TikTok танытқан жаңашыл ұстаз

29 Сәуір 2021, 20:24 10826

Алматылық химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсеновпен сұхбат

 

Бүгінгі кейіпкеріміз Ұлан Үсенов TikTok әлеуметтік желісі арқылы көпшілікке танылып үлгерді. Осыдан бірнеше ай бұрын химия пәнін бір минуттық видео арқылы ерекше түсіндірген жас жігіт туралы БАҚ өкілдері жарыса жазған еді. Тіпті мемлекетіміздің бас ұстазы, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі наурыз айында жас дарынға ыстық лебізін жолдады. Осы орайда біз де өз оқырмандарымызға химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсеновті таныстырып өтуді жөн көрдік.


 

«Қазіргі заманда жеке көзқарассыз балалардың назарын аудару қиын, сондықтан көптеген мұғалімдер жаңа технологияларды игере бастады, ал кейбіреулері материалды ұсынудың жаңа тәсілдерін ойлап тапты. Осы орайда алматылық мұғалім Ұлан Үсеновтің балаларын оқытуға деген шығармашылық көзқарасты атап өткім келеді. Сабақты көңілді өткізетін әлеуметтік желілердегі оның видеолары студенттер арасында өте танымал болды. Жас мұғалім мектеп оқушыларына химия формулаларын түсіндіруде өте қызықты әдіс қолданды. Бұл оның пәніне балалардың ғана емес, олардың ата-аналарының да қызығушылығын тудырды. Күрделі химиялық реакциялар туралы ақпаратты түпнұсқалық және қарапайым түрде ұсыну жаңа тақырыптарды жақсы игеруге ықпал етеді. Мұның өзі мұғалімнің жұмысына деген зор құрметін туғызатынын, сондай-ақ ынта-ықыласына негізделгендігін баса айтқым келеді. Мұндай мысал біздің басқа мұғалімдерге жаңа интерактивті технологияларды жетілдіруге және игеруге көмектеседі деп үміттенемін. Біздің цифрландыру дәуірінде геймификация және дербестендіру сияқты ұғымдар әсіресе өзекті болып саналады. Өйткені геймификация қазір оқу процесінің маңызды бөлігі. Біз қаласақ та, қаламасақ та, балалардың назарын аудару үшін Tik-Tok, Netflix, Instagram және т.б платформалармен бәсекелесуіміз керек. Сонымен қатар, біз бәріне осылай қызмет ету керек деп айтып жатқан жоқпыз. Бұл бір ғана мысал. Әрине, классикалық техникалар ешқайда кетпейді, маңызды әрі өзекті болып қала береді. Жалғыз айқын нәрсе – мұғалімдерге жаңа технологиялар мен әдістерді белсенді меңгеру қажет. Сондықтан, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларында біліктілікті арттыру курстарының бағдарламалары, жаңа технологияларға, киберпедагогикаға, сандық және тағы басқа дағдыларға оқыту ескерілетін болады. Құрметті әріптестер, қызықты және көңілді құралдарды қолданудан қорықпаңыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та, технология тез дамып келеді, сондықтан білім беруде заманауи тенденцияларды қолдану өте маңызды».

 

Бұл министр Асхат Аймағамбетовтің Ұлан Үсенов туралы жазбасы. Министр айтып өткен жаңа тенденцияларды меңгерген жігіт 1993 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтағаннан соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технологиялар факультетіне оқуға түскен. Кейін жоғары оқу орнын бітірген соң, шетелде білім алған. Атап айтсақ, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында, Жапонияның Сайтама қаласында оқыған. Сонымен қатар Америка Құрама Штаттарының Кливленд және Англияның Кэмбридж қаласында тәжірибеден өткен. Бүгінгі таңда Алматы қаласында жеке мектептердің бірінде химия пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Ұлан Үсенов, сондай-ақ 2021 жылдың «100 жаңа есім» жобасының қатысушысы. Біз, ең алдымен кейіпкерімізден ұстаздық жолды қалай таңдағанын сұраған едік.

 

– Біз отбасымызда екі баламыз. Менен екі жас үлкен Әсия атты әпкем бар. Әкем ауған соғысының ардагері болған. Өкінішке қарай өмірден өтіп кетті. Ал анам құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Қарап отырсаңыз, отбасымызда ұстаздық жолда жүрген ешкім жоқ. Мен де педагогика саласына өз қалауыммен емес, тағдырдың жазуымен келдім десем де болады. Отбасылық жағдайымызбен қоныс аударып жүруімізге байланысты үш түрлі қалада, үш түрлі мектепте оқыдым. Сөйтіп соңында Талдықорған қаласындағы орта мектепті бітірдім. ЖОО-нан соң мамандығым бойынша университет қызметкері боламын деп ойладым. Сондай бір университеттің жауабын күтіп жүргенде Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа орналасып кеттім. Одан кейін осы салада, яғни ұстаздық жолда қызметімді жалғастыруға шешім қабылдадым. Біраз уақыт өткен соң сабақ беру қолымнан келетінін түсініп, балаларға да үйреніп, оңай жұмыс істей бастадым. Оқушыларға химия пәнін ғана түсіндіріп қоймай, тәрбиелік мәнде де сабақ үйретуге тырыстым, - дейді Ұлан Үсенұлы.

 

Ел арасында әзілі аралас «химия қиын, ашиды миың» деген сөз тарап кеткен. Яғни көп жандардың аталған пәнге тісі бата бермейді. Алайда біздің кейіпкеріміз үшін бәрі керісінше. Айтуынша, химия пәнін оңай көрінгені үшін таңдаған.

 

– Мектепте оқып жүргенде химия мен үшін өте оңай саналатын. 11-сыныпқа жетіп, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғанда сұрақтардан қиналмас үшін таңдадым десем де болады. Отбасыма менің мемлекеттік грант иегері атанғаным маңызды болды. Ал өзім режиссура, актер мамандығында оқығым келетін. Алайда грант мәселесі алдыңғы орынға шығып, химия пәнін таңдауыма тура келді. Биология, физика, химия пәндері бойынша мамандықтар саны көп екені белгілі. Сәйкесінше грантқа түсу ықтималдығы да жоғары. Осылардың арасынан химия мен үшін жеңілдеу болды, - дейді кейіпкеріміз.

 

TikTok әлеуметтік желісі жастар арасында кең танымалдыққа ие. Оны көңіл көтеретін, әзілдер салынатын, түрлі би билейтін бейнежазбаларға арналған сервис деп қабылдайтын халық, TikTok-та сабақ беруші мұғалім туралы естігенде елең еткен еді. Ұлан Үсенұлы бұл қызығушылықтың неден басталғанын айтып берді.

 

– TikTok желісіне видео түсіру идеясын бұрыннан ойлап жүргенмін. Тек бар күшімді жинап, кірісуім керек болды. Өйткені мұғалімдік қызмет көп дайындықты, уақыт бөлуді талап етеді. Одан бөлек отбасың, жеке өміріңе көңіл бөлуің керек. Содан хобби ретінде бастадым. Алғашқы видеомда ешқандай сценарий болмады. Түсіріп, желіге жүктеген соң көрермендер көбейіп, пікірлер жазыла бастады. Содан ары қарай қызығушылығым артып кетті. Бірақ жай видеодан гөрі, жақсылап өңдеп, өзгеше дүние қосқым келді. Өзім жиырма жылға жуық уақыт аниме көріп келемін. Бірден осындай идея туындап, видеоларымды жапон анимациясымен байланыстыруды жөн көрдім. Олардың арасынан көпшілікке танымал «Наруто» мультфильмі. Осылайша химия пәнін аниме арқылы түсіндіруге кірістім. Мұндағы бастысы видео түсірілімі. Бір видеоға шамамен үш сағаттай уақыт кетеді. Өйткені авторлық контент болған соң, жаңа нәрсе ойлап табуым керек. Басымдық химияға ғана емес, аниме арқылы оны жеткізуге беріледі. Сонымен қатар оның бәрін бір минутқа сыйдыру керек. Түсірілім идеясы, материал, монтаж бәрімен өзім айналысамын. Алғашқы видеоларымды оқушылар демалысқа шыққанда бастағанмын. Қазір сабақ кезі болғандықтан, уақыт жетпей, контентті сирек шығарып жүрмін. Яғни үш-төрт күнде бір видео саламын, - деп әңгілемеді Ұлан Үсенұлы.

Ұстаздық жолды таңдаған жігіт алғашында танымал боламын деп ойламаған. Хоббидан басталған видеолар бүгінде оқушылар іздеп көретін білім беру құралына айналып кеткен.

 

– Ең басында TikTok аккаунтымды жеке өзіме арнап ашқанмын. Кейіннен салған видеоларым көпшілікке ұнап, жан-жаққа таралған соң нақты үлкен жауапкершілікті сезіне бастадым. Қазір парақшама жазылушылар саны екі жүз елу мыңға жуықтап қалды. Олардың бәрі менен білім саласына арналған контент күтіп отыр. Сол себепті химия пәніне қатысты қызықты мәліметтерді бөлісіп, сабақ үйретіп жүрмін. Алайда TikTok желісі басқа желілерге ұқсамайды. Өзіндік алгоритмі бар. Онда бәрі жеңіл әрі қызықты болуы керек. Сол себепті барлық ерекшеліктерін пайдалана отырып, контент жасауға тырысамын, - деп атап өтті кейіпкеріміз.

 

Өз парақшасындағы екі жүз мыңнан астам көрермен алдындағы жауапкершілік жүгін көтерген Ұлан Үсенұлы арнайы методика ойлап табуға тырысқан. Бір минуттық видео үшін арнайы сценарий де жазады екен.

 

– Осы орайда өз контентімдегі сабақ үйрету методикам туралы айта кетейін. Ол үшін аниме, pop-мәдениет бағытындағы белгілі фактілерді пайдаланамын. Бұл химиядағы тақырыптарды түсіну үшін керек. Оқушы басында видеоның сабақ екенін білмейді. Ойын-сауықтық, аниме туралы екен деп ойлайды. Бірақ шамамен он секундтан кейін білім беру бағытында екенін түсінеді. Сондай-ақ ары қарай көруді жалғастыра береді. Өйткені видео алғашқы сәтінен-ақ баурап алған еді. Бастапқы уақыттарда көп оқырмандарым сабақ екенін білмедік, қандай қызық» деген пікірлерді жиі жазатын. Мен бұл методика арқылы балаларға және үлкендерге сабақты қызық жолмен де оқуға, үйренуге болатынын, ең бастысы, соған ден қою керек екенін түсіндіргім келеді. Қазіргі таңда өз басым TikTok желісі арқылы балаларға керемет білім беріп жатырмын деп санамаймын. Өйткені оған платформадағы уақыт аздық етеді. Алайда химияны үйренуге, білуге талпындырып, оның қыр-сырын көрсетіп жатырмын. Мендегі басты мақсат оқушыларға мотивация сыйлау ғана, - дейді химия пәнінің мұғалімі.

 

Сонымен қатар кейіпкеріміз өзіне ата-ана, ұстаздар тарапынан айтылған жақсы тілектердің шабыт беретінін жеткізді. Оқушылардың сүйікті оқытушысына айналған Ұлан Үсенұлы әрістестер тарапынан да қолдау көріп отыр.

 

– Қазір желіге кез келген адам пікірін қалдыра алады. Маған жазылғандардың көпшілі жағымды пікірлер деп айта аламын. Үлкен кісілердің өзінен «Бұрыннан осылай үйретсе ғой, химия аса қиын емес екен, біздің заманымызда неге бұлай болмады» деген тәрізді пікірлерді оқимын. Өз оқушыларым да, олардың ата-анасы да мені қолдап, әрдайым мақтау білдіреді. Жұмыс орнымда да әріптестеріме өте ұнаған. Әлі күнге дейін таныстарымнан, араласатын ортамнан TikTok-тағы контентіме байланысты теріс көзқарас байқамадым. Соған қарағанда дұрыс бағытта келе жатырмын деп ойлаймын. Сондай-ақ жақында ҚР Білім және ғылым министрінінің де жылы лебізін оқыдым. Асхан Қанатұлына қолдауы үшін алғыс айтамын. Осының бәрі менің ары қарай дамуыма, өсуіме, өз ісімді жақсы көруге ынталанадырады, - дейді Ұлан Үсенұлы.

 

Жас ұстаз дәстүрлі білім беру мен онлайн форматтағы оқу туралы өз ойын ортаға салды. Кейіпкеріміздің сөзінше, жаңа технология қанша дамығанымен, оқушының партада отырып білім алуы озық тұрады.

 

– Онлайн оқу мен қашықтан оқу форматында бала ең алдымен оқуға деген мотивациясын жоғалтады. Өйткені адамдармен тікелей қарым-қатынас орнатпай, тек үйде мониторға қарап отырады. Ол мұғалімнің тақтаға сызып көрсеткеніне, әр оқушы қасына барып түсіндіргеніне жетпейді. Сондықтан менің видеоларымды да толық сабақ деп емес, сабақтың бір бөлігі деп қабылдаса деген ойым бар. Қазір үй тапсырмалары мектептегідей емес, жеңіл түрде беріледі. Сол себепті видеоларды үй тапсырмасы ретінде қаратуға болады. Бірақ осындай жеңіл видеоларға тым әуестеніп кетуге болмайды. Әр нәрседе тепе-теңдік болуы керек. Өйткені химия жеңіл қарайтын сабақ емес, керісінше іргесі қалыптасқан үлкен ғылым, - деген пікірін білдіріп өтті кейіпкеріміз.

 

Қазіргі уақытта ұстаздық жолды таңдау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы себепті елімізде 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздардың жалақысын жоғарылатты. Сондай-ақ педагогика саласында оқитын студенттердің шәкіртақысын көбейтіп, жақсы жағдай жасалып жатыр. Осы орайда кейіпкерімізден қызмет жолы қай салаға бұрылатынын сұрадық.

 

– Жоғарыда айтып өткенімдей бұрын болашағымды режиссер немесе актер мамандығымен байланыстырған едім. Қойылым, сахна, сценарий, режиссура менің жаныма өте жақын. Алайда балаларға сабақ бергенде ұстаздықты тастай алмайтынымды түсіндім. Биыл білім саласында жүргеніме алты жыл болыпты. Ол жерде менің жеке бас пайдам немесе үлкен қаражат мәселесі тұрған жоқ. Өздеріңіз білесіздер педагогика саласына былтырдан бері ғана көңіл бөліне бастады. Оған дейін мұғалімдердің тұрмыстық жағдайы да, жалақысы да жоғары деңгейде болған жоқ. Осыған қарамастан мен педагогика саласында қалуды шештім. Біреуін таңдаудан гөрі маған жақын екі саланы бір-бірімен ұштастырған дұрыс деп санаймын. Алдағы уақытта жақсы шәкірт тәрбиелеп, ел болашағына өз пайдамды тигізгім келеді, - дейді Ұлан Үсенұлы.

 

Ұстаздық жолдың ыстық-суығына қарамай, ұлы мамандықтың атын танытып, үлкенге үлгі, кішіге өнеге болып жүрген бүгінгі кейіпкерімізге тек сәттілік тілейміз!

 

 

(Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды)
Назерке Чакирбаева
Бөлісу: