Тілеген Садықов: «Бейбітшілікті сүю — қазақтың қанында бар»

12 Сәуір 2016, 14:42

Биыл Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліске 180 жыл толып отыр.

Биыл Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліске 180 жыл толып отыр. Осыған орай назарларыңызға  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықовтан алған сұхбатымызды ұсынамыз.

 

— Тілеген Садықұлы, Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің маңызы неде?  

— Бұл қазақ тарихындағы іргелі оқиғалардың бірі. Себебі, өздеріңіз білесіздер он сегізінші ғасырдан бастап қазақ даласына орыс имериясының жаппай отарлау саясаты жүре бастады.  Сондықтан, он сегізінші ғасырдың соңында Кіші жүз жерінде атақты Сырым Датұлының көтерілісі басталды. Бұл  көтеріліс 14 жылға созылған болатын. Одан кейін он тоғызыншы ғасырдағы үлкен көтерілістердің бірі — Исатай мен Махамбет көтерілісі. Ұлт азаттық көтеріліс деген ұғымның пайда болуы Ресей империясының отарлау саясатымен тығыз байланысты. Сырым Датұлының бастаған көтерілісі барлық Кіші жүзді қамтитын болса, Исатай мен Махамбеттің бастаған көтерілісі Ішкі Ордаға бағытталды. Бұл көтерілістің маңыздылығы ерекше. Өйткені, олар тек қана бай-манаптарға ғана емес, сондай-ақ, патша өкіметіне қарсылығын білдірді. 

— Көтерілістің қолбасшысы және оны бастаушы ретінде біз Исатай Тайманұлын білеміз. Дегенмен, бұл көтеріліс тарихта «Исатай мен Махамбет» көтерілісі деген атаумен қалды. Сонда көтеріліске Исатайдың сіңірген еңбегі қандай? 

— Махамбеттің кез-келген жырын қарайтын болсаңыз оның елдікке, ерлікке шақырғанын байқауға болады. «Ереулі атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме?» деген шумақтары айқын дәлел. Бұл екі тұлғаны бөліп жаруға болмайды. Махамбеттің мықтылығы — өзінің жалынды жырларымен халықты осы көтеріліске тарта білді.  Демек, Махамбетті көтерілістің идеологиялық жағын басқарушы ретінде қабылдауға болады. Екі батыр бірін-бірі толықтырып отырды.

— Көтерілістің жеңіліс табу себебі неде?

— Көтерілістің жеңіліске ұшырауының негізгі себептері: ең алдымен, қозғалыс алдын ала мұқият ұйымдастырылмады, оның айқын бағдарламасы болмады, көтеріліс жергілікті шашыраңқы сипат алды. Патша үкіметінің әскерлері мылтық, зеңбіректермен жарақтандырылған еді. Кейде зеңбіректен үсті-үстіне бірнеше оқ атудың өзі көтерілісшілерді кейін шегінуге мәжбүр етті. Қазақтардың қолында ондай қару болған жоқ. Көтерілістің жеңіліп қалуының басты себептерінің бірі осы. Және Сырым Датұлының жасақтары сияқты, бұл жолы да екі бағытта — әрі патша үкіметіне, әрі хан билігіне қарсы күрес жүргізілді. Мұның өзі көтеріліске қатысушылардың жағдайын әлде - қайда қиындата түсті. Оның үстіне, көтерілісшілерді казак жасақтары мен түрақты орыс армиясы бөлімшелері жан-жағынан түгелдей дерлік қоршауда ұстады. Кіші жүздің далалық бөлігіндегі қазақтардан көмек күту де мүмкін емес еді. Өйткені Жайықтың сырт жағындағы қандастармен байланыс жасауға шекара шебіндегі орыс әскерлері жол берген жоқ. Жазалаушы отрядтың әскери-техникалық тұрғыдан басымдығы бірден байқалды. 1838 жылы Қиыл және Ақбұлақ өзендерінің бойында көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында шешуші шайқас өтті. Сол шайқаста көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлы және 80 сарбаз қаза тапқан еді.

— Көтерілістің жеңіліс табу себебі отты қарудың болмауында деп қалдыңыз, тарихқа үңілетін болсақ оның маңыздылығын біз бір ғасыр бұрын түсіндік қой. Неге осы уақыт аралығында қазақтар көрші жатқан Қытай елінен немесе Ресей империясынан қару жасаудың қыр-сырын меңгерген жоқ?

— Сұрақ өте орынды. Біз бұл мәселені үшке бөліп қарастыруымызға болады. Біріншіден: қазақ даласында тұрақты әскер болмаған. Тіпті, Кенесарының он жылға созылған көтерілісі кезінде халық әр тайпадан жиылып ел бостандығы үшін күрескен. Екіншіден: Бұл уақытта өзінің отаршылдық саясатын жүргізіп бастаған Ресей империясы қазақтарға тұрақты әскер ұстап, қарумен жарақтануына мүмкіндік берген жоқ. Үшіншіден: Бейбітшілікті сүю — қазақтың қанында бар. Біз ешқашан алдын-ала әскер жасақтап, қару жимаған халықпыз. Исатай мен Махамбет көтерілісінен жүз жыл кері шегінетін болсақ, жоңғарлармен созылған жүз жылдық соғыста Ресей империясы қазақтарды әлсірету мақсатында жоңғарларға астыртын қару-жарақ беріп отырғаны туралы деректерді байқауға болады.

«Біз осы көтерілістердің арқасында өзімізді басып-жаншытпай қашан да еркіндікке, тәуелсіздікке ұмтылып отыратын халық екенімізді көрсеттік»


— Сонда толығымен жеңіске жеткен ұлт-азаттық көтеріліс қазақ тарихында болмаған ба?

— Бұл мәселенің екі ұшы бар. Егерде бұл оқиғаларға «соғыс» деп қарайтын болсақ — толығымен жеңіске жеткен ұлт-азаттық көтерілісі болмаған. Мысалы: 14 жылға созылған Сырым Датұлының көтерілісі соңында келісіммен аяқталған. Он жыл бойы кеудесін жауға бермеген Кенесарының өзі опасыздық салдарынан жау қолына түсіп қаза тапқан. Екі жылға созылған Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс те басылған. Мұндай оқиғаларды қарастырғанда оның тарихи маңызы туралы айтамыз. Біз осы көтерілістердің арқасында өзімізді басып-жаншытпай қашан да еркіндікке, тәуелсіздікке ұмтылып отыратын халық екенімізді көрсеттік.      

— Биыл Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліске 180 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында көпшіліке айтылмаған тың деректер бар ма?

— Әрине бар. Кез-келген тарихи оқиғалардың, оның ішінде Ресей империясының отарлау кезінде болған жайттардың тарихи беттері толық ашылды деп айта алмаймын. Орынбор, Омбы, Санк-Петербург архивтеріндегі орыс шенеуліктерінің көтеріліске қатысты жазған хаттары зерттелген жоқ. Олай болса, оқиғаның негізгі желісін білгенімізбен, бұл әлі де зерттеуді талап ететін мәселе деп қабылдауымыз қажет. Мұнымен болашақ тарихшылар айналысады деген ойдамын. 


Рүстем ӘЛПИ

Суреттерді түсірген — Нұрбек Әлманбетов

Бөлісу: