2 Қазан 2014, 09:14
Еліміздегі бірден-бір IT саласындағы тұрақты блогер, «IT-tirlik» журналының авторы, және «Грант Қазақстан» корпоративтік қорының атқарушы директоры – Тимур Бектұр мырзамен мультимедиялық журнализм саласында болған сұхбатымызды ұсынамыз.
– Өзіңіз жайлы тоқталып өтсеңіз, қанша уақыттан бері интернетті блогерлік немесе журнализм үшін белсенді қолдана бастадыңыз? Алғашқыда алға қойған мақсатыңыз қандай болды?
– Wordpress-тегі блогыма қарасам, алғашқы жазбам 2008 жылдан басталыпты. Демек, бүгінге дейін бар болғаны 6-ақ жыл жүріппін. Ал “Алғашқыда алға қойған мақсатыңыз қандай болды?” дегеніңізге жауапты дәл сол блогымның кіріспе сөзімен берсем: “Әзірге блогымның нақты бір тақырып ұстанатынына күмәнім бар. Сондықтан кез-келген саладағы хат-хабарлар осыннан орын алады деген үміттемін” деп жауап беріппін. Жалпы бар ғой, әлемдік тәжірибені білмедім, бірақ біздің қоғамда адамдар интернетке арнайы жоспармен, стратегиямен келеді дегенге сенбеймін. “Жұрттың барлығы осында жүр екен ғой” деген секілді қызығушылықпен, болмаса “Нем кетті? Қарап көрейін” деген сияқты энтузиазммен қосылады ғой. Сосын біреулер жалығып, орта жолдан қалып кетсе, Асхат Еркімбай сияқты “аурулар” өле-өлгенше жүреді ғой осы интернетпен жағаласып.
– Блогерлерден немесе мультимедиялық журналистерден кімді айта өтер едіңіз, кімнің жазу стилі, жазатын тақырыптары секілді қандай қасиеті оқырмандарын қатты тартады?
– Міне, жаңа ғана айтқан Асхат Еркімбайды алайық. Ол ақпаратты жедел береді, мен құсап сүрлеп, сарғайтып жүріп алмайды. Мен көбіне бірдеңе жазуға оқталып тұрам да “Қойшы, оны жұрттың барлығы білетін шығар, соны да сөз деп...” тастай салсам, ол әрбір ақпаратты, пайдалы мәліметті өте мұқият жеткізіп отырады. Қазір сіз оның блогына кіріп қараңыз. Құдды бір энциклопедия дерсіз. Ал жазу стилімен қалың көпшіліктен ерекшеленіп тұратындардан өзіме Нұрберген Мақым мен Асқар Базарбайдың жазбалары ұнайды. Екеуі де сөздің мәйегін сапырып тұрып жазады. Шынымды айтсам, мен бұрын осы біздің блогерлеріміздің қадамына көп мән бермеппін де. Содан, биыл Наурыз айынан бері өтіп жатқан, қазақ блоггерлерінің “Блогиада” атты жарысына жюри болған соң, “амал жоқ” олардың “қойыртпақтарын” апта сайын оқуға мәжбүрмін. Алғашында 32 блогер шылбыр қағып, бәйгеге ат қосса, қазір міне, желтоқсанда аяқталатын шараға 4-еуі қара үзіп келеді. Айтпағым, осы конкурс барысында бұрын өзім мән бермеген блоггерлердің жазу қырымен таныстым. Эльвира Ерғалина мен Әйгерім Кеулімжай, Көркем Аблаевалар болған жайтты, барған жерден ақпаратты, басынан өткен оқиғаны жеткізудің шеберлері екен. Ал Айнұр Рақышева жазбаны суретпен көркемдеудің мастері болса, Абзал Сариев өте ұқыпты блогер болып шықты. Айтпақшы, Маралбек Сағынғанов деген журналист-блоггеріміз де бар арамызда. Маралбек маған “блогер емес журналист пен журналист емес блогердің не айырмашылығы барын ұқтырды” десем де болады. Түсінгенім, блогерлер әдетте өз эмоциясын жазады. Субъектив пікірін қосады, қажет десеңіз тықпалайды. Тіпті, жазба соңында “менің ойымша” деп өзінің вердиктісін қосып та жібереді. Бұл - блогтың басты қасиеті болса керек. Өйткені, адамдарға өзі секілді адамның не ойлайтыны, қалай әрекет ететіні қызық. Күллі әлемде блог атаулының танымал болып кеткені де осы себептен деген ойдамын. Маралбекке қайта оралсам, ол пост жазғанда өзге блоггерлер секілді жатып алып көсілмейді. Тақ-тұқ етіп, телевизиялық форматта, оқуға санаулы секунд қана жететін жазбаны тастай салады. Жазбасын тағы да оқи түскің келіп, қанбай қалатын кездер де болады. Сосын Өркен Кенжебек деген “негр” бар. Соңғы кезде фоторептерге әуестеніп жүр. Болмаса, оның жазбалары да өз алдына бір төбе. Ал Ерлан Оспан деген мэтр-блоггердің жай-күйі мүлдем бөлек қой, шіркін...
– Өзіңіздің блогерлықта ұстанатын принципіңіз бар ма?
– Білмедім… Бір қатып қалған қағидам бар деп айта алмаймын. Жазып отырған кезде, жариялар алдынжа өзімнің ішкі даусым қандай да бір әрекеттерді тежесе, сол мезеттегі принципім сол болады. Жалпы, ешкімді қараламау, біреуді ғайбаттамау, өтірік жазбау, ақпарат көзін көрсету деген сияқты жалпылама, көпшілікке ортақ этикалар болмаса… Білмедім сол...
– Электронды БАҚ пен дәстүрлі БАҚ-тың қандай айырмашылықтары бар?
– Айырмашылық көп қой. Оны кестемен келтірмесем, сөзбен жеткізу оқырманға қиын болады. Шағын ғана мысал, біз блогерлер немесе “интернет адамдар” өзіміздің әлеуметтік желімізді, блогтарымызды, сайттарымызды мақтап жатамыз ғой. Дегенмен, радио мен телеарналарға қарағанда кемшін тұсымыз - ол екі БАҚ миллиондаған көрерменге сол мезетте бірден шығады. Яғни, қысқа уақыт аралығында мейлінше көп аудиторияны қамтиды. Есесіне, жаңағы айтқан интернеттегі ақпарат көздеріміз сол аудиторияға өздері іздеген уақытта, әрдайым дайын. Тауып аласыз да оқи бересіз. Бұларды, негізі, бір-бірінен айырып қажет емес. Бір-бірін толықтыратын құралдар ғой.
– Жақсы блогер немесе медиа-журналист болу үшін қандай қасиеттер керек?
– Білмедім. Бұл сұраққа google жақсы жауап береді. Менің ойымша, тұрақтылық керек, жүйелілік керек, пайдалы нәрсе жазу керек, елдің ортасында жүру керек. Бұл жердегі елдің ортасы деп отырғаным, журналист немесе блогерлер қауымымен тығыз қарым-қатынаста болу керек, аралас-құралас болу керек деген мағына. Бұдан да басқа пункттері көп шығар, басқалар айта жатар.
– Жаңа медиа туралы трендтерді бақылап отырасыз ба?
– Жоқ. Менің тікелей мамандығым болмаған соң ба, тура бір “Жаңа медиадағы өзгерістерді күнделікті бақылап тұрамын” деп айта алмайды екенмін. SMM яғни әлеуметтік желімен жұмысқа қатысты бірді-екілі блогтарды оқып, презентацияларыма пайдаланатыным болмаса, үнемі трендте емеспін. Алайда, “Сынықтан басқаның барлығы жұғады” дегендей, ақпараты сапырылысқан туиттер мен фейсбукте, блогтар мен сайттарда таңның атысы, күннің батысы отыратын болғандықтан, күнделікті жаңалықтар, өзгерістер, тың дүниелерді қалайын-қаламайын естіп, көріп, оқып отырамын ғой. Бірақ, бұл жерде ең басты ескеретін мәселе, жүйеліліктің жоқтығы. Яғни, миға сіңетін ақпарат жүйелі түрде қабылданбаса, ол бар болғаны қойыртпақ болып қалады. Біреу сұраса, жалпылама білуіңіз мүмкін, еміс-еміс естігеніңіз болу мүмкін, бір жерден көріп қалған болуыңыз мүмкін.
– АҚШ-тың Pew Research интернет зерттеу және анализ орталығының айтуынша АҚШ халқының 46% қазіргі күні, жаңалықты тек онлайн БАҚ-тардан оқиды екен, қалай ойлайсыз, болашақта біз де (Қазақстан халқы) осындай нәтижеге келуіміз мүмкін бе?
– Бара жатырмыз соған. Менің өзім қолыма газет алмағалы қай заман. Менің ең бірінші ақпарат алатын көзім - туиттер. Мыңның үстіне акаунтты оқимын. Мені емес, мен оларды оқимын. Өзіңіз есептей беріңіз. Күн сайын таңнан кешке дейін мың адам сізге информация жеткізіп тұрса, қандай болатынын…