Тергеу абақтысындағы бір күн (І бөлім)

5 Тамыз 2021, 16:42 6665

Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕЦ-166/1 мекемесінің тыныс-тіршілігі қандай?

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық Атқару жүйесі Департаментіне қарасты ЕЦ-166/1 мекемесінің іргетасы 1976 жылы қаланған. Кейінірек 1997 жылы медициналық еңбектік профилактикалық мекеме негізінде Тергеу изоляторы болып ашылған.


Тергеу абақтысына кірген бойда толық тексеруден өтіп, байланыс телефондарын тапсырдық. Темір тор, темірдей тәртіп, айыпталушылар мен сотталғандардың мұңға толы жанарлары бойыңда үрей тудырады. Ақмола облысы Аршалы ауданында орналасқан Тергеу абақтысында бүгінде 605 адам қамауда отыр. Олардың ішінде әйелдер, кәмелетке толмаған балалар мен ер адамдар бар.


–Тергеу абақтысы негізінен 720 адамға арналған. Мекемемізде 6 режимдік корпус бар. Сотталғандар мен айыпталушылар мекемеге келген күннен бастап 15 күн карантинде режимдік корпуста болады. Сол уақыт аралығында жаңадан келген кісілермен сұқбат жүргізіп, мінез-құлықтарын анықтаймыз. Бұрын сотты болған кейбір азаматтар Тергеу абақтысының тәртібін біледі. Жаңадан түскен адамдар көп нәрсе білмейді. Алғашында кейбіреулері тұңғиыққа түсіп, өздеріне қол жұмсайтын кездер де болады. Денелеріне зақым келтіруі мүмкін. Сол себепті алдын алу үшін мекемеміздің қызметкерлері және медицина бөлімі мен психологтар олардың мінез-құлықтарын анықтап, қандай жаққа бейім екендіктерін анықтайды. Одан кейін ғана басқа корпустарға орналастырылады, – дейді мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әділет майоры, Бағдат Амангелдиев.


Аталған мекемеде 2005 жылдан бақылаушы лауазымынан қызметін бастаған Бағдат Сатыбалдыұлы Тергеу абақтысының тыныс-тіршілігімен етене таныс. Қарапайым бақылаушыдан мекеме бастығының орынбасарына дейін көтерілген азамат абақтыдағы сотталғандардың тағдыры, темір тордың арғы жағындағы темірдей тәртіп жөніндегі оқиғалармен бөлісті.


–Тергеу изоляторына келетін адамдар тергеуде отырған кісілер. Оларға қылмыстық іс қозғалып, соттың үкімімен санкция жарияланады. Санкция ең кемінде 10 күннен 2 айға дейін беріледі. Одан ары қарай қылмыстық істің жүруіне байланысты жүзеге асады. Ол жерде тергеушілердің, адвокаттардың және прокурордың қарауына байланысты ауқымды, топтық тергеу істері екі жылға дейін созылады. Қылмыскерлер мен айыпталушылар түрлі баптармен түседі, – дейді әділет майоры Бағдат Сатыбалдыұлы.


Құқық қорғау қызметкері сұқбат барысында Тергеу абақтысында кісі өлтірген, қыз зорлап, ақша бопсалаған, одан бөлек есірткі сатып істі болған қылмыскерлердің бар екендігін айтты.

Бұрын мас күйінде көлікті басқарған жүргізушілер әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл салынатын. Соңғы кезде заңымыз өзгеруіне байланысты мас күйінде көлік басқаратын болсаңыз, ол қылмыстық іс болып саналады. Бүгінде 30-35 % мас күйінде көлікті тізгіндеген жүргізушілер Тергеу абақтысында отыр. Бұл жүргізушілерге жақсы сабақ болады деп ойлаймын. Автокөліктің рөліне мас күйінде отырған адам – қоғамға, айналасына қауіпті адам болып саналады. Ол өзі болмаса да, басқа адамның өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан осындай азаматтармен сұқбат жүргіземіз. Заңдағы бұл өзгеріспен көп жүргізушілеріміз таныс емес. Кейбіреулері заңды білмейді. Олар әкімшілік хаттамамен, айыппұлмен құтылып кетеміз деп ойлайды. Бүгінде мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілерге 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімде жаза алып жатады,– деп ескерту жасады Бағдат Амангелдиев.



Тергеу абақтысында жеке құрам қызметкерлерінен бөлек ерікті жалдамалы қызметкерлер де жұмыс істейді. Олардың ішінде сержант және офицерлік құрам қызметкерлері бар.

– Мекеме қызметкерлері, бақылаушылар төрт ауысымда қызмет атқарады. Тергеу абақтысы тәулік бойы бақылауда болады. Мекеме аумағы 500-ден аса бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Жоспар бойынша алдағы уақытта 1005 бейне бақылаумен жабдықтауға жоспарымыз бар. Біздің қызметімізде бейне бақылау камералары өте үлкен көмегін көрсетеді. Бейнебақылау арқылы айыпталушылар мен сотталғандардың қалай отыр, қайда жүргенін, әрбір іс-қимылын бақылауда ұстап отырамыз. Қазіргі ақылды, қозғалысқа әсерін беретін бейнебақылау камералары арқылы түсіріп сары, қызыл түстер жанып, бақылаушылар сотталғандар мен айыпталушылардың іс-әрекеттерін анықтап отырады,– дейді мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.


Жалпы Тергеу абақтысында күнделікті сәлемдеме беретін орын бар. Онда күніне 100-ден астам адам сәлемдеме бере алады.

Біздің мекемеге қоғамдық қорғаушылар, адвокаттар, тергеушілер күнделікті келіп отырады. Мекеме сот алдындағы тергеумен айналысып жатқандықтан, өте көп қозғалыс болады. Бүгінде әлемде, елімізде болып жатқан пандемияға байланысты кездесуге тиым салынды. Күнделікті кесте және тәртіп бойынша скайп бойынша ғана онлайн кездесулер болады. Тергеушілер соттың рұқсатымен келіп, онлайн кездесулер жүргізеді. Қазіргі таңда 13 сот залын орналастырғанбыз. Сақтық үшін ешкім ешқайда шығып жатқан жоқ, – дейді Бағдат Сатыбалдыұлы.


Тергеу абақтысында 53 шаруашылық қызметке қалдырылған сотталғандар бар. Олардың міндеті мекеме аумағының тазалығын, айыпталушы мен тергеуде отырғандардың тамақтарын тарату, дайындау, режимдік корпустардың тазалығын сақтау болып табылады.


– Бірінші рет сотты болғандар Қылмыстық-атқару кодексі бойынша мінез-құлықтары тексеріледі. Бес жылға дейін мерзім, арыз шағымы жоқ коммисиядан өткен, өздерін оң жағынан тәртібін көрсеткен сотталғандар шаруашылық қызметіне қалдырылады, – дейді әділет майоры Бағдат Сатыбалдыұлы.

Тергеу абақтысындағы медицина бөлімі

Бүгінгі таңда тергеу изоляторының медицина бөліміне қажетті дәрігерлер жұмыс істейді. Мекеме фельдшері Ақбаян Қанатқызы:



– Біздің негізгі жұмысымыз мекемеге келіп түскен айыпталушылар мен сотталғандарды алғашқы медициналық қабылдаудан өткізу және де олардың денсаулықтарына қатысты шағымдары болса, медициналық көмек көрсету болып табылады. Мекеменің №8 емханамен жасалған келісімшарты бар. Сол келісімшрт бойынша жұмыс істейміз. Медициналық бөлім барлық қажетті жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген, – дейді.



Тергеу абақтысының медицина бөліміндегі айыпталушылар мен сотталғандардың жеке карточкалары бар. Онда олардың аты-жөні, ауру тарихы енгізілген. Өкпе, жүрек, қан тамырлары аурулары бар науқастар тіркеуге алынған. Тергеу абақтысында 6 ай сайын медициналық тексеру жүргізіліп отырады.

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: