Тіл тағдыры – ұлт тағдыры

1 Наурыз 2014, 10:24

Ана тіліміз - халқымыздың тағдыры. Керек болса бұл біздің қазақ болып қалу,қалмауымыздың мәселесі.

Ана тіліміз - халқымыздың тағдыры. Керек болса бұл біздің қазақ болып қалу,қалмауымыздың мәселесі. Өйткені тіл - халықтың жүрегі. Тілінен айрылған халық ұлт есебінде өзін де жояды. Бұған адамзат тарихы куә.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына 15 жылдан асты. Бүгінгі күні ана тілімізге қажетті құқықтық база аз емес. Конституциялық, заңнамалық нормалар жеткілікті. Үкімет республикадағы тілдерді дамытудың бағдарламаларын кезең-кезеңмен жасап, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте түсу туралы бірнеше қаулылар да қабылдады. Олардың белгілі дәрежеде нәтиже беріп жатқаны даусыз. Алайда, шаралардың орындалу қарқыны да, деңгейі де бүгін тәуелсіздік арқасында өз республикасында басым көпшілікке ие болып отырған халықты тіпті де қанағаттандырып отырған жоқ.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» - деді. Бұдан артық қалай айтуға болады? Бірақ осы бір қарапайым қағида  да орындалатын емес. Президентіміз қазақ тіліне ерекше мән беріп, оның Қазақстан халқын топтастырушылық рөлін ылғи айтып келеді. Бұған да  құлақ аса қоятындардың қатары көбеймей отыр.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы неге кеңімейді? Неге ана тілі өз иесінің күнделікті өмірінде негізгі қолданыс тілі бола алмауда? Неге мемлекеттік тіл іс жүргізу мен қызметтік қарым-қатынас жасауда әлі күнге дейін қосалқы сипатта ғана болып, аударма тіл дәрежесінен көтеріле алмай отыр?

Осы сұрақтар төңірегінде бірер пікірімізді білдірелік. Мәселені сонау қайта құру дәуірінен бастаған жөн. 1989 жылы қоғамымыз үшін аса бір сындарлы кезеңде қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Рас, ол оп-оңай бола қойған жоқ. Бірақ мемлекеттік тіл мемлекет егемендігінің аса маңызды компоненті есебінде қарастырылып, тиісті органдар Қазақстанды тарихи мекен еткен қазақ ұлтының тілінің сақталуы мен дамуын қорғайтын құқықтық нормалар қабылдай алмады. Мысалы, Әзірбайжан Республикасының “Мемлекеттік тіл туралы” Заңының 1-бабында Әзірбайжан Республикасы  түркі тілін мемлекеттік тіл есебінде пайдалануды мемлекет егемендігінің негізгі шарттарының бірі ретінде қарастырып, оның пайдаланылуы, сақталуы және дамуы жөнінде қамқорлық жасайды делінген.   

Тіліміздің иығына мемлекеттік мәртебе шапанын жабумен шектелдік те, осы киімнің астында өзің ретін тауып өсерсің деген пиғыл таныттық. Әрі қарай әрекетсіздік  белең алып алып қана қойған жоқ, қайта жаңа мәртебеге қайшы заңдық нормалар қабылданды. Онсыз да тегеурінді, ондаған жыл жеке билеп келген орыс тіліне 1993 жылғы Конституцияға сәйкес берілген ұлтаралық қатынас тілі мәртебесі, Ата Заңдағы "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деген конституциялық норма  әлі қауқарсыз қазақ тіліміздің алқымына бұғау салып, онсыз да жетісіп тұрмаған тынысын тарылтты. Ал ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін жүзеге асырар тиімді заңдық механизмдер  жан-жақты ойластырылмады.

1997 жылы қабылданған “Тіл туралы” Заң да қазақ тілінің көсегесін көгертетіндей принципті жаңалық әкеле қоймады. Барлығы  27-баптан тұратын “Тіл туралы” Заңның 12-сінде орыс тіліне қамқорлық мәселелері қарастырылды. Мұның үстіне “Тіл туралы” Заңға байланысты кез келген жарнама, мекеме мен ұйымдар, тіпті сауда орындарының аттары екі тілде жазылатын үрдіс толық орын алды. Сөйтіп, мемлекеттік пен ресмиліктің арасына теңдік белгісі қойылды.

“Тіл туралы” Заңның  көптеген баптарының тиісті бақылаудың жоқтығынан орындалмауы жөнінде аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Қоғамымызда заңды сыйламау психологиясы жоқ емес. Мысалы, осы Заңның  23-бабының “Мемлекеттік тілді  белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі  Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді” деген қағида 1997 жылдан  бері орындалмай келеді. Қазір Астана қаласындағы көшелер атаулары  үш тілде жазылып, ілінуде. Бұл үлгі енді республикаға тарайды.

Бүгін қоғамымызда күрделі саяси-әлеуметтік және экономикалық өзгерістер жүзеге асуда.Тәуелсіздігіміз тұғырлана түсті. Енді рухани мәселелерге де тікелей бет бұратын кезең келді. Ана тілімізді де ұлықтайтын мезгіл жетті. Құдайға шүкір, республикамызда байырғы халық басым көпшілікке айналды. Соңғы бес-он жылда  тілдік қатынас кеңістігінде қалыптасқан аз да болса  оң өзгерістер тиісті заңнан орын алуы  керек.

Келесі мәселе бұдан да күрделірек. Бұл бүгінгі ұлттық сана  жөнінде. Қайта құрудан басталған  ұлттық қайта түлеуге бетбұрыс егемендікке жету мен тәуелсіздікті алу идеяларынан ары аса алмады.Өткен ғасырдың 90-жылдары қол жеткен, сан ғасыр арман болып келген саяси азаттық ұлттық рухани бұлақтан суғарылмады. Тәуелсіздік үшін күресте ту етілген асқақ идея жаңа жағдайдағы ұлттық мұраттарымызды шешуге, кешегі кеңестік кезеңде социалистік интернационализм идеясымен уланған санамыздың жаңаруына ықпал ете алмады. Оның үстіне таңдамай, талғамай батысқа табыну жаңа қоғамда ұлтсыздық сананың белең алуына жол ашты. Бұл бүгін тек орысша оқып, тек орысша тәрбие алған, тек батысты ғана мойындайтын ұрпақтың санасын жаулап алып отыр. Соның нәтижесінде қазір қазақ қоғамында белгілі бір топтарда ұлтсыздық сана қалыптасты. Оның, әсіресе   ең жоғары билік маңайында жүрген қаракөздерімізді шарпығаны қиын болып тұр. Олардың  қазаққа өз ана тіліңді біл дегенді “дискриминация” деп,   реті келсе өз тіліне қарсы шығып жүруі тегіннен тегін емес. Олардың ұлттық идеяны да мойындай бермейтінін, “қазақ ұлтының” орнына кешегі кеңес адамы дегендей “қазақстандық ұлт” деулерінінің төркінін осыдан іздеген жөн.

Бүгін тәуелсіздігіміздің мүшел жасын тарих төріне жіберген жағдайда жарты миллондай қазақ отбасында орыс тілінің қатынас тілі болып отыруы, мүмкіндік бола тұрып баламызды өз тілімізде оқытып, тәрбиелеуге құлықсыздығымыз, біле тұрып қазақша сөйлеуге ынтасыздығымыз, тіпті өз тілімізде амандаса бермеуіміз де  осы ұлтсыздық сананың үстемдік етуінен болып отыр.

Ең қиыны - ұлтсыздық сана ұлттық ойлау жүйемізді бұзып,  ұлттық танымымызға  қатты әсер етуде. 2003 жылы "Жарнама туралы" Заң жобасы Мәжілістің отырысында талқыланғанда телерадио хабарларында ішімдікті жарнамалауға тыйым салыну жөніндегі ұсынысқа кеше ғана аудан, қала басқарған бірсыпыра әріптестерімнің қарсы болғандарын көріп, несін жасырайын, жағамды ұстадым. Рас, бұл жерде халықтың мүддесінен өз мүдделерін жоғары қою психологиясы да болды. Сондай-ақ  "Сайлау туралы" Заң жобасы кеше Парламентте қаралғанда, депутаттыққа үміткер қазақтар өз тілін-мемлекеттік тілді білуі керек деген А.Айталы бастаған  депутаттар ұсынысына көптеген қазақ әріптестерінің қолдамауы да осының жарқын мысалы бола алады. Осы жерде бір мәселені айта кеткен артық болмас. Мұндай сұрақтар мемлекеттік тілді мойындайтын елдерде тіпті қойылмады да.Тілдің мемлекеттік мәртебесі сол тілге қатысты бар мәселені шешеді.

Сөз соңында айтарымыз - ұлттық сана барлығымызда оянбай ұлттық мүддемізді әсте жүзеге асыра алмаймыз. Мәселеге тереңірек үңілсек, істің тетігі осында. Сол себепті қазақ тілінің шынайы мемлекеттік мәртебеге жетуі үшін ең бірінші қалың қазақтың ұлттық намысы, азаматтық ұстанымы, белсенді іс-қимылы  қажет. Мемлекеттік тіл мәселесі мейлінше өткір қойылып жүрген Балтық жағалауындағы Латвия, Литва, Эстония мемлекеттерінде тіл тағдыры көбіне-көп бұқара халық белсенділігімен, биліктегі ұлт өкілдерінің ұлтжандылық қасиеттерімен шешілуде. Бізге де осылар керек-ақ. Сонда ғана газет бетіндегі арманымыздай қазақ тілінің ақ сценарийі шындыққа айналар еді.

//“Егемен Қазақстан”, №76 (24034),  19 сәуір, 2005 жыл

Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.

Бөлісу: