Теміржолшылардың зейнетке шығу жасын 55 жасқа дейін төмендетіп, жалақысын көтеру қажет – Геннадий Шиповских

19 Қазан 2023, 12:12 1806

Сенат отырысында депутат Геннадий Шиповских ҚТЖ қатардағы қызметкерлерінің зейнеткерлік жасын 55 жасқа дейін төмендету керек екендігін айтып, депутаттық сауал тастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, теміржол саласы қызметкерлерінің өмірін жақсарту саласында көптеген мәселе бар. Сенатор елімізде саланы дамыту үшін тіпті жаңа министрлік құрылғанын атап өтті. Алайда депутат атап өткендей, мемлекеттік орган теміржолшылардың негізгі мәселелерін, оның ішінде жалақының төмендігін, тұрғын үйдің жоқтығын және зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін әлі шешкен жоқ.

Сенатор, Көлік министрлігінің ақпаратына сүйене отырып, ең төменгі санаттағы «байланыс және дабыл» мамандарының жалақысы Ақтөбеде 382 мың теңгені, Қызылордада 354 мың теңгені, ал ең төменгі санаттағы «жолшының» жалақысы Абай облысында 280 мың теңгені және Павлодар облысында 280 мың теңгені құрайтындығына назар аударды. Сенатордың сөзіне қарағанда, бұл шындыққа сәйкес келмейді.

Өңірлердегі теміржолшылардан алған мәліметтерге сүйенетін болсақ, ең төменгі санаттағы «байланыс және белгі беру» мамандарының қолға алатын жалақысы Ақтөбеде жобамен 200 мың теңге, Қызылордада 180 мың теңге, дәл солай ең төменгі санаттағы «жол жөндеушінің» жалақысы Абай облысында 160 мың теңге, Павлодар облысында 205 мың теңгені құрайды. Министрлік пен өңірлердегі теміржолшылардан алған ақпараттың екеуі екі түрлі. Біз қайсысына сенеміз? Әрине, халықтын ақпаратына сенеміз, - деді ол.

Сенатор осы деректерді алға тарта отырып, теміржолшылардың мәселелерін толығымен шеше алатын бірқатар шешім ұсынды. Қазір бұл салада 140 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Біріншіден, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жылдық табысын, мемлекет тарапынан берілетін субсидияны және инфляцияны ескере отырып, темір жол саласының қарапайым жұмысшыларының жалақысын көтеру керек. Екіншіден, темір жол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпаративтік келісім немесе басқаша тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, темір жол қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі керек, сондай-ақ бағдарламаның тетіктерін барлық өңірлерге енгізіп, жергілікті атқарушы органдармен нақты алгоритмі жасалуы тиіс, – деді сенатор Геннадий Шиповских.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: