Теолог: Дәстүрлі діндер съезі әлем үшін өте маңызды алаң

15 Қыркүйек 2022, 10:16 3549

Осындай әлемдік басқосудың біздің мемлекетімізде өтуінің өзі үлкен абырой.

Елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің VII отырысы өтіп жатыр. Съезде әлемнің бірнеше елінен келген беделді тұлғалары бейбітшілік пен тұрақтылық төңірегінде ойларын ортаға салады. Осы орайда діндер съезінің берері мен маңыздылығы туралы белгілі дінтанушы, теолг Кеңшілік Тышқанның пікірін білген едік.  

– Биыл елімізде дәстүрлі діндер съезі жетінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Осындай кездесулер әлемдегі түрлі діни ағымдардың күш алуына тосқауыл бола ала ма?

– Әрине, дәстүрлі діндер съезіне рухани құндылықтары діни тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да мойындалған әлемдік діндердің көшбасшылары жиналатындықтан діни ағымдардың күш алуына белгілі бір деңгейде кедергі болуы мүмкін. Алайда, діндер съезіне келген әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары бұл тақырыпты күн тәртібіне шығарғанын байқамадым. Дегенмен, дінге жатпайтын түрлі теріс ағымдар мен оларға қарсылық туралы пікірлер міндетті түрде айтылады деп ойлаймын.

Шын мәнісінде бұл дәстүрлі дін көшбасшыларының міндетіне кірмейді. Бірақ осындай басқосуларда Дін көшбасшыларымен кездесу, ақылдасу деген секілді мемлекет аралық кездесулерде саяси баға берілетін болу керек.

Менің бір байқағаным беделді халықаралық ұйым басшыларының съез жұмысына қатысатындығы. Олардың арасында Рим Папасы Франциск, әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб, Израильдің Бас Ашкенази раввині Давид Лау, Израильдің Бас Сефарсд раввині Ицхак Йосеф, Иерусалим православие шіркеуінің патриархы Феовил III және басқа да діни көшбасшылар бар. Менің ойымша осындай тұлғалар арасындағы жеке және ортақ диалогтар барысында түрлі мәселелер айтылады ғой деп ойлаймын.

– Жалпы, әлем елдері съездің маңыздылығын қалай бағалайды? Өзге елдерде осындай Дінаралық диалогты ұйымдастыруға ұмтылыс бар ма?

– Елімізде өтіп жатқан съездің қаншалықты маңызды екендігін жоғарыда айтылған қатысушылардар-ақ байқауға болатын секілді.

Жалпы дінаралық, конфессияаралық текетірес, қарсылық деген секілді дүниедерді әлем бастан кешірді. Тек ХХ ғасырдың аяғына қарай ғана өзара түсіністікке, мәмілеге келе бастады. Осыларға қарап әлем елдерінде осындай дінаралық диалогқа ұмтылыс бар екендігі байқалады.

Бұл мәселеге түрлі баға беруге болады. Кейбір Ислам ғалымдары миссионерлік дүниелер, исламофобия әрекеттері және дәстүрлі діндер съезінде діндердің тең құқылығы деген мәселе қойылмайды, негізгі бағыт хрестиян дініне басымдық беріледі деген секілді сыни пікірлер де айтылып жүр. Жалпы алғанда бұл әлем үшін өте маңызды алаң. Неге десеңіз, бір-бірін мойындамайтын, бір-біріне баға беруде үнсіз қалатын, тіпті кейбір сәттерде бір-бірінің айыптайтын тұстарын жою мақсатында осындай алаңдар керек.

Одан бөлек, осындай әлемдік басқосудың біздің мемлекетімізде өтуінің өзі үлкен абырой.

– Дәстүрлі дін туралы айтылғанда түрлі теріс ағымдар туралы да ойлйтынымыз рас. Себебі, қазіргі әлемді дүрліктіріп отырған да, алаңдатып отырған да осы діни ағымдар. Соның ішінде бір мемлекетке толықтай иелік етіп отырған тәлібтер. Ауғанстанның толықтай тәлібтердің бақылауына өтуі Орталық Азия елдері үшін қаншалықты қауіпті?

– Ауғаныстан Орталық Азияның жүрегінде орналасқандықтан оның тәлібтердің бақылауына өтуі көрші мемлекеттерді айтарлықтай алаңдатып отыр. Қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайларға қарасаңыз, кез келген аймақтағы қақтығыстар көрші мемлекеттерге міндетті түрде тікелей немесе жанама түрде әсер ететінін байқап отырмыз. Мәселен, Тәжікстан мен Өзбекстанда тұрақсыздық орнайтын болса, ол елдермен шекаралас жатқан біздің елде де түрлі мәселелер туындауы бек мүмкін.

Оның үстіне әле де нақты ұстанымы жоқ, бағыты айқындалмаған Ауғаныстанға әлем аса сенім артып отырған жоқ. Себебі, олар бұған дейін лаңкестік ұйым ретінде беделін жоғалтқан. Сондықтар Ауғанстан заманауи талаптарды орындап, тең құқылы мемлекет болады ма, әлде бұрынғы діни догмалық ұстанымдарын жалғастырады ма, ол жағы әлі де нақты емес. Дегенмен, әлем елдері алдында «әйелдерге жұмыс істеуге, оқуға мүмкіндік береміз. Бұрынғы ұстанымнан өзгереміз» деген секілді біраз уәде берді. Менің ойымша сол уәделерді орындауға кадрлардың тапшылығы мен діни көзқарастары мүмкіндік бермей отырған тәрізді.

– Діни ағымдарға тойтарыс беру неге қиын? Әлде олар діни ағымнан гөрі саяси ұйымға көбірек келе ме?

– Діни ағым дегеніңіз идеология. Сондықтан да оған тойтарыс беру қиындық тудырады. Діни ағымдарға тойтарыс берудің бірден-бір жолы, идеологияға қарсы идеология қолдану. Яғни, адамдардың ішкі иммунитетімен ғана қарсы тұруға болады. Ол үшін мемлекетте жүйелі, нақты жұмыстар қолға алыну керек. Мәселен, мемлекеттің нақты ұстанымы, мамандар даярлау, заңдық құқықтық шектеулер, шекараның шегенделуі, интернет желісіндегі теріс ағымды діни ұйымдардың ақпараттық идеологиялық таралымдарына тосқауыл болу секілді жұмыстармен қатар, сол теріс ағымдарға еріп кеткен адамдармен түсіндіру, оңалту жұмыстарын жүргізу секілді кешенді жұмысты қажет етеді. Себебі, діни теріс ағымдарға кіріп кету аса қиындық тудырмаған мен одан шығару, райынан қайтару оңай шаруа емес. Егер мемлекет бұл шараларды шындап қолға алатын болса, жұмыс нәтижесіз болмайды деп ойлаймын.


Олжас Сәндібек
Бөлісу: