Тиглон туралы не білеміз?

4 Қараша 2015, 03:42

Тиглон (ағылшынның «tiger» және «lion» сөздерінің қосындысынан шыққан) – аталық жолбарыс пен аналық арыстанның буданы.

Тиглон (ағылшынның «tiger» және «lion» сөздерінің қосындысынан шыққан) – аталық жолбарыс пен аналық арыстанның буданы. Оның сондай-ақ, тайглон, тигон, тион, тигрон, тигеон және тайгон деген атаулары бар.

Сыртқы түрі бойынша ол жолақтары бар арыстанға ұқсайды. Бүгінгі таңда тиглондар өздерінің қарама-қарсы баламасы лигрге қарағанда сирек кездеседі. Бір қызығы, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында керісінше жағдай орын алған болатын.

Тиглондар табиғатта ешқашан кездеспейді, өйткені жолбарыстар мен арыстандардың өмір сүру орталары әрқилы, алғашқысы Азияда  өмір сүрсе, екіншісі Орталық және Оңтүстік Африканың кейбіра аймақтарында тіршілік етеді. Лигрлер мысық тұқымдастарының ішіндегі ең ірісі болса, тиглондар, керісінше, өзінің ата-анасына қарағанда кішірек келеді. Әдетте тиглон салмағы 150 килограммға дейін болады. Олар сондай-ақ лигрге қарағанда сирек туылады.

Тиглондарда екі ата-анасының да қасиеттері болады: анасының дақтары (арыстанның гендері осы дақ үшін жауап береді) және әкесінің жолақтары. Тиглондардың жалы әрдайым бола бермейді, алайда өсіп шықса арыстандікінен міндетті түрде кішірек болады.  Аталық будан ешқашан ұрпақ жалғастыра алмаса, аналығы кей жағдайда ұрық бере алады. Олар арыстанмен де, жолбарыспен де шағылыса береді. Одан туған ұрпақ сірә жаңа будан болып саналады. Мұндай будандар көбіне өзінің ата-анасынан ірілеу болады. Көптеген аталық будандарда жал болмайды.

ХХ ғасырдың ортасына дейін ғалымдар арыстан мен жолбарыстың буданы, оның жынысы қандай болмасын, ұрпақ жалғастыра алмайды деп сеніп келді. Алайда 1943 жылы арыстан мен жолбарыстың буданы Мюнхендегі (Германия) Хеллабрунн Зоосаябағында арыстанмен шағылысып дүниеге буданның жаңа түрін әкелді. Жаңа будан дені сау болып, ересек жасқа дейін өсіп-өнді.  

Тиглондар өмір сүретін елдер ішінде Қытай көш бастап тұр. Мысалы, Хайнань провинциясында 5 жыл ішінде 12 будан өсіп-өнді. Келушілердің санын көбейту үшін Хайнань зооботаникалық бағының басшылығы жаңа туған мысықтарға есім беру бойынша түрлі конкурстар өткізіп тұрады. Қытайда жолбарыс пен арыстанның буданы әкесі арыстан болған жағдайда «шиху», жолбарыс болса «хуши» деп атайды.

Көршіміз Ресейде алғашқы тиглон 2009 жылы Волгоградтағы Краснодар сафари бағында дүниеге келді.  Аналық арыстанның есімі Анна болса, аталық жолбарыстікі Радж. Бұл жұп дені сау ұрпақ әкелу арқылы бәрін таңғалдырды. Жаңа туған буданның есімі поп-музыка королі Майкл Джексонның құрметіне аталды. 


Дәурен Омаров

Бөлісу: