Тіл аман болса – ел аман

10 Қараша 2022, 14:10 2171

Қазақстан секілді шағын ел алдағы уақытта ассимиляциялану үрдістерінен тыс тұра ала ма? Тыс тұра алатын болса, оның қандай жолдары бар?

Жуықта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы еліміздің заңдарына мемлекеттік тілді білмейтіндерді азаматтыққа қабылдаудан бас тартуды көздейтін түзету әзірленетіндігі туралы хабар тарады. Ресми ақпарат көздері бұл мәселеге соншама мән бере қоймағандай кейіп танытқанына қарамастан аталған хабардың халық арасында кеңінен тарап кетуі – тілге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу, соның ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мәселесі қазақ елінің көптен күткен, тіпті аңсау үстінде келе жатқан дүниесі екендігін айғақтай түскендей.

«Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың негіздерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көздейтін, сондай-ақ қос азаматтығы фактілерінің алдын алуға бағытталған түзетулер әзірленді» деп атап өтеді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында. Былай қарағанда, елеусіздеу көрінетін осы жауап неге жұртшылықтың назарын аударып, қызығушылығын туғызып отыр? Әдетте қабылданып жатқан заңдардың өзіне көп назар аудара қоймайтын БАҚ өкілдері мен блогерлер, жалпы қарапайым көпшілік «заңнамаға өзгеріс енгізіледі» деген бір ауыз сөзге неге елең ете түсті?

Себебі тіл мәселесі қоғамда аузы жарылғалы тұрған жарадай әбден толғағы жеткен мәселелердің бірі екендігін билік те халық та жақсы түсініп отыр. Бұл бір күннің емес, бір жылдың емес, тіпті он жылдың емес, қазақ халқы өз жерінде отырып-ақ азшылыққа айналған кеңестік кезеңнің қойнауынан басталған зардабы да зары да мол жыр. Оның үстіне, бұл бір қазақтың ғана жыры емес, саны мол, саясаты мығым басқа халықтармен жақындасу салдарынан ұлт пен ұлыс, ел ретінде жойылып кеткен, жойыла бастаған немесе жойыла жаздаған қаншама ірілі-ұсақты халықтардың жыры. Осы бір ауыр кептің жалпыға ортақ сипатын түсіну үшін біз ассимиляция деп аталатын құбылысты біраз зерттеп көрген едік. Енді осы мәселенің өзіне келейік:

Ассимиляция қырлары

Ассимиляциялану, бұл – бір халықтың екінші бір халықпен, әсіресе, көрші халықтармен араласуының нәтижесінде өзінің ұлттық ерекшеліктерінен айырыла отырып, сол халықпен бірегейлену құбылысы. Ол көбінесе жеке адам немесе отбасыларға қатысты басталады да барынша белең алған кезінде халықтың қалың бөлігін қамти түседі. Сөйтіп бір ұлт екінші бір ұлттың құрамына сіңісіп кетеді. Бұл құбылыс кейде ауыр кейде жеңіл жағдайда жүреді.

Осы ретте бір атап көрсететін мәселе, ассимиляциялану үрдісін Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда белсенді түрде жүргізілген орыстандыру саясатымен шатастырмау қажет. Орыстандыру саясаты күштеу, қысым жасау арқылы жүргізілді. Ал ассимиляциялану ерікті түрде болатын құбылыс. Бірақ қалай алып қарағанда мұндай үрдістің негізінде өздерінің араласып отырған тарихи-географиялық ортасында бір халықтың екінші бір халықтан тек саяси және сандық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұрғыдан да басым түсе отырып өмір сүрудің өзіндік бір үлгісіне айналуы арқылы басқа ұлттардың адамдарын өзіне қарай бейімдеуі, яғни басқа ұлттың адамын ассимиляциялануға өз еркімен түсуге мәжбүр ету жағдайы жататындықтан мұның өзін абсолюттік еріктілік деп айта алмаймыз. Мәселен «өзі жеткен қыз төркінін танымас» дегендей белгілі бір ұлттың адамы басқа ұлттармен араласа келе, өз ұлтын қорсына бастайтын болады. Саналы түрде басқа ұлттың өкілі болуға ұмтылады. Кеңес Одағы кезінде мұндай үрдіс Сібірдің құрып бара жатқан шағын халықтарының бойынан көбірек көрінді. Солардың кейбірінің өкілдері өз тілін мүлде ұмытты. Өз атын, баласының атын орысша қойды, өзін орыспын деп айтуға шақ қалды. Бірақ соның өзінде оларды орыс халқының өкілдері қабылдай қоймады. Өйткені олардың кім екендігін түрі айтып тұратын.

