Теңге тұрақты болу үшін не істеу керек? Сарапшылар жауап берді

15 Қараша 2023, 11:30 3353

Тәуелсіздігіміздің нышаны төл теңгемізге биыл – 30 жыл. Осы уақыт аралығында теңге өзінің кескін-келбетін өзгертіп, құнын да сан мәрте құбылтты. Осыған орай El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сарапшыларды сөзге тартты.

Теңге тұрақты болу үшін отандық тауар өндірушілерін дамыту керек

Экономист Бауыржан Ысқақов теңгенің тұрақты болуы әрдайым маңызды екенін атап өтіп, оған әсер ететін факторлар турасында айтып берді.

Қазіргі уақытта теңгенің долларға шаққандағы құнының төмендеуіне көптеген факторлар әсер етеді.  Бұған Ұлттық банкті ғана біржақты сынай беруге болмайды. Бұл кешенді жұмыстың нәтижесінің төмендігінен деп ойлаймын. Ең бірінші, теңгенің өтімділігі маңызды. Теңгеге деген сұраныстың жоғары болмағандығы немесе біздің жалпы ішкі өнімдегі теңге үлесінің төмендігі экономиканың, бюджеттің бөлігін қалыптастыратын кірістердің теңгемен емес тек доллармен келіп жатқандығын көрсетеді. Яғни, біздің бюджеттің 65-70 % дейінгі кіріс мөлшері экспорттың төлемдерімен байланысты, – дейді экономист.

Сарапшы «өнімдерді тек долларға сатамыз. Доллар біздің экспорттық төлемнің басым бөлігі болып табылады. Десе де, ұлттық мүдде тұрғысынан теңге құнының жоғары болғандығы керек» деп отыр.

Бұл тұрғыдан Ұлттық банк тек баға саясатына ғана әсер етеді. Сол үшін Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе жұмыс жасауы тиіс. Бұл тікелей кешенді жұмыстың нәтижесінде болатын жайт. Ұлттық теңгеміздің құнын бір қалыпта ұстау маңызды. Ұлттық теңгені пайдаланатын қарапайым халық. Олар сол қаржымен  үй, көлік, тамақ сатып алады. Ал халықтың қалтасына тікелей әсерін тигізетін азық-түлік, киім-кешек басқа да қажеттіліктерді Қазақстанда шығаруды қадағалайтын болсақ, біздің теңгеміз бұрынғыдай сыртқа кетпейді. Керісінше өзімізден шығатын отандық тауарды пайдалансақ, теңгеміздің көп мөлшері қалтамызда қалады, – дейді Бауыржан Ысқақов.

Сондай-ақ, экономист елімізде кейбір сәтсіз одақтар барын тілге тиек етті. Мәселен ЕЭО инфляцияның туындауына алып келіп отырғанын айтты.

Ресейдің инфляциясы елімізге кері әсерін берді. Ресейдің тауарын көп пайдаланамыз. Сол елдің тауарымен қоса инфляциясын да сатып алып отырмыз. Сол үшін неғұрлым отандық тауар өндірушілерін дамытатын болсақ, соғұрлым біздің теңгеміз тұрақты болады. Қазіргі теңгеміздің дизайынына көңілім толады. Бұрынғы ұлт зиялылары мен Алаш азаматтарын қоюға болатын еді. Бірақ қазіргі дизайыны қауіпсіздік жағынан сапалы жасалған, – деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Мемлекет өз валютасына қалай ие болу қажет?

Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің сөзінше, өз валютасына ие болу – мемлекеттің өз ақша-несие саясатына ұмтылуының белгісі, күрделі де жауапты қадам. Әлемнің көптеген елдері әртүрлі себептермен өз валютасынан бас тартқанын айтады.

Өз валютаңызды иеленудің бірқатар абсолютті артықшылықтары бар. Олардың біріншісі ақша-несие саясатының тәуелсіздігі. Бұл ақша массасын реттеу, пайыздық мөлшерлемелерді басқару және инфляцияны бақылау үшін маңызды. Үкімет өзінің макроэкономикалық мақсаттарына жету үшін пайыздық мөлшерлемелерді өзгерту немесе қосымша ақша массасын шығару сияқты әрекеттерді жасай алады, – дейді қаржыгер.

Сарапшы дұрыс ақша-несие саясаты жүзеге асырылса, үкімет экономикадағы тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз ете алатынын айтады. Бұл инвестиция тарту және қаржы жүйесіне деген сенімді сақтау үшін маңызды.

Мемлекеттің өз валютасына ие болу сыртқы саудаға үлкен бақылау береді. Бұл экспортты қолдау немесе ағымдағы шотты басқару үшін ақша-несие саясатын қолдануға септігін тигізеді. Өзінің валютасы да ішкі нарықты валютаның құбылуынан қорғайды. Үкімет шетел валютасын пайдаланған кезде оның макроэкономикалық тұрақтылығына әсер ететін валюта бағамының өзгеру тәуекеліне ұшырайды. Бұл фискалдық тәртіпті сақтау үшін де маңызды, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ, қаржыгер өз валютасын пайдалану мемлекетке егемендіктің маңызды аспектісі бола алатын басқа елдер мен халықаралық институттардың ақша-несие саясатына тәуелділіктен құтылуға мүмкіндік беретінін айтты.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: