Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында теміржол саласы мен транзиттік әлеуетті дамыту бағытында бірқатар мәселелерді атап, жауапты министрлікке тапсырма берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналдыру бағытында нақты міндеттер қойды. Бұл ретте, теміржол саласының даму әлеуеті жоғары екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ ол ішкі және транзиттік жүк тасымалын арттыруда шешуші рөл атқарып отыр. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін біз қолданыстағы темір жолдар мен логистикалық орталықтарды жаңғыртып, жаңаларын салып жатырмыз, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ премьер-министр вагон паркін жаңарту жұмыстары да тұрақты жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл еліміздің көлік жүйесінің тиімділігін және оның өткізу қабілетін барынша ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2029-шы жылға қарай транзиттік тасымал көлемі 28 млн тоннадан 45 млн тоннаға дейін, ал транзит жиырма футтық баламадағы 2 млн контейнерге дейін өседі. Сонымен қатар, тиісті шешімдерді талап ететін мәселелер де бар. Өздеріңіз білетіндей, Орталық Азия елдерінің көпшілігі өз инфрақұрылымын дамытып, халықаралық көлік бағыттарындағы ойыншылардың қатарынан орын алуға талпынып отыр, - деді Бектенов.
Сондықтан Үкімет басшысы ел аумағындағы инфрақұрылым мүмкіндіктерін арттыра түсу керек екенін алға тартты.
Кедергілер мен шектеулерді алып тастап, «Шығыс-Батыс» бағытындағы транзиттік тасымал көлемін ұлғайту қажет. Көлік-логистика жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, серіктестерге біздегі маршруттар мен қызметтердің тиімділігін көрсете білуіміз керек. Аталған бағыттарда жұмыс тұрақты түрде жүруге тиіс. Мысалы, былтырдан бері 2,8 мың шақырымнан астам темір жол жөнделді. Салық жүйесі мен теміржолдың ақпараттық жүйелері интеграцияланды. Алайда бизнес тарапынан шекарада жүктердің тұрып қалуына қатысты шағымдар әлі де жалғасуда, - деді ол.
Олжас Бектеновтың сөзінше, теміржол вокзалдары мен станцияларының жағдайы да сын көтермейді. Олардың шамамен 90%-ына жөндеу жұмыстары қажет. Осыған байланысты премьер-министр Үкіметке мынадай тапсырмалар берді.
Бірінші. Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеп, қаржыландыру көздерін анықтасын. Бұл магистральдық теміржол желісі мен вокзалдарды жөндеуге де қатысты.
Екінші. 2028-ші жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мың бірліктен асатын болады, бұл ішкі сұранысты толығымен жабуға мүмкіндік береді. Алайда жеке тасымалдаушылар вагондарды жаңартуда қиындықтарға кезігіп отыр. Сондықтан Көлік министрлігі жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын әзірлеуі қажет. Бұл өз кезегінде, жолаушылар тасымалының сапасына да оң әсерін тигізеді.
Үшінші. Теміржол жүктерін ауыстырып тиеу көлемін ұлғайту және теңіз тасымалының әлеуетін арттыру үшін Ақтау портының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жеделдету қажет. Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» алдағы жылы контейнерлік хаб салып, Ақтау портының түбін тереңдету жұмыстарын аяқтасын.