«Темір жинап, нан алған күндер болды». Елдос Сметов қиын кезеңдерді басынан өткергенін айтты

12 Қыркүйек, 12:19 590

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов «Түнгі студия» бағдарламасына қонаққа келіп, бала кезінде басынан өткерген қиындықтары туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол анасының бір табақ ұн үшін жұмыс істеген күндерін есіне алды.

Бала кезімізде көшеден темір жинап өткізген сәттер болды. Ата-анамыз жұмысқа кеткенде кейбір кезде үйде нан болмай қалып қарнымыз ашатын. Кейде ашпыз, кейде тоқпыз. Қазір Аллаға шүкір әрқайсымыздың отбасымызда нанымыз бүтін. Дастарханымызда түк жоқ деген күннің өзінде нан, шай, кәмпитіміз тұрады, - деді дзюдошы.

Сонымен қатар спортшы жұлдыз ауруымен ауырмайтынын да жеткізді.

Мен ата-анамның біз үшін қалай еңбек еткенін көрдім. Оның бәрі есімде қалғаннан кейін қазір тәкаппарлыққа, жұлдыз ауруына шалдығуа жол бере алмаймын. Ауылда тұрдық, әкем қалаға кетіп, құрылыста жұмыс істеді. Анам үйде отырды. Бір тостақ ұн үшін біреудің үйін тазалаған сәттері болды. Оны өз көзіммен көріп өстім. «Мама, қарным ашты, нан жегім келіп тұр» деген кезде анам балаларының бәрін құшақтап жылайтын. Мұның бәрі кеше болғандай көз алдымда тұр. Оны ұмытып кетсем, баршылыққа, атақ-абыройға мастанып кетсем ол менің надандығым болады деп ойлаймын, - деді спортшы.

Дзюдошы бала кезіндегі қиын күндер жетістікке жетуге мотивация болғанын жасырмайды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: