Тіл туралы заңға өзгеріс енгізбей, мәселе шешілмейді

1 Наурыз 2014, 10:27

Кеңестік кезеңде өз Отанында екінші қатарға ығыстырылған қазақ тілі өткен ғасырдың 80-жылдары мемлекеттік тілге айналған еді.

Кеңестік кезеңде өз Отанында екінші қатарға ығыстырылған қазақ тілі өткен ғасырдың 80-жылдары мемлекеттік тілге айналған еді. Бұл мәртебе еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін конституциялық шешімін тапқан-ды. 1997 жылғы  «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңда ана тіліміздің негізгі құқықтық қағидалары одан әрі дамытылды. Осы заңды жүзеге асыру мақсатында бірнеше маңызды құжаттар қабылданып, алдағы басым бағыттар мен міндеттер айқындалған болатын.

Мұның барлығы ана тілдік кеңістікте қаншама жыл сірескен тоңды жібітті. Қоғамдық өмірдің барлық салаларында елеулі-елеулі оң өзгерістер дүниеге келді. Бірер мысалға жүгіне кетейік. Тәуелсіздік алған жылдары республикада қазақ тілінде оқитын балалар саны 900 мыңнан 1 миллион 594 мыңға өсті. Осыдан 10 жыл бұрын қазақ мектептері барлық мектептердің 38 пайызын құраса, қазір бұл көрсеткіш 47 пайызға жетіп отыр. Алайда, жетістіктер әлі ауыз толтырып айтарға мардымсыз. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қарапайым қағида да орындалмауда. Тіпті «Қазақстанның болашағы –қазақ тілінде» деген ұлағатты сөз билік басындағыларды сел еткізетін емес. Неге бұлай? Мұның қандай себептері бар?  Тығырықтан шығар жол қайсы? Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесі толыққанды қашан жұмыс істемей? Міне, осы мәселелер төңірегінде  ой бөліссек деген мақсат қолға қайта қалам алдыртып отыр.

Ең бірінші айтарымыз – ана тілімізге байланысты атқарушы билік тарапынан  кең көлемде белсенді іс-әрекет жоқ. Іс-шаралар көбіне қағаз жүзінде. Конституцияда «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай айқын жазылған. Ал «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабының екінші бөлігінде «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп атап көрсетілген. Шынтуайтына келгенде, мәселе осыдан әріге жылжитын емес. Мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілі өз иесінің күнделікті өмірінде негізгі қолданыс тілі бола алмай, мемлекеттік органдарда аударма тілге айналып, іс жүргізу мен қызметтік қарым-қатынас жасауда қосалқы сипатта қалып отыр. Соңғы он жылда Парламентке ұсынған мың жарымдай заң жобаларының бірде-біреуін Үкімет мемлекеттік тілде дайындаған жоқ. Басқа мемлекеттік билік тармақтарына қарағанда, ұлттық сипаты басымдау болуға тиісті және өзі тіл туралы заң қабылдаған Парламент те мемлекеттік тілге байланысты тиісті дәрежеде талап қоя алмай отыр.

Бүгінгі үлкен кемшілік – мемлекеттік тілге қатысты қабылданған заңдық нормалар мен құжаттардың орындалуын қадағалаудың қаттырақ айтсақ жоқтығы, жұқартып айтсақ жетімсіздігі. Мысалы, «Тіл туралы» Заңның 23-бабының “Мемлекеттік тілді  белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді” деген практикалық пайдалы норманың орындалуы тапсырылған Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1997 жылдан бері әлі ойлану үстінде. Тиісті органдар тарапынан бақылаудың жоқтығынан Үкіметтің 1998 жылғы 14 тамызында қабылдаған «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» қаулысындағы «іс қағаздарын жүргізу және ресми құжаттар әзірлеуге қатысты құрылымдар мамандарының мемлекеттік тілді білуі мен оны мемлекет қаржысының есебінен оқып-үйренуі кәсіби біліктілік талаптары қатарына жатқызылсын» деген қағида да ұмыт болды. Осы қаулыда «орталық атқару органдары 1999 жылдың 1қаңтарына дейін өздерінің ресми шараларын, алқа мәжілістері мен түрлі жиындарын өткізетін залдарын ілеспе аударма жасауға қажетті техникалық құрал-жабдықтармен, мамандармен қамтамасыз етсін» деген тапсырма да қадағалаусыз қалды. Осыған байланысты республикалық билік мекемелеріндегі жиындарда  сөйленген сөздер екінші  тілге аударылмай, негізінен қазақ тілділер өзінің табиғи құқығын пайдалана алмай, кейбіреулердің айтатынындай, түсінікті тілде - орыс тілінде сөйлеуге мәжбүр болып жүр. Соның салдарынан қазақ азаматы өз тілінде ақпарат алу және өз тілінде сөйлеу құқығынан айырылып, конституциялық норма тікелей бұзылып отыр.

Соңғы кезде ата-аналар мен  оқытушылар қауымын ұл-қыздарымыздың оқу орындарын қазақ тілінде бітіргеннен кейінгі тағдыры толғандыруда. Қазір қазақ тіліне сұраныс негізінен ауылдық жерлерде. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілі орыс тілімен жуық арада тең қолданылатын емес. Үкіметтік емес ұйымдарды, коммерциялық мекемелерді тіпті сөз етудің қажеті жоқ. Сол себептен қоғамда қазақ тілінде оқыту қажет пе деген сұрақ та бар. Мұндай сұрақтың тіліміздің қазіргі жағдайына күйінгеннен кейін туып отыруы да мүмкін. Дегенмен мәселе күрделі. Оның үстіне кейінгі кезде ресми органдарда ағылшын тілін үйрену жөнінде көбірек айтыла бастады. Қазіргі заманның талабына сай жастарымызды шетел тілін, оның ішінде ағылшын тілін білуге бағыттау орынды. Бүгінгі әлемдік өркениет деңгейі осыны талап етеді. Бұл Қазақстанның дүниежүзілік қауымдастықтың субъектісі ретіндегі  қажеттіліктен де туындайды. Алайда мұның барлығы да ұлттық тілдің тұғырына орналасуы қажет. Көбіне осы мәселе ұмыт бола береді.

Қазақ тілінің күйі республика ақпарат кеңістігінде де аянышты. Бұқаралық ақпарат құралдарының 20-ақ пайызы қазақ тілінде болып отырғанда басқа не айтамыз? Тіпті кейбір кісілердің қазақ тіліндегі хабарлар телерадиоарналардың рейтингін түсіреді деген байбаламдарын да естігенбіз. Кінә қазақ тілінде емес, хабарды ұйымдастырушыларда. Ана тілімізге  келсек, ол өзінің оралымдылығы мен образдылығы, терендігі мен мазмұндылығы, дәлдігі мен нақтылығы, көркемдігі мен әсемдігі жағынан дүние жүзінің ешбір тілінен кем түсе қоймайтынын бізден бұрынғылар талай айтқан, тамсана жазған.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру - бірінші басшылардың жауапкершілігін көтеруді қажет етеді. Оны мекемелерде болған кездерімізде байқап жүрміз. Сол сияқты тіліміздің мәртебесін әлсіреткісі келетіндерге тыйым салудың амалдарын қарастыру керек. Өмір, уақыт талабынан туындаған ана тілдік кеңістіктегі қатынастың басқа да соны көріністерін тап баса білу, оларды заңдық жағынан реттеу сұранып тұр. Кейінірек «Тіл туралы» жаңа Заң болмаса басқа елдердегідей «Мемлекеттік тіл туралы»арнайы Заң қабылданып жатса, артық болмас еді.  

Шет елдерде мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметтің басты талаптарының бірі. Бұл қатаң сақталады. Мемлекеттік тілді білмейтіндердің мемлекеттік қызмет түсіне де кірмейді. Бізде, әрине, жағдай басқашалау, онымен әзір есептеспеске болмайды. Сол себепті бұл бағыттағы маңызды қадам қатарында мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде білу керек деген талапты күн тәртібіне көтеріп, оны жүзеге асырудың амалдарын іздестірген жөн. Сонан кейін барып «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның мемлекеттік қызметшілердің негізгі міндеттерін ашып көрсететін 9-бабына және мемлекеттік қызметке кіру кезінде қойылатын талаптарды айқындайтын 13-бабына «мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде білуге міндетті» деген заңдық норманы енгізген дұрыс болар еді. Бұның билік органдарында мемлекеттік тілді білетіндер қатарын көбейте түсетіні даусыз.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеретін жан-жақты ұйымдық-насихаттық жұмыс аса қажет. Қоғамда мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік пен құрметтеу отаншылдық қасиеттің бөлінбес компоненті деген ұғымды қалыптастыру, мемлекеттік тілді білгісі келгендердің ықыласын бағалап, көтермелеп отыру да маңызды. Бұл бағытта Мәдениет және  ақпарат министрлігі құрамында құрылған Тілдер комитетінің жұмыс ауқымын кеңейтіп, оның жер-жердегі құрылымдарын нығайта түскен жөн. Осы сәтте біздегі термин мәселесін де айта кеткен артық болмас еді. Өйткені мемлекеттік тілді дамыту термин мәселесін қалыптастырмай жүзеге аспайды. Сондықтан Тіл комитетінің қарамағында осы мәселемен нақты айналысатын мықты басқарма құру керек. Бұл қоғамдық негізде шешетін мәселе емес. Сонан соң мемлекеттік тапсырыс жолымен қаржылай қолдау көрсетсе, кеше сан-салалы жұмыс атқарып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе алу үшін ерекше күрескен,  мол тәжірибе жинақтаған, кейінгі кезде тиісті қолдаудың жоқтығынан қызметі төмендеген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы да жұртшылық арасында ана тілімізді насихаттауда көп жұмыс жүргізе алар еді.   

Сөз соңын кешегі Ұлы отан соғысының айбынды қаһарманы, ұлтымыздың рухани майданының да қас батыры Бауыржан Момышұлының билік басындағыларға арнаған: «Біз кім едік, кімбіз, кім боламыз деген сұраулар әлі күнге жауапсыз қалып кетіп жатқан жоқ па? Қазақпын деп мақтануды ар көретін, қазақтың тілінде сөйлеуді масқаралық  көретін салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбі не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бірдеме болып өсіп жатқанын  неге көрмейсіңдер» деген сөзімен аяқтағым келіп отыр. Осыдан алпыс екі жыл бұрын айтылған Баукеңнің жанайқайы бүгін ерекше естіліп, айрықша мәнді болып тұр.

Шіркін, осыған құлақ түретін жан билік басында ол кезде болмап еді, жағдай көтермеп еді. Ондайлардың бүгін де аз болып отырғаны жаныңды қинайды. Батысқа талғамай табынудан, капитал бәрін шешеді деген  ұғымға ой тоқтата алмай отырған қалың қазағымыздың да ұлттық намысы, берік ұстанымы, белсенді іс-қимылы жетпей тұрғаны өкінішті-ақ.

   // Ана тілі, 29 (814)-30(815), 20-26 шілде, 27шілде -2тамыз, 2006 жыл.

Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.

Бөлісу: