Тіл – татулық тірегі

20 Ақпан 2015, 12:17

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық байқау ұйымдастырған болатын.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық байқау ұйымдастырған болатын. Байқаудың мақсаты - Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыру.

Қорытынды кезең бүгін, 20 ақпан күні Астана қаласында Қазақ Ұлттық өнер университетінде өтті. Оған бірінші өңірлік кезеңнен өткен үміткерлер қатысты. Қазақстанның әр өңірінен жиналған үміткерлер қорытынды кезеңде «Мемлекеттік тілді білу – бұл...» деген тақырыпта эссе жазды. Одан кейін, шара ұйымдастырушылары журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Назипа Шанаи:

 — Бұл өткізіліп жатырған шара 2000 жылдан бері ЮНЕСКО белгілеген «Халықаралық ана тілі күніне» арналып отыр. Біздің мемлекетіміздің тұрғысынан қарайтын болсақ, Қазақстанның Ата заңына сәйкес Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Жалпы, қазақстандықтар үшін ана тілі – ол қазақ тілі. Сондықтан, бүгін міне Қазақстанның барлық өңірінен мемлекеттік тілді толық меңгерген өзге ұлт өкілдерінің жастарының басын қосып отырмыз. Жылдан жылға бұл жастардың арасында тілге деген қызығушылық артып келеді. Себебі, мемлекеттік тіл адамның, соның ішінде жастардың қоғамдық өмірде өз орнын табуға бағыт-бағдар беретін шамшырақ. Қазақстан халқының мемлекеттік тілді үйренуге деген бүгінгі көзқарасын білгіміз келсе, онда сол статистикадан айтуымызға болады. Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, жалпы халықтың 87,3% мемлекеттік тілді білуге міндеттімін деп санайды екен. Ал, өткізіліп жатырған шара бұл тілді насихаттау кезеңі емес, біз насихаттау кезеңінен өтіп кеткенбіз. Бұл бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі. Олардың өз саласында осыны іске асырып жүргендігін көрсету болады. 

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова:

 — Алдымен, осы жиынға жиналған қауымды "Халықаралық ана тілі күнімен" құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты қазақ тілін зерттейтін әлемдегі жалғыз мекеме. Жалғыз мекеме деп мақтанып айтып отырған жоқпын, бұйырса, осындай үлкен шараларды атқарып жатсақ, біздің мекеме сияқты қазақ тілін зерттейтін ғылыми орындар елімізде көбейеді деп сенемін. Корпус туралы айтатын болсақ, қазақ тілінің ұлттық корпусы дегенде сіздерде қазір бір қарапайым ғана түсінік қалыптастыру үшін уақыт аз болғандықтан, бұл қазақтың кез келген сөзінің паспорты десек болады. Корпусты жасаған елдерге тоқталатын болсақ, ең мықты корпус - ол Ұлыбританияда, Ресейде және Финляндия мен Жапонияда. Басқа да елдерде ұлттық корпустары бар, алайда мен келтірген ұлттық корпустар сапасы жағынан да, көлемі жағынан да ауқымды болып келеді. ҚР Президентінің Әкімшілігінің және Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жүзеге асырғалы отырған осы жоба нәтижесін беріп жатса, қазақ тілінің де ұлттық корпусы жаңа айтылған үлкен корпустардан қалмайтындай дәрежеде болады деп сенемін. Корпус деген кезде барлық қазақ тілінде шыққан, барлық графикалық жүйелермен жарияланған мәтіндердің электрондық жиынтығын көз алдарыңызға елестетуге болады. Бірақ, интернетте де мәтіндер тұр ғой, деп айтарсыздар. Енді корпустың одан ерекшелігі неде? Корпус ол аннотацияланған мәтіндер, яғни сіздер онлайн режимде кез келген сөзді іздеп корпусқа кірсеңіздер, сол сөз қолданылған, базаға енгізген барлық мәтіндер түгел шыға келеді және сол сөз туралы сізге орфографиялық, грамматикалық, лексикалық анықтама беріледі. Лексикалық анықтаманың ішінде оның тілдік мағынасы беріледі, сонымен бірге сол тілдік мағынаның астарында сақталған мәдени коннотация да беріледі. Содан кейін, сол сөздің қазақ мәдениетіндегі қандай құбылысты атап тұрғаны, ол құбылыс қазақ мәдениетіндегі ұандай мәдениетке рухани мәдениетке ме, материалдық мәдениетке ме, қайсысына жататыныны туралы ақпарат беріледі. Сондай-ақ, сіз ол сөзді қолданған авторлар туралы толық мәлімет аласыз. Егер біз осылай қазақ тілінің ұлттық корпусын жасақтап, жинақтап алатын болсақ, біріншіден, біздің еліміздегі кез келген азамат қазақ тілін онлайн режимде, қазақтың сөзінің мағынасын онлайн режимде игере алады. Екіншіден, корпустың арқасында біздің тілтанушылар қазақ тілін зерттеуге бай мүмкіндік алады, тіпті филология факультетінің кез келген студентінің өзі корпустың арқасында біздің тіліміздегі болып жатқан құбылыстарды бақылап, қадағалап отыруына болады. Сөздіктер жасау ісі әлдеқайда оңайлай түседі және сөздіктердің сапасы да арта түседі. Корпус бұл тек қана қазақ мәтіндерінің ғана жиынтығы болмайды, кез келген елдің дамыған корпусында параллель корпустар болады. Егер біз параллель корпусты дамытатын болсақ, онда қазақ және ағылшын тіліндегі бірдей мәтіндер қоса беріледі. Сол сияқты Қазақстанда қазір бізде тату-тәтті өмір сүріп жатырған барлық ұлттардың тілінің қазақ тілімен бірге параллель корпустарын енгізуге болады. Осы бастаманы Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдап, жүзеге асыруға ниет білірдіріп отырғаны үшін біз қатты қуаныштымыз. Тіл білімі институты қазіргі таңда қазақ тілінің 7 миллиондай сөздік қоры қамтылған шағын корпусын жасақтады.

«Ассамблея жұмысының негізгі бағыты қоғамдағы мәселелерге шешім көрсету. Осы тіл мәселесіне келгенде негізгі мәселе - орнықты, жақсы әдістеменің жоқтығы. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша Тіл комитеті тарапынан,  Тіл басқармасының тарапынан, ғылыми интеллегенция тарапынан бұл бағытта атқарылып жатырған жұмыстар өте көп. Бірақ осы мәселеге көтерілген соң біз де осының қолға алуды мақсат тұттық. Сонымен 2010 жылы біз "Тіл дарын" деген оқу-әдістемелік бағдарламалар әзірлейтін орталық ашқанбыз. Сол орталықтан шыққан әдістеме Қазақстанда өз нәтижесін беріп жатыр,»-дейді Назипа Ыдырысқызы.

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданындағы спорт мектебінің іс-қағаздар жүргізушісі Меруерт Әлиева:

 — Мен қазақ мектебін бітірдім. Қазақ тілін бірінші сыныптан бастап оқыдым, сондықтан мен үшін қазақ тілін үйрену еш қиындық тудырған жоқ. Қазақстанда жүз отыздан астам ұлт өкілдері бар екенін білеміз. Осыншама ұлт өкілдері бір әке мен бір ананың баласындай, бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп отырғанымыз үшін Елбасымызға ризамыз. Елбасының саясатын әрдайым қолдаймыз. Менің туып-өскен жерім ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлының мекені екеніне мақтанам. Абай шығармаларын жиі оқып тұрам. 

Жиын бұнымен аяқталған жоқ. Баспасөз мәслихатынан кейін байқауға қатысушылар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Байқаудың бірінші күнінің қорытындысы бойынша қатысушылар үшін Астана қаласына экскурсия ұйымдастырылады. Ертең үміткерлерді ауызша тапсырмалар аясында өз өңірін таныстыру және «Ой жарыс» байқауы күтіп тұр. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау және концерт ұйымдастырылады.

Материалды әзірлеген - Қаламқас НҰРМАҚОВА

Бөлісу: