Темірхан Дайырбек Париж-2024 Паралимпиада ойындарына лицензия ұтып алды

21 Сәуір, 13:10 547

Бүгін қазақстандық пара спортшы Темірхан Дайырбек академиялық ескек есуден Азия чемпионатында жеңіске жетіп, Париж-2024 Паралимпиада ойындарының лицензиясына ие болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Чемпионат 18-21 сәуір аралығында Оңтүстік Кореяның Чунджа қаласында өтті.

Темірхан PR1m1X академиялық ескек есуден 2000 м қашықтықты 9 минут 38.81 секундта өтіп, бірінші орынға ие болды.  Екінші орынды 9:40.52 нәтижесімен Жапондық спортшы Мори Такуиа иеленді, ал үшінші орынға 10:01.15. уақытымен Шри-Ланканың спортшысы Приамал Джакоди тұрақтады.

Темірхан Дайырбек - 2004 жылы туылған, Түркістан облысының спортшысы. Пара академиялық ескек есумен тек 1 жыл ғана кәсіби тұрғыда айналасып келеді. Оның жеке тренері Фаррух Хамракулов.

Бұл қазақстандық спортшылардың Париж-2024 Паралимпиада ойындарына ұтып алған 12-ші лицензиясы. Бұған дейін пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара каноэдан Бибарыс Спатай, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков,пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама командасы, пара жүзуден 3 лицензия және пара таеквондодан Камиля Досмалова, Нышан Омирали және Нұрлан Домбаев алған болатын.

Айта кетсек 17-ші жазғы Паралимпиада ойындары биыл Парижде 28-ші тамыз бен 8-ші қыркүйек аралығында өтеді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: