Қарағанды облысының бас полицейі Негмет Исмагулов жұмыс сапарымен Теміртау қаласында болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Полиция полковнигі қалалық полиция басқармасының ғимаратында биыл іске қосылатын Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Жедел басқару орталығына қала бойынша орнатылған сегіз мыңнан астам бейнебақылау камераларының үш мыңға жуығы қосылатын болады. Соның нәтижесінде тәртіп сақшылары қаланың криминогендік ахуалымен қоса, білім беру ұйымдары және бала бақшалардағы қауіпсіздікті де қадағалай алады. Жедел басқару және ситуациялық орталықтың жұмыстарын қадағалап, жақын арада іске қосуды тапсырған өңірдің бас полицейі полиция басқармасының мәжіліс залында жеке құраммен кездесті. Ондағы мақсат - тәртіп сақшыларына ішкі істер министрінің қойған тапсырмаларын жеткізіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында міндеттер жүктеу.
Әр қылмыстың артында адам тағдыры тұр. Сондықтан біз қылмысты ашу және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында тиісті жұмыстарды жүргізуіміз керек. Жолдағы қауіпсіздік те басты назарда болуы қажет, - деді Негмет Исмагулов.
Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, Теміртау қаласында тәртіп сақшыларының атқарған жұмыстарының нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны азайып, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, алаяқтық, интернет-алаяқтығы сияқты қылмыстардың тіркелуі төмендеген.
Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстарды азайтуды тапсырған департамент бастығы биылғы жыл министрдің нұсқауымен "Профилактика жылы" болып жарияланғанын да еске салды.