Міне, осылайша бүтін бір халық өкілдерінің тек ұлттық тұрғыдағы ғана емес, сонымен қатар жеке өмірлерінде де күнделікті қайшылықтарға тап қылатын драмалық-психологиялық ауыр трагедиясы басталды. Жеке адам үшін белгілі бір ұлттың өкілі ретінде өмір сүруге өзіне мына дүниеде ешбір орын қалмағандығын, ертең баласы да осы жағдайдың кебін киетіндігін сезінуден артық қандай қасірет болмақ. Бұл жан түршігерлік жағдай емес пе?! Құдай оның бетін ары қылсын. Дегенмен «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей ерікті түрдегі ассимиляциялану үрдісі осындай жағдайлардан бастау алатындығы анық.

Ассимиляция түрлері

Ассимиляцияланудың негізінен екі түрі бар екен. Біріншісі – толықтай ассимиляциялану, яғни арғы атасы қазақ, татар немесе якут екендігін біле тұрып, адамның өз еркімен орыс немесе қытай болуға ұмтылуы. Бұл үрдіс көбінесе, Сібір халықтарына тән екендігін жоғарыда айттық.

Екіншісі – жартылай ассимиляциялану, яғни адам өзінің қазақ, татар немесе якут екендігін біле отырып, сонымен қатар өзінің орысқа айнала бастауын анық сезінуі. «Менің тілім – орыс, тұрмыс-салтым –орыс, енді тек әке-шешемнің қазақ болғаны болмаса, өзімнің орыс болмағанда нем қалды» деп ойлап, алдағы өмір өзгерісіне өз бетімен дайындалуы. Қазіргі уақытта бұл үрдіс көбінесе, бізбен тегі бір татар халқының жекелеген бөлігіне тән болып отыр. Татар халқының патриоттарды осы жағдайды халықтың аса үлкен трагедиясы деп есептеп, жанайқайын сездіріп жатса, енді бір бөлігі үнсіз. Осының өзі бұл халықтың ассимиляциялану жөнінде біраз жерге барып қалғандығын сездірсе керек.

Өгізге туған күн бұзауға тумай ма?

Татар халқының орыс халқымен ассимиляциялану үрдісі осыдан көп бұрын, патшалық Ресей кезінен бастау алып, соңғы жүз жылда неғұрлым жеделдей түскені сезілді. Осыған наразы болған татардың бір атақты оқымыстысының он тоғызыншы ғасырдың басында айтқан «біздің татардың ұлт ретінде енді екі жүз жылдық ғұмыры ғана қалды» деген сөзі қазір шынайы қауіпке айналып отырғанға ұқсайды. Өйткені ендігі татар патриоттарының «Содан бері жүз жыл өткенімен біз енді келесі жүз жылға шыдамаймыз. Өйткені жастарымыздың көбі татар тілін білмейді және білгісі де келмейді. Егер жағдай осылай кете беретін болса, алдымыздағы елу-алпыс жылдың өзінде-ақ біздің ұлт ретінде жұтылып кетуіміз әбден мүмкін» деген қауіпті болжамдарын интернеттен оқыдық. 

Тіпті басқасын былай қойғанда біздің аталарымыздың «кез келген татардың бетін тырнасаң ар жағынан орыс шығады» деген сөзі көпшілікке белгілі. Біз бұл сөзді бауырлас татар халқының көңіліне тиейік деген ниетпен жазып отырғанымыз жоқ. Мақсатымыз ассимиляциялану үрдісінің тарихи сипаты мен үлгілерін көрсете отырып, өз халқымызды сақтандыру. Мәселен бізбен көршілес өзбек халқы «орыс боламын десең әуелі қазақ бол, сонан кейін татар бол» дейтін көрінеді. Осыған қарап ассимиляцияланудың төменгі белгісі біздің халықтың бойында да бар екендігін аңғарамыз. Әйтпесе, татар халқы мәдениетті, тіршілікке бейім. Өркениет жағынан бізден көрі ертерек жетілген.  Біздің қазақтың алғашқы кітаптары Қазан баспасында басылып, алғашқы қазақ оқымыстылары Қазан университетінде оқығандығын ұмытуға бола ма.

Екіншіден, білетін адамдар татарлардың орысқа ассимиляциялануы неғұрлым жеңіл жолдар арқылы жүріп жатқандығын, Мәскеудің өзінде қазір орыс болып жазылып жүрген татарлардың көп екендігін айтады. Себебі ғұндардың батысқа жорығы мен Еділ Бұлғариясы кезеңінде сан түрлі халықтар мен мәдениеттердің тоғысуынан бастау алып, Алтынорда мен Ресей империясының пайда болып, қалыптасуы тұсындағы түркілер мен славяндар арасындағы жақындасудың ғасырлар бойғы ықпалы орыс пен татардың түр айырмашылығының азаюына да айтарлықтай әсер еткен. Әйтпесе атақты Алтын Орда мемлекеттігінің ыдырауынан басталып, «Қазақ ордасы», «Ноғай ордасы» болып бөлініп, Қазан, Қырым, Астрахань, Қазақ хандықтарының құрылуына ұласқан кезең татарлардың тарихи тағдыры мен ұлт ретінде қалыптасуына өлшеусіз ықпал етті. Сыртқы күштердің әсерін үнемі сезіне отырып, бастан өткерген зобалаң тарихы мен географиялық орналасуына орай тегі түркі татарлар қазір қазақ пен орыстың ортасындағы қалыптасып отырған аралық ұлт секілді де әсер қалдырады. Осыдан қарап-ақ татар халқының басындағы ассимиляцияланудың  қаншалықты тереңдей түскенін байқай аламыз.

Жаһандану ықпалы

Иә, әлем халықтардың осыған дейінгі араласуынан пайда болған ассимиляциялану нәтижесінде қазірдің өзінде жер бетінде таза сақталып қалған ұлттар мен этностарды табу қиын болар. Ал ендігі заман бейнесі бұл үрдістің одан әрі күшейе түсетіндігін көрсетіп отыр. Оның басты себепкері жаһандану болып отыр. Қазір капиталдың қозғалысында шекара жоқ. Көптеген елдердің, тіпті әлемнің барлық елдерінің инвестициялар мен жаңа технологияларға зәрулігінен капиталдың халықаралық сипаты басым болып, ол енді ұлтүстілік мәнге ие болды. Гүл іздеген арадай елден елге көшіп, минералдық шикізат ресурстарының шырынын соруда. Бұл жағдай өз кезегінде капиталдың соңынан еріп отыратын еңбек миграциясы мен гастербайтерлік қозғалыстың қарқынын барынша үдете түсті. Оның үстіне, халықаралық туризм де сан түрлі формалар бойынша дамып, барған сайын қанатын кеңге жайып келеді.

Тағы бір шешуші құбылыс халықаралық құқықтық қатынастардың ұлттық мемлекеттерде кеңінен мойындалып, ұлттық заңдардың өзінен үстем түсе бастағандығы. Осындай жағдайлардың әсерінен бұрын адам тұр ғой ұшқан құстың өзін өткізбейтін мемлекеттік шекаралардың темір шымылдығы енді шартты ғана сипатқа ие болып қалды.

Американдық әлеуметтанушы әрі футуролог О. Тоффлердің пайымдауынша ғылыми техникалық революцияның үшінші толқыны өмірге бұрын-соңды болмаған жаңа технологиялар мен инфрақұрылымдарды әкелуі нәтижесінде өндірістік және қоғамдық қатынастар барған сайын жедел өзгеруде. Бұл жағдай жаһандануға ерекше екпін беріп отыр. Бүкіл әлем бойынша ақпарат алмасу барынша дамып, ұшақтар мен кемелер, пойыздар бір құрылықтан екінші бір құрылыққа қарай тоқтаусыз зымырап, жұмыр жердің халықтарын сапырылыстырып жіберді. Осы құбылыстың әсерімен бұрын шет-шегі жоқ деп есептелетін қара жердің өзі тақиядай ғана болып қалғандай. Ал адамдар арасындағы қатынастар барған сайын шыны тектес ашық мәнге ие бола түсуде. Жеке адам өз құқығын мемлекетпен тең қоюға көшті. Бір мемлекеттің азаматтығын тастап, екінші бір мемлекетке өте беретін болды. Қазақстан жағдайында мұның бір мысалы кезінде Алматының әкімі болып, өзін Қазақстан мемлекетінің мүддесіне қызмет етуші тұлға ретінде көрсеткен Виктор Храпуновтың Швейцария азаматтығын қабылдап, сол елде бизнес ашуы болса, ең соңғы елеулі мысалдардың бірі Freedom Holding Corp.негізін салушы, миллиардер Тимур Турлов Қазақстанның азаматтығын алуы болды. «Мен Қазақстанға алғаш рет 11 жыл бұрын келдім, соңғы 10 жыл бойы отбасыммен осында тұрып жатырмын. Қазақстан маған үлкен шабыт, көп достар сыйлады. Менің балаларым осында дүниеге келген, барлығы осында оқып, тұрады. Қазақстан – әртүрлі діндер мен ұлттардың өкілдері тату-тәтті және жемісті өмір сүріп жатқан әдемі тәуелсіз, көпұлтты ел. Көптеген адамдар кем дегенде екі тілде сөйлейді. Қазақстанда өзгерістер болып жатыр, бұл маған ұнайды, ең жылдам цифрлық трансформация жүріп жатыр, бұл бізге және холдинг командасына әлемдегі ең озық финтех өнімдерін жасауға мүмкіндік береді», деп жазды миллиардер.

Ол сондай-ақ Қазақстан азаматы болғанын мақтан тұтатынын жазған. «Бұл жерде еркін тыныстап жатырмын. Қазақстан өзінің бейбітсүйгіш, қонақжай саясатының арқасында жаңа, бай, тиімді, әділетті мемлекет құра алады деп ойлаймын. Мен кәсіпкер ретінде осыған өз үлесімді қоса аламын деп үміттенемін» деген Турлов Қазақстан әлемдегі ең қызықты жерлердің бірі екенін айтқан. «Мен Қазақстаннанмын» деген жазбасының соңында ол «Мен қазақша үйренемін, жақында қазақша сөйлейтін боламын» деп аяқтаған.

Дегенмен орасан зор адам ресурстары бар ұлы мемлекеттердің қасында отырған біздің Қазақстан секілді шағын ел алдағы уақытта ассимиляциялану үрдістерінен тыс тұра ала ма? Тыс тұра алатын болса, оның қандай жолдары бар?

Рас, біз өз тәуелсіздігімізге ие болу арқылы қоғамды толғандырып отырған көптеген мәселелерді сәтті шеше бастадық. Шетелден қандастарымыз келіп, қазақтың санын көбейтті. Ауылда да, қалада да қазақ мектептерінің саны артты. Өркениетке ұмтылудың тікелей жолы болып есептелетін қалалық тұрмысқа қазақтардың қатысушылығы нығайды. Ұлттың жаңа заманға бейімделе отырып, немістер, ағылшындар, француздар секілді өз жолымен дамуында бұлардың барлығы жағымды факторлар болып табылады. Осының әсерімен, яғни басты жетістік – елге тәуелсіздіктің келуімен сан түрлі айла амалдарды қолдана отырып, қысыммен орыстандыру саясаты кері серпіліп тасталды.

Бірақ бұл біздің ел болу жолындағы қаупіміз мүлдем сейілді деген сөз емес. Өйткені күштеп басқа ұлттың дәстүрлерін танудан ассимиляцияланудың мәні басқаша екендігін жоғарыда айттық. Ассимиляциялану ұлттың тамырын жегі құрттай іштен жейтін қауіпті дерт. Ол көзге елеусіз басталады, бірте-бірте жүзеге асады. Жас тәуелсіз мемлекетте оның ықпалын он жылмен, жиырма жылмен есептеуге болмайды. Бұл – ғасырлық дерт. Бұл дерттің алдын қазірден бастап алған жөн.

Қандай амал қолданамыз?

Оның бірінші шарты Қазақстан Республикасының азаматы деген аттың мәртебесін арттыру. «Мен қазақпын, Қазақстан Республикасының азаматымын» деген сөз жалған мақтаныш болмауы керек. Ол азаматқа басқа ұлттарға көзін сатпайтындай қосымша артықшылықтарды тудыра алуы керек. Осының алғы шарттары қазірдің өзінде біздің елімізде бар. Мәселен Қазақстан Республикасының азаматының ауыл шаруашылығы жерін ұзақ мерзімге (49 жылға) жалға алуына құқы бар. Ол мемлекет беретін басқа да жеңілдіктерді пайдалана отырып, балаларын мектепте тегін оқыта алады. Тегін емделу, жеңілдікті ипотекалық несие алу, мемлекеттік гранттар бойынша қазақстандық оқу орындарында тегін оқуы, «Болашақ» бағдарламасының негізінде шет мемлекеттердің алдыңғы қатарлы институттарында тегін оқу, «Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының» аясында жеңілдетілген баға бойынша пәтер алу құқығына ие. Міне, Қазақстан Республикасының азаматы осындай артықшылықтарға ие.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қордан кәмелетке толмаған балалардың шотына ақша аудару туралы Жолдауда Үкіметке берген тапсырмасы қоғамымызды дүр сілкіндірді деуге болады.

Енді елдің қазіргідей дамуы жағдайында осы артықшылықтарды одан әрі жетілдіру керек. Әрбір қазақстандықтың алдынан тиімді бизнес көзін ашудың, кәсіпқой маман болуының мүмкіндіктерін қалыптастыру керек. Арабтардың, малайзиялықтардың тәжірибесіне сүйенсек, мұның жолдары бар. Мәселен Қазақстан мұнай мен газға, металлға, астыққа бай. Осы салада қызмет етіп жатқан ірі акционерлік қоғамдардың акцияларының бір бөлігін  Қазақстан Республикасының азаматтарының арасында арзан бағамен саудалау елдің шикізат байлығының бір бөлігін иеленуге халық қолының жетімді болуын арттыра түсер еді. Әрине, қазір мұның алғашқы нышандары жоқ емес. Енді оларды одан әрі кеңейте және оңайлата түсу керек.

Екінші мәселе – Қазақстан Республикасының азаматының біліктілігін, бәсекелестік қабілетін арттыру. Әрбір қазақстандықтың бәсекелестік қабілетінің артуы, елдің беріктігіне, ұлттың мызғымастығына өлшеусіз қызмет етеді. Ол үшін ауылдағы қазақтардың балаларының білім жағдайын қазірден бастап ойластыру керек. Ауыл мектептерінің жағдайын жақсартайық деп біз қанша айғайлағанымызбен ауыл мектептерінің жағдайы ешуақытта жақсармайды. Өйткені олардың алдында қала мектептері тұр ғой. Қала мектептері өз артықшылықтарын ауыл мектебіне ешуақытта бермейді. Бұл заманның барысында дәлелдеген ақ пен қара секілді ақиқат мәселе. Ауылда ширақ, талантты бала өсуі мүмкін. Ол осы қасиетімен қалаға келіп топ жаруы мүмкін. Бірақ жаппай алғанда ауыл мектептеріндегі негізгі пәндер бойынша білім беру деңгейі қала мектептерінің деңгейіне теңесе алмайды.

Сондықтан біздің ойымызша аудан орталықтарындағы, қалалық жердегі интернат желілерін жетілдіру керек. Мұның бір пайдасы интернатта оқыған бала, біріншіден, мектепте мұғалімнен сабақ алса, екіншіден интернатқа келгенде оларды тәрбиешілер төпеп жүріп оқытады. Ауылдың баласы үшін қаланың басқа да пайдасы көп. Шет тілін ертерек меңгереді. Дүниеге көзі ертерек ашылады. Әрбір мектеп-интернат – 12 жылдыққа көшу үшін дайын материалдық-техникалық база бола алады. Арнайы бағдарлама дайындаған жағдайда ол қазіргі лицей-колледждің міндетін де атқара алады. Бұл тәжірибе осынысымен де құнды. Сондай-ақ қазіргі ақпараттық технологиялардың әлемдік деңгейдегі жетістіктерін пайдалана отырып, ең үлгілі, озат мұғалімдердің дәрістерін ауыл балаларына да қол жетімді етуге болады. Ең бастысы, мектептегі тәрбие мәселесін дұрыс жолға қою керек. Тәрбиесіз берілген биімнің қоғам үшін, халық үшін тиімділігі аз болатындығын қазіргі өмір дәлелдей түсуде.

Қазіргі күні қазақ жастарының ағылшын тіліне деген ұмтылысы заман талабынан туған дұрыс дүние. Өйткені бүкіл әлемде қазақ жалғыз өмір сүріп отырған жоқ. Қазіргідей халықтар бір бірімен араласып кеткен заманда қазақ жер бетіндегі 700 адамның біреуі ғана. Демек әлем көші қазаққа қарамайды. Қазақ әлем көшіне ілесуі керек. Мұны шет елдерге шығып жүрген азаматтар жақсы біледі. Бірақ қазақ баласы ең алдыңғы кезекте қазақ тіліне жетік болуы керек. Сонан кейін басқа тілді үйренем десе, үйрене берсін. Қазақ баласының ана тіліне қанық болуы, оны жергөгінен бастап меңгеруі қазақ халқын ассимиляция қатерінен сақтайды.

Үшінші мәселе – ішкі тұтастықты, ішкі бірлікті арттыру. Қазақ халқы осы уақытқа дейін көп жағдайда орыс халқына қарай ассимиляцияланып келді. Енді өз алдына тәуелсіз ел болған соң және республика халқының ішіндегі үлесі үлес салмағы 67 пайызға жеткен соң басқа халықтардың жетекші ұлттың ыңғайына қара ассимиляцияланатындығы табиғи заңдылық. Ендігі міндет осының жолын қарастыру. Өйткені ассимиляциялану дегеніміз қазақтандыру деген сөз емес. Одан үрейленіп қажеті жоқ. Басты мәселе – өзінің өмір сүріп келе жатқан ортасы қазақ халқы мен оның салт-дәстүрлерін, халық ретіндегі ерекшеліктерін құрметтей білуі. Қазақстандағы этностар осыны үйренсе, табиғатынан қонақжай, толерантты қазақ халқы оларға құшағын айқара ашуға әркез даяр.  Бұл өмір шындығымен дәлелденген дүниелер.

Түйін

Осыдан жүз – жүз елу жыл бұрын Патшалы Ресей бекіністер салу, басыбайлылықтан босаған орыс шаруаларын жіберу арқылы қазақ жеріне дендеп ене бастағанымен бұл елмен біздің арамызда өзімізбен тегі бір татарлар мен башқұрттардың, Сібір халықтарының, алтайлықтардың болуы аздап та болса да тосқауыл еді. Өйткені ассимиляцияланудың алғашқы соққысын солар қабылдады. Қазір енді жағдай жылдан жылға өзгеру үстінде. Біз қазір өз тәуелсіздігімізге ие болып, жеке мемлекет құрғанымызбен бізбен көрші отырған осы халықтардың орыстануы арқылы еліміздің солтүстік шекарасында ғасырлар бойы жүріп келе жатқан үлкен демографиялық, ассимиляциялық өзгерістердің жаңа бір кезеңімен бетпе-бет келіп отырғанымыз көп ұзамай-ақ айқын сезіле бастайтын болады.

Қазақстан үшін мұнан да үлкен қауіп – біздің оңтүстік-шығыстағы мемлекеттік шекарамыздың 1,5 миллиардтай халқы бар ұлы Қытай елімен енді саяси тұрғыдан ғана емес, этникалық, демографиялық тұрғыдан да шектесуіміз. Бұрын бұл аралықта ұйғыр, дүнген, монғол, одан ертеректе жоңғар халықтары тосқауыл рөлін атқаратын. Енді Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының, былайша айтқанда Шығыс Түркістанның өнеркәсіптік тұрғыдан игерілуіне байланысты біздің бір жағымызда қалың қытай, екінші жағымызда ормандай орыс тұр. Осы мәселе зиялы қауым өкілдерін көптен бері ойландырып келе жатқан еді.

Міне, осындай жағдайда «алдағы уақытта еліміздің заңдарына мемлекеттік тілді білмейтіндерді азаматтыққа қабылдаудан бас тартуды көздейтін түзету әзірленеді екен» деген бірауыз жылы хабардың өзі халықтың басым бөлігінің жүрегіне жылы тигені анық. Тіл дегеніміз – ел тәуелсіздігінің басты белгілерінің бірі ғой. Өйткені тіл аман болса, ел де аман болатыны, ұлт ретінде өмір сүруін жалғастыра беретіні анық.

Талдыбек Санатов
Бөлісу: