TikTok Наурыз мерекесіне орай онлайн-фестиваль өткізеді

18 Наурыз 2023, 17:40 1025

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі мәлім етті

Мәдениет және спорт министрлігі Tiktok платформасымен бірге Наурыз мейрамына орай онлайн-фестиваль өткізеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Қосымшаны пайдаланушылар #Наурыз2023 хэштегімен  ұлттық мейрам, оның ерекшеліктері мен әдет-ғұрыптары туралы видеороликтер түсіреді.
 
Челленджде TikTok-та танымал контент-мейкерлер: музыканттар, аспаздар, саяхат блогерлері және танымдық видео авторлары қатысып жатыр.
 
Үздік видеороликтердің авторлары Kazakh Tourism компаниясының ұсынған жүлделерге ие болады. Алғашқы үш орынды иеленген қатысушылар Қазақстанның ең әдемі жерлеріне сапарлай алады. Жеңімпаз 5 күнге, екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше 3 күн және 1 күнге саяхатқа шығады.
 
Видеоролик тақырыбы ретінде төрт бағыттың бірін таңдауға болады: тамақ, саяхат, мәдениет және музыка.
 
Онлайн-фестивальдің қорытындысы, үздік видеороликтер мен байқау жеңімпаздарының есімдері 29 наурызда жарияланады.
«Наурыз адамдарды табыстырады, онлайн-фестиваль қазақстандықтарды біріктіруге және әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттауға көмектеседі. Қазақ мәдениеті мен тарихына арналған роликтер TikTok-та танымал болып келеді. Мысалы, #Қазақстантарихы хэштегі бойынша видеолар 100 миллионға жуық, ал #Қазақстанмәдениеті хэштэгі – 75 миллионнан астам қаралған. Сондықтан бұл акция тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де мүмкіндігінше көп адамды қамтуға арналған», - деді ҚР МСМ ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.
EL.KZ
Бөлісу: