Теңіз толқытқан туынды. Тілендиев жазған бір әннің тарихы

1 Сәуір, 13:15 2091

Кеңес кезеңінде бекітілген кесте бойынша өнер адамдары ел мен елді араласап, концерттік бағдарламасын ұсынатын. Әсіресе, Ілияс Омаров мәдениет министрі болған кезде мәдени-рухани шаралардың маңызы тіптен от алып, өнегелі істер өршілене түсті.

Еліміздегі екі теңіз – Каспий мен Аралда мәдениет кемесі ұйымдастырылып, балықшы ауыл тұрғындарын өнермен сусындату, ұлт таланттарын қарапайым халықпен жақындастыру бағытында ірілі-ұсақты іс-шаралар жүзеге аса бастады. Соның бірі – Аралдағы «Төлеген Тоқтаров» атындағы катерді мәдениет кемесіне айналдырып, оны бірнеше жыл басқарған, бүгінде мәдениет саласының ардагері Байнияз Тілеповпен тілдесудің сәті түсті.

– 1967 жылдың жаймашуақ жаз айы еді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Шаяхметұлы Бектұрғановтың арнайы шақыруымен Нұрғиса Тілендиев Сыр топырағына келді. Оның ішінде Арал ауданына гастрольдік сапармен бару көзделген. Қызылордадан пойызға отырған үш қонақты (Тілендиев, әйелі және халық шығармашылығы орталығының директоры Адам Мекебаев) Арал аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Құлмағанбет Қартақов құшақ жая қарсы алды. Қонақтар әсем аулаға еніп, ғажайып күйге бөленді. Теңіз толқыны, түрлі-түсті шамдар, тақырыптық сөздер жарасым тапқан.

Керемет безендірілген көрініске көңілі тойған композитор шабыттана кетті. Мұны өз естелігінде Адам Мекебаев: «Оған алды­мыздан шыққан осы үйдегі Роза жең­гейдің жарқылдаған ашық мінезі қосылып, тіпті, өзіміздің қонақ екенімізді ұмытып, ет жақын туыстарға қауыш­қандай, мәре-сәре болдық та қалдық. Асылы, нағыз таланттың қарапайым пенделерден көп айырмашылығының бірі мінезде болса керек. Сонау Қызыл­орда қаласында кездескеннен бері бет әлпетінен түрлі көңіл-күйді аңғартқан Нұрағаң, енді мына қарсы алудан кейін ірі тістерін ақсита көрсетіп, қайта-қайта кісіней күліп, балаша мәз. Тіпті, үлкен бөлмеге жасалған дастарқан басына жайғаса беріп, төрде ілулі тұрған дом­быраға көзі түскен сәтте мүлде өзгеріп сала берді. Көз жанары сексеуілдің шоғындай жайнап, жүзінде басқаша бір жеке адамның қуанышынан биік – қанағаттанғандық пен ризашылықтан мүлде бөлек – сабыр ауқымына сыймай­тын рең пайда болды. Сосын домбы­раны қолға алды. Оң бұралған құлағын солақайға келтіріп барып, қос ішекті қағып өтті. Сол сәттен бастап жарық дүние басқаша құбылып, бөлекше реңге бөленді. Сонау Алатау бауырынан бас­талып, Атырау теңізінен асып жығы­латын сағынышқа толы ұлы жүректен шыққан саз әуені кең дүниені кернеп бара жаты» деп суреттейді.

Осы арада Нұрағаң: – Бұл жаңа әннің аты «Аралдағы жеңеше-ай», Роза жеңеше, сізге арнай­мын, – деді.

Сонымен әннің сөзін жазуды Адамға жүктейді. Жүктегенде де ертеңге дейін дайын болу керек. Өйткені Нұрағаң аудан орталығындағы Мәдениет үйінде орындалу қажет деп санады. Ал, енді Адам қатты састы. Уақыт тар. Оның үстіне Аралдың халқы ақиық ақындар мен шашасына шаң жуытпайтын шешендердің сөзін естіп өскен ерекше ел.

Не керек, сөлін сығып, нәрін ұсынған ақынның өлеңі Нұрғиса Тілендиевке ұнады. Ән – құстың қаққан қос қанатындай десек, бірі – сазы, бірі – сөзі үйлесіп, теңіз толқынында туған туындыны халық жылы қабылдады. Мәдениет кемесімен Ұялы, Бектау, Көзжетпес, Қасқақұлан, Қаратерең, Бөген, Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Жамбыл колхоздарына барып, концерт берді.

Атақты композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиев  1985 жылы Аралға тағы келді. Бұл жолы «Отырар сазы» оркестрімен. Талант иегерінің бір ерекшелігі, көрермен мен оркестрдің ортасына дәнекер болатын қасиеті ерекше еді» деді Байнияз ақсақал.

 

Аралдағы жеңеше-ай

Аумайсың жас баладан, жас баладан
Ақ көңілім сен менің
Өзіңді іздеп астанадан
Құстай ұшып келемін-ай, жеңеше-ай
Аққуындай Аралдың
Қандай нұрдан жаралдың
Жадыраған жаның гүлдей жеңеше-ай
Мінезіңді сағындым ғой
Аралдағы жеңеше-ай
Жеңеше-ай, еркелейін, еркелейін
Сенің ерке жаныңа
Бұлбұл әнін мен төгейін
Өзің еккен бағыңа, беу, жеңеше-ай
Аққуындай аралдың
Қандай нұрдан жаралдың
Жадыраған жаның гүлдей жеңеше-ай
Мінезіңді сағындым ғой
Аралдағы жеңеше-ай
Жеңеше-ау, ақ жүректі, пәк жүректі
Ағаның өзіңдейсің
Кездеріңді сағындым ғой
Наздана әзілдейтін
Аққуындай аралдың
Қандай нұрдан жаралдың
Жадыраған жаның гүлдей жеңеше-ай
Мінезіңді сағындым ғой
Аралдағы жеңеше-ай.

Әсем әнді бүгінге дейін Нариман Үлкенбаев, Өмірқұл Айниязов, Арайлым Рахым, Ақерке Иматаева, Қуаныш Алғазиев, Жеңіс Қырымов секілді әншілер орындап жүр.

Қаныбек Әбдуов
Бөлісу: