiрлi жағдай болғандықтан, сол күннiң қазасын өтеуi керек. Кәффарат мiндеттi болмайды» делiнген.

El.kz: Көзге дәрi тамызу оразаны бұза ма?

Елбек Тасболатұлы: Көзге тамызатын тамшы оразаны бұзбайды. Өйткенi көз бен тамақтың арасында байланыс жоқ.

«Әл-Фәтауа әт-Татархания» кiтабында: «Көзге сүрме жағу немесе дәрi тамызу бiздiң мәзһабымызда оразаны бұзбайды. Тiптi тамағында оның дәмi бiлiнсе де кедергi болмайды» делiнген.  Осыған орай көзге дәрi тамызу және сүрме жағу оразаны бұзбайды.

El.kz: Ораза ұстаған адам үшiн қан тапсырудың және анализ үшiн қан алдырудың үкiмi қандай?

Елбек Тасболатұлы: Донорлық мақсатта және талдау (анализ) үшiн немесе ауру себебiнен қан алдыру оразаны бұзбайды. Себебi Ибн Аббас (Алла ол кiсiге разы болсын):

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын) ораза бола тұра хижәмә жасатқан едi», – деген. Келесi хадисте:

«Үш нәрсе оразаны бұзбайды: ерiксiз құсу, хижама жасату, ихтиләм болып қалу» делiнген.

Дегенмен аузы берiк адам қан алдырғанда әлсiреп, ораза тұтуы қиындап кететiнiне көзi жететiн болса, оған қан алдыру – «мәкрүһ». «Әл-Фәтауа әт-Татархания» кiтабында: «Егер қан алдырумен әлсiреп қалуынан қорықпаса, ораза кезiнде қан алдырудың оқасы жоқ. Ал әлсiреп қалуынан қорықса, ораза кезiнде қан алдыру мәкруһ болады» делiнген.

El.kz: Ораза кезiнде моншаға түсуге бола  ма?

Елбек Тасболатұлы: Ораза кезiнде моншаға түспеген дұрыс. Өйткенi моншаға түскен адам әлсiрейдi, шөлдейдi. Сондай-ақ, парда мұрынның iшi терлеп, мұрынды тартқанда iшке су кету қаупi жоғары. Бұлардың барлығы оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкiн.

El.kz: Ораза кезiнде құлақ пен мұрынға дәрi тамызу оразаны бұза ма? 

Елбек Тасболатұлы: Шариғатта табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тiк iшек) арқылы iшке кiрген нәрсе оразаны бұзады. Құлаққа дәрi тамызу оразаны бұзады. Себебi құлақ бен тамақтың арасында байланыс болғандықтан, дәрiнiң тамаққа өту қаупi бар.

Ибн Абидин: «Құлаққа жуынып жатқанда су кiрсе, оразаны бұзбайды. Ал дәрi тамызса, ораза бұзылады», – деген.

Мұрынға дәрi тамызуға келсек, мұрын мен тамақтың арасында байланыс болғандықтан дәрiнiң iшке кету қаупi көбiрек. Ибн Абидин: «Егер клизма қабылдап немесе мұрнына дәрi тамызса, оразасы бұзылып, тек қазасы өтеледi. Ал егер дәрi мұрынның iшiнде қалып, iшке өтпесе оразаны бұзбайды. Өйткенi оразаны бұзатын нәрсе дәрiнiң iшке жетуi, – деген.

Осыған орай Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын): «Мұрныңды шайғанда ораза болсаң, мұқият бол», – деген.

Мысырдың пәтуа комитетi мұрынға шашқан дәрi (спрей) тамақтан өтсе, оразаны бұзады. Ал егер тамақтан өтпесе, оразаны бұзбайды деген. Сондықтан мұрынға дәрi тамызудың оразаны бұзу қаупi басымырақ болғандықтан, мүмкiндiк болса, ауыз ашқаннан кейiн жасағаны жақсырақ.

El.kz: Ораза уақытында темекi шексе, ораза бұзыла ма?

Елбек Тасболатұлы: Ораза кезде мейлi жәй түтiн болса да әдейiлеп жұтса оразаны бұзады. Сол себептi аузы берiк адам темекi тартса, оразасы бұзылады. Өйткенi темекiнiң түтiнiнде никотин мен деготь және екеуiнен бөлек заттар бар. Бұлардың бәрi пiшiнi бар тозаңдай заттар. Сақтану керек болған нәрсенi iшке тарту ораза шарттарын бұзады.

El.kz: Сыртқа шықпаған қақырық пен сiңгiрiктi ораза кезде жұтса не болады?

Елбек Тасболатұлы: Егер қақырық ауызға жетсе, аузы берiк адам оны түкiрiп тастағаны жақсы. Ханафи ғұламалардың көзқарасында түкiрiк пен қақырықты жұту оразаны бұзбайды, өйткенi сiлекей есебiнде болады.

Хашия Ибн Абидинде: «Мұрнын тартып, әдейiлеп соны жұтса, оразасы бұзылмайды» делiнген.

El.kz: Ауызды шайғанда қалған ылғалдық оразаны бұза ма?

Елбек Тасболатұлы: Дәрет алғаннан кейiн ауыз қуысында қалған аз мөлшердегi судың дымқылдығы оразаға кедергi болмайды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: