Тимофей Скатовтың АҚШ ашық чемпионатындағы жолы аяқталды

30 Тамыз 2023, 09:48 760

Қазақстанның екінші, әлемнің 129-ракеткасы Тимофей Скатов АҚШ ашық чемпионатында жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Аталмыш «Үлкен дулыға» турниріне алғаш рет жолдама алған 22 жастағы теннисшіге бірінші айналымда-ақ мықты қарсылас тап болды.

Әлемнің 13-ракеткасы, аустралиялық Алекс де Минормен ойнаған Скатов бірінші партияда 2:6 есебімен есе жіберсе, екіншісінде есе қайырды – 6:3. Алайда содан кейін екі сет аустралиялық спортшының еншісінде кетті – 6:1, 7:5.

Қазақстанның екінші, әлемнің 78-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шыға алмады.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 58-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизанмен шеберлік таластырды.

Осыған дейін қарсыластар 2021 жылы Әбу-Дабиде кездесіп, онда Путинцева 6:3, 6:3 есебімен жеңген еді.

Бұл жолы бірінші партияда Юлия бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Екінші сетте Мартина 2:0 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді – 2:2. Тай-брейкте Тревизан сәтті ойнады – 7:6 (7:0). Үшінші, шешуші сетте италиялық теннисші 2:0 есебімен алға кеткенімен, Путинцева қатарынан төрт геймді алды – 4:2. Бірақ қарсыласы да қарап қалмады. Ақыры матч тағдыры тай-брейкте шешілді, есеп 7:6 (10:8), жеңіс италиялықтың еншісіне бұйырды. 

 

Асқар Таудай
Бөлісу: