Тим Дрейпер: Орталық банктер азайып, биткоинды ресми пайдаланатын мемлекеттер көбейеді

13 Қазан 2023, 17:35 892

Астанада өтіп жатқан «Digital Bridge 2023» форумында есімі әлемге әйгілі америкалық  венчурлық инвестор, Draper Fisher Jurvetson компаниясының тең құрылтайшысы және Дрейпер университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпер болашақта орталық банктер азайып, биткоинды ресми пайдаланатын мемлекеттер көбейеді деген болжам айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ ол өз сөзінде:

Орталық банктерде халықтың ақша аударуы мен операцияларына бақылау бар. Халық алдағы уақытта осы бақылауды алып тастауды талап етуі ықтимал. Банктен есепшот ашу үшін бегілі бір мөлшерде қаражат жұмсалады. Банктер де кейбір азаматтарға шот ашуға құқылы емес. Өйткені реттеушінің бақылауы қатаң. Тиісінше банкте шоты жоқ азаматтар биткоин арқылы өзінше экономикасын құрып жатыр, - деп мәлімдеді. 

Тим Дрейпердің пікірінше, болашақта орталық банктер азайып, биткоинды ресми пайдаланатын мемлекеттер көбеймек.

Биткоин пайдаланғанда салықтан жалтара алмайды, төлемдер автоматты түрде жасалады. Осы себепті де менің биткоин туралы пікірім айтарлықтай оптимистік тұрғыда, - деді спикер.

Сонымен қатар Тим Дрейпер не себепті кей криптовалюталардың сұранысқа ие болмай қалғанын айтты.

Кейбір криптовалюталар өміршең бола алмады, өйткені олар орталықтандырылған еді. Олар бір адамға байланған болатын. Ұлттық валюталар да орталықтандырылған. Тиісінше саяси күштерге тәуелді. Биткоин - орталықсыздандырылған, ашық және транспарент. Әр адам әлемдегі кез келген транзакцияны көре алады. Жалпы, биткоин біздің өмірімізді айтарлықтай жақсарта алар еді, - деп қорытындылады сөзін Тим Дрейпер.

Тим Дрейпер – миллиардер, 1985 жылдан бері жұмыс істейтін венчурлық компанияның иесі. Оның филиалдары әлемдегі ең ірі 26 технологиялық орталықта жұмыс істейді.  Тим Дрейпер 116 компанияға инвестор ретінде ақша салған. Олардың ішінде Skype, Hotmail, Tesla сияқты компаниялар бар.

EL.KZ
Бөлісу: