Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Хабар» арнасындағы «Бірақ...» бағдарламасы төңіріндегі дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл мәселеге байланысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз бағасын берді. Өйткені министрлік осындай мемлекеттік телеарналармен жұмыс істеп отыр, жұмысын үйлестіріп отыр. Сондықтан тиісті баға берілді және бұл ток-шоу жабылды. Халықтың да пікірі ескерілді деп айтсақ орынды. Осы ток-шоуды дұрыс ұйымдастыра алмаған арнада жұмыс істейтін қызметкерлерге де баға берілген шығар. Әрі қарай мемлекеттік телеарналарда мұндай мәселелер, олқылықтар болмайды деп санаймыз, - деді Мәулен Әшімбаев.
Тілшілер Сенат төрағасынан «Ток-шоу жабылды, бірақ қандай да бір жаза қолданылуы керек пе?» деп сұрады.
Редакцияның, «Хабар» телеарнасының ішінде де бұл мәселеге байланысты тиісті сараптамалар, шешімдер болады деп ойлаймын. Өйткені бұл мәселені министрлік бақылауында ұстайды. Бұл осымен болды, журналистер енді басқа жобамен айналысыңдар деген шешім бола қоймайтын шығар. Өйткені агенттіктің басшылығы да, министрліктің басшылығы да осы мәселеге байланысты жауапкершілікті сезініп отыр. Сол себепті агенттік басшысы тарапынан тиісті шешім болады деген ойдамын, - деп жауап берді Мәулен Әшімбаев.
Айта кейік, бұған дейін «Хабар» арнасындағы «Бірақ...» ток-шоуының тікелей эфирінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған бағдарлама ұжымының басы дауға қалған болатын.