Теннисші Денис Евсеев Президент кубогының иегері атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әлемнің 412-ракеткасы, қазақстандық Денис Евсеев Астанада Президент кубогы үшін челленджер турнирінің жеңімпазы болды.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 570-орында тұрған өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші сетте Денис Евсеев 0:5 есебімен ұтылып жатып, қатарынан жеті геймді алды – 7:5.
Екіншісінде өзбекстандық спортшы есе қайырды – 6:2.
Үшінші, шешуші партияда Денис 4:2 есебімен алға кеткенімен, Хумаюн таразы басын теңестірді – 4:4. Сол аяғынан алған жарақатына қарамастан, Евсеев барын салып, қайта брейк жасады – 5:4. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Осылайша, Денис Евсеев өз спорттық жолында ең ірі табысына қол жеткізді.