Тевфикпен кеткен текті жұрт

16 Қыркүйек 2014, 04:12

Убых тілі - өлген тіл. Бұл тіл абхаз-адых тілдер тобына жатады. Убых тілінде Қара теңізінің Кавказ жағалауын жайлаған убых ұлты сөйлеген.

Убых тілі

Бөбегім,   жер бетінде сан мыңдаған өсімдік пен жан-жануардың түрі бар. Бір гүл жойылса, не болмаса бір құстың түрі құрдымға кетсе, табиғаттағы тепе теңдік бұзылады. Ғалымдардың дабылы қорқыныш ұялатады. Әйтсе де, сол өсімдіктер мен жан-жануарлардан гөрі  дүниеде    тілдер тезірек жоғалатынын біреу білсе, біреу білмес. Дәл бүгінгі күні әлемдегі тілдердің 40   пайызына жойылу қаупі төніп тұр. Ал өсімдік атаулының 8 пайызы ғана қатер алдында.  Жер бетінде екі аптада бір тіл өледі.  Тілмен бірге  тұтас халық ізім-ғайым  жоғалады.  Адамзат баласын осы мәселе алаңдатуы керек.  Бірақ...  1992  жылы қазанның жетісінде убых тілінің  ең соңғы сөйлеушісі Тевфик Есенч деген қария  көз жұмды. Оның өлімі зерттеушілерден басқа ешкімді тебіренткен жоқ.

Убых тілі -  өлген тіл. Бұл тіл абхаз-адых тілдер тобына жатады. Убых тілінде   Қара теңізінің  Кавказ жағалауын жайлаған убых ұлты сөйлеген.  Бұл – бүгінгі Сочидің әбден орыстанған  Центральный, Хостинский, Лазаревский аудандарының аумағы.   Шынтуайтына келгенде, Сочидің байырғы халқы жер өңдеп, бақ өсірген  -  осы убықтар. 

Убыхтардың тағдыр талайын  ешбір халықтың  басына бермесін. Ол орыс отаршылдығының құрбанына айналды.   Кавказ соғысынан кейін Ресей империясының  шешімімен 1864 жылы убыхтар түгелдей Түркияға, сол кездегі Осман империясына  жер аударылды.  Небары 50 мың халқы бар Убыхия әп сәтте жоқ болды.  Туған жерде қалған 33 ошақ та Ресейдің түкпір-түкпіріне айдалды.

Убых жұрты  басқа халықтарға сіңісіп, өз ұлттығын сақтай алмады. Олардың ұлт ретінде дамып, іргесін қайта көтеруіне ешқандай да мүмкіндік жоқ еді. 

Тевфик Есенч...  Оны ғалымдар убых жұртының Гомері деп бағалаған. Убыхтың соңғы тұяғы қара жердің қойнына кеткенше, қолынан қаламын тастамай еңбек етті.  Тевфикке ана тілі Кавказ қасіретін көзбен көрген атасы Ибригимнен жетіпті.  Есенчтің деректері Ж.Дюземиль, Х.Фогт, М.Кумахов сынды ғалымдардың зерттеуіне арқау болып,  хатқа түсті. Убых халқының тарихын  Тевфик жалғыз өзі жылап жүріп, адамзатқа жеткізді. Халқыңның ақырғы ұланы екеніңді біле тұра өмір сүру  неткен азап?! 

Бүгінде  убых тілі жойылды дегенге келіспейтіндер  баршылық. Қайсыбір ғылымдар убых тілінде сөйлеушілер Туркияның  Балыкесір елдімекенінде және Сочиде де бар деген пікірінен қайтпай отыр.  Лингвистер убых тілін қайта қалпына келтірудің  алғышарттарын қарастыруда. Әдеби тіл негізін жаңғыртумен әуестеніп жүргендер де бар. Бірақ, бұл –  убых тілін де, убых ұлтын да қайта тірілте алмайтын үмітсіз қадамдар... 

Бөбегім, убыхтардың қайсыбір замандардағы айбарлы күндеріне Қара теңіздің айдыны ғана куә. Убых тілінің күмбірін  бүгін жағалауға соққан толқындар ғана жоқтайды. 

Бөлісу